Өлеңдер ✍️
Қазақпын
Төрін көрген тозақтың,
Бастан өткен азап күн.
Қажымайтын, талмайтын,
Қайыспайтын қазақпын!
Ата зарын тыңдаған,
Майысқан тек, сынбаған.
Қасіретке қыңбаған,
Жылап тұрған қазақпын,
Құлап – тұрған қазақпын,
Тағдыр өзі шындаған!
Қанша ғасыр тарыққан,
Домбырадан зар ұққан,
Қобыз болып қамыққан.
Елдік үшін бәс тігіп,
Алты малта ас қылып,
Арғымағын арытқан!
Андыздаған әр тұстан
Қызғанышпен шарпысқан,
Кегін түртіп бар дұшпан,
Жанған оттай – қазақпын,
Қайта оянған тартыстан.
Келді, міне, азат күн,
Азат күнім – ғажап күн!
Жерім, елім – арым ғой,
Арына құл – қазақпын!
Қорғар заңын, жарғысын,
Арпалысқан халқы үшін,
Мен тәуелсіз қазақпын,
Бойға жиған бар күшін.
Көк байрағым – аспандай,
Дос құшаққа асқан бай.
Қазақпын деп жар салам,
Жалтақтамай, жасқанбай!
Шуақ шашқан ақ таңым,
Саған теңеу таппадым.
Қаным, жаным, өзегім,
Мәңгілікке – мақтаным!
Сенсің - өлең, наз әнім,
Сенсің – мерей, ғажабым.
Өмірімнің мәні жоқ,
Сенсіз менің, қазағым!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter