Өлеңдер ✍️
ЕСІЛ-ЖҮРЕК
Зікібаев Есләмды оқыдың ба?
Жүрек назын жүрекке тоқыдың ба?
Әр шумақта тербеліп Есіл-сезім,
Ақын сырын тереңнен шоқыдың ба?
Жырдан тапқан ертеден жан азығын,
Бұйырмаған өзіне мазалы күн.
Төрт құбылаң төрт жолға сыймай тұрса,
Жүректің сыз-жарасын жазады кім?
Қас-қабағын бақпаған әкімдердің,
Жақынына айналған ақын елдің.
Биігінен ешқашан төмендемей,
Бейнесінде қалған ол татымды ердің.
Өзін өрге сүйреді өлеңімен,
Арай көріп халқының өренінен.
Мансап, байлық ақынға сыңар болмай,
Шығып кетті адамның көлемінен.
Елеңдеді қиялдың қиырына,
Үлгілі боп елінің би ұлына.
Адал, әділ, турашыл бола білді,
Бас ауыртпай биліктің «тыйылына».
Келтіре алмай өзі күй-табағымды,
Алып келем, өмірден сабағымды.
Көбі мені Есләмға ұқсатады,
Баға білген ағайын қабағымды.
Найзағайдай тұлғаға жасын ерген,
Махамбеттер ұлтым деп басын берген.
Жырын берсін Құдайым, жырын берсін,
Зікібаев Есләмның қасын берген.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇