Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  203


Автор: Қадыр Мырза Әли

Адамның бағасы

Гранитті құм қылған да адамдар.
Мәрмәріңді ұн қылған да адамдар.
Шындығыңды айналдырып жалғанға,
Жалғаныңды шын қылған да адамдар.
Жалғыз үйді ел қылған да адамдар.
Жапан түзді жол қылған да адамдар,
Шөлейтіңе көл әкеліп көгілдір,
Көлдің орнын шөл қылған да адамдар.
Жез бен мысты пұл қылған да адамдар.
Падишаңды құл қылған да адамдар.
Құла жонды гүл қылған да адамдар,
Гүлдің орнын күл қылған да адамдар.
Тегіс жерді тау қылған да адамдар.
Тақыр жерді тау қылған да адамдар.
Бір-бірімен достастырып дұшпанды,
Достарыңды жау қылған да адамдар.
Адам салып,
Адам бұзған бар қала.
Ылғи мақтап,
Ылғи оны қарғама!
Жақсы деу де,
Жаман деу де аз оны —
Адам үшін жеткіліксіз бір баға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу