Өлеңдер ✍️

  25.03.2022
  142


Автор: Абдрахман Асылбек

Аюлардың әулеті

Аюлар бірде кеңесті,
Кеңескенде не десті?
Тексере келіп тектерін,
Бірімен-бірі егесті.
Ақ аю тұрып алдымен,
Ақырын ғана алды дем:
– Үш түрлі түсті әулеттің
Үлкені, ағы, алды мен!
Болсам да момын әсте мен,
Басқалар менен пәс, төмен.
Тамаша, думан-тойларда
Тартылар маған бас деген..
Күлімдеп кенет кез алды,
Ортаншы аю сөз алды:
– Айтысар жерге келгенде,
Қай аю менен оза алды?
Алпамса, алып омырау,
Түсім де әсем қоңыр-ау.
Мықтысы менмін аюдың,
Дауысым күміс қоңырау...
Жатқанда сөйлеп бар аю,
Қалсын ба қарап қара аю:
– Жасымды кіші демесең,
Менмін ғой нағыз нән аю.
Тарта бер бірің лауыңды,
Айта бер бірің дауыңды.
Жауынгер жалын жүрекпен
Жайратам барлық жауымды!..
Аяңдап келіп алыстан,
Ақылын айтты Арыстан:
– Аталас туған аюлар,
Жөн болар еді табысқан.
Бөлініп босқа не етесің?
Күлкі боп досқа өтесің.
Жалақтап жүрген бөрінің
Аузында жем боп кетесің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу