Өлеңдер ✍️
КӘРІ ҚАҚПАС
Қатты айтсаң, жағаңа жармасады,
Ой-пікірің санада қалмасады.
Шындық қашан жалғанның орнын баспақ?
Күн мен түн де алты айлап алмасады.
Бұрынғының шалдары – ұлыс еді,
Не айтса да, әр сөзі – құрыш еді.
Жастан басқа айтары жоқ адамдар,
Үйде тыныш жатқаны дұрыс еді.
Айғайлап бос шелектей даңғырады,
Қонақтаған құстай кеп саңғырады.
Философияң керек жоқ деп шырылдап,
Кейінгінің алдында қаңғырады.
Бейқам сөйлеп, қиялын аралайды,
Білгішсініп әр нені саралайды.
Қол көтертіп қояды деп ақталып,
Боғымен жас басшыны қаралайды.
Стипендия алғанда жасарады,
Қартайғанын заманмен тасалады.
Болам деген жастардың жолын жауып,
Барлық жағдай өзіне жасалады.
Аға буын аптығы басылмай тұр,
Абыройы қалайша шашылмай тұр?
Кәрі қақпас аяққа оратылып,
Болашаққа даңғыл жол ашылмай тұр.
Бас идірмей саясат бақалына,
Айналамыз қоғамның шақарына.
Сақал емес, еңбегін сатқан құнды,
Құлақ түрсек, қазақтың мақалына...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇