Өлеңдер ✍️

  18.09.2021
  151


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Шолпан

Ақтоқтысың Ақан жанын
Жалыныңмен баураған.
От көзіңнің ұшқынынан
Өлік кеуде лаулаған.
Ақыл, мінез, көркіменен
Табындырған Абайды
Тоғжан да сен тал бойынан
Көктем ескен арайлы.
Самал болып аялаған,
Бала ноян Қозыны
Тұр-ау сенде
Ақ Баянның,
Маусым көркі, жаз үні.
Адам пенде махаббатын
Аспандатқан Еңліксің
Ер қаруы қолында ойнар
Тұла бойың ерліксің.
Ел тағдыры, ер намысы
Сынға түскен жорықта
Қобыландыға серік болған
Дана ару Құртқа –
Қазақтың бұл абзал жанды
Қыздарының тұлғасын
Нәзік сырын, пәк сезімін
Тал бойыңа жиғасың.
Бейнелеген сан ғасырлар
Армандаған сезімді,
Сияр деймін барлығынан
Дана десем өзіңді.
Өнерімен сүйсіндірген
Талғамы мол ортаны,
Жасай берші өскен қазақ
Өнерінің Шолпаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу