Өлеңдер ✍️

  22.07.2026
  49


Автор: Самрат Құскенов

«АҚҚА ҚҰДАЙ ЖАҚ...»

 


Арамдардың жүргендіктен дәуірі,
Адамдардың қор боп бітті тәуірі.
Арыстанды қамаған соң түрмеге,
Қандендердің тиылмайды шәуілі.


Маңайымыз болғандықтан түлкілі,
Қулығымен өлшенеді бүлкілі.
Жұрт ақысын жеген шалқып жүргенде,
«Аққа Құдай жақ» дегенің – күлкілі.


Қалған болса, біреудің көз жасына,
Неге байлық, бақ қонады басына?
Қаскүнемдер жайлы өмір сүргенде,
Қарағың да келмес адал асыңа.


«Ей, көз жасы жібермейді» делінген,
Аталы сөз қай сорлыға телінген?
Маңдай терін төгетіндер еленбей,
Жай жүргеннің асы құтпен желінген.


Бұл заманда көңіліміз лайланған,
Иман толы жүрегіміз шайланған.
Еңбекқорлар далада қап сорланса,
Еріншектің екі ұрты майланған.


Арамзалар үйір болып қасыңа,
Айналады бірден өттің тасына.
Жұмысыңа құштарлығың тартпайды,
Гүлдей жайнап, құлпырған соң ашына.


Жоғалды да ақиқаттың киесі,
Жалақордың қалыңдады күйесі.
Құдай біздің жолымызды аша ма?
Зардап шекпей, қиянаттың иесі.


Ақиыққа қашан ақы төленген?!
Алаяқтар көрінген соң көреген.
Қанша жанға тигенімен зияны,
Зиялы боп сый-құрметке бөленген.


Пәк сезіммен іздеп тәннің тазасын,
Шығарғанбыз талайдың жан азасын.
Жер бетінде орнамайды ізгілік,
Құдай бермей зиянкестің жазасын.


Ақын жаны асаулықпен есірсін,
Қаскөйлердің жолы мүлде кесілсін.
Әділдіктің орнағанын тілеймін,
Қатты кетсем, Құдай өзі кешірсін! 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу