Әңгімелер ✍️
СҮГІРДІҢ ТІНЕЙ ТАЛПАҚ БАЙДЫҢ ҮЙІНДЕ БОЛУ
Сүгір жас кезінде ел аралап жүріп, жаздың бір күнінде Тіней Жұбанұлы Талпақ байдың ауылына келеді. Байдың бәйбішесі төрт-бес әйел болып киіз басып жатыр екен, Сүгірге:
– Шай ішсең, жата тұр. Қолымыз тимей жатыр, –дейді.
Әрі-бері жатқан ақын бәйбішенің асықпас сыңайын байқап, орнынан тұрып:
– Мен асығыс едім, жүремін, – десе,
– Асығыс болсаң кете бер. Сені кім ұстап отыр? – дейді бәйбіше. Мына сөзге ренжіген Сүгір атына мініп тұрып, домбырасын суырып алып ат үстінде:
Мынадан келіп ауылыңа
Сыртыңда жаттым-екпемнен,
«Жоғал» деген бір сөзің
Өтіп кетті өкпемнен,
Басқа біреу болғанда
Тарттырар едім сазаңды,
Әдебім ұстап, өзімді
Ұялып кетіп барамын
Қаракісі, Талпақ бектерден.
Сөйлей берме, құдағай –
Әрі-бері қарғадың,
Жаттым соған шыдап-ай,
Саған жазған жазығым
Бір шәйнек ақ су сұрап-ай.
Суың қалды жаныңда-ай,
Мен көрмедім Адайда
Сен секілді залымды-ай.
Ашаршылық жоқ еді –
Неге сонша сасасың,
Ырысыңды тартып алам ба,
Неге менен қашасың?
Жара баққан мен емес
Шешек тұқымын шашатын,
У зияндас емеспін –
Жақындаған әйелді
Ал басты болып басатын.
Баласы қайда байлардың
Аулына қонақ келгенде
Балпаңдай басып шығатын?
Әйт дейтұғын әже жоқ,
Қой дейтұғын қожа жоқ –
Көргені жоқ бұл сабаз
Кім иттің қызы ед
бұл қатын?...
деп, атын қамшымен бір ұрып жүріп кетеді.
Жырау ауылдан алысқа ұзамай-ақ Талпаң бай ауылына келіп, хабарды естиді де:
– Кім дейсің, Сүгір мен Ұзақбайдың бірі шығар. Тез қуып жетіп шақырып кел,– деп бір жігітті Сүгірдің ізімен жібереді.
Әлгі жігіт кеп ұзамай Сүгірді артынан қуып жетіп тоқтатып:
– Көкем сізді шақырып жатыр, – дейді.
– Көкең кім?
– Талпақ, – деп жауап береді жігіт. Сүгір ішінен: «Япырмай, ұят болды-ау» деп ойлап, жігіттен манағы бәйбіше қай ауылдың қызы деп сұраса, Мұңалдың қызы екен, апасы болып шығыпты. «Әй, не болса да бара көрермін» деп ауылға келсе, Талпақ бай сыртта күтіп тұр екен, сәлемдескен соң:
– Сүгірмісің? Не болып жүр саған қатынмен қатын болып? – дейді күліп.
Далада көлеңкеде мал сойылып жатыр екен. Үйге кірсе дастархан жасаулы, шай дайын. Қолын жуып, төрге озғасын Сүгір манағы бәйбішеге көзі түсіп кетсе, ол өзінен өзі ашулы отыр екен. «Қой, бүйтіп ішкен шай бойға тарамас, өкпесін тарқатайын» деп қолына домбырасың алып, жырау сол жерде өлең басады:
Адасып айтқан бір сөздің
Кердің ғой мана көшесін,
Қателестік, жаңылдық –
Енді айталық есесін.
Тіл тимейтін жан бар ма
Араға шайтан кіргенде,
Әркімдер де қайтарған
Әкесі менен шешесін,
Жақсыға жанай сөз айтқан
Бұрыннан қалған нақыл да,
Тәңірім желсөз бергесін,
Інісі үйге келгесін
Сыбағасын алсын апам да.
Әйелдің ерден несі кем –
Толысып жетсе қатарға,
Бұрынғының жолымен
Мұңалдан келдің Қосайға,
Дәулеті «Алхам» оқылып
Адайдан шыққан парымен
Дәурен сүріп отырсыз
Бейбітшілік дәбімен.
Келбетіңе қарасам:
Көбеже қарын, кең құрсақ,
Мақтаған емес – дұрысы-ақ,
Ар жағынан айтқанда
Мұңалға кетер сөз құрсақ.
Үйіңе келіп отырған
Мен де Мұңал – ініңіз,
Жыршылық еді кәсібім –
Өтірік емес – шынымыз.
Ішінен Бекет-пір өткен
Туына елді түнеткен
Әли менен Бәйімбет,
Жаулы менен Шоғымыз.
Отырсыз, міне, Қосайда.
Асылдан жаулық салынып
Сары алтын түйме тағынып,
Сіздің үшін шәй-шекер .
Шәһәрден отыр алынып.
Жас елуден өткесін
Сізге қазан не керек –
Намазыңды оқып, тәубе ет
Бір Аллаға жалынып.
Мал мен бас қатар біткесін
Сен бір әйел екенсің
Тұсауың кеткен алынып,
Қызметің де көп екен
Жүрген адам сабылып,
Бұл секілді дәреже.
Мұңалдың қызы болғасын
Сіз көтеріп отырсыз,
Басқа біреу болғанда
Әлдеқашан, апеке-ау,
Кетуі мүмкін жарылып... дейді.
Сонда ашулы отырған апасы күліп жіберіпті. Үй іші жадырап, шай ішіліп, түнімен жыр жырланып, ертеңіне кетерде жырауға атақты бай үстіне шапан жауып, астына ат мінгізіп аттандырыпты...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter