03.07.2026
  22


Жетістікке жету таланттан ба, әлде еңбектен бе?

Қазіргі заманда әлеуметтік желіден екінің бірі жетістікке жеткенін көріп жатамыз. Кейбіреулер ҰБТ-дан 140/140 балл жинап жатса, енді бірі халықаралық университеттерден шақырту алып жатыр. Айта берсек, түрлі салада жетістікке жетіп жүрген адамдар көп. Осы орайда көпшіліктің көкейінде мынадай сұрақ туындайды: жетістікке жетудің сыры неде? Жетістікке жету таланттан ба, әлде еңбектен бе?


Біреулер жетістікке жетудің басты сыры – табиғи талант десе, енді біреулер қажырлы еңбек бәрінен маңызды деп есептейді. Шын мәнінде, талант адамның қабілетін айқындаса, еңбек сол қабілетті дамытып, үлкен нәтижеге жеткізеді. Мысалы, Қаныш Сәтбаев Жезқазған өңірінде мол мыс кені бар екенін дәлелдеді. Сол кезде көптеген мамандар бұл аймақта ірі кен орны жоқ деп есептеген. Алайда ол ұзақ жылдар бойы зерттеу жүргізіп, тынымсыз еңбегі мен табандылығының арқасында өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеді. Соның нәтижесінде Жезқазған әлемге әйгілі ірі мыс кен орнына айналды. Бұл жетістік талантпен қатар қажырлы еңбектің де маңызды екенін көрсетеді.


Ұлы ойшыл Уильям Шекспир: «Жетістікке жетудің үш ережесі бар: өзгелерден артық білу, өзгелерден көп еңбектену және өзгелер күткеннен азға үміттену», – деген. Бұл нақыл сөз жетістікке жетудің негізі үздіксіз еңбек, табандылық және мақсатқа адал болу екенін аңғартады.


Өкінішке қарай, біздің қоғамда бір істе сәтсіздікке ұшыраса, көптеген адамдар тез беріліп, өзіне деген сенімін жоғалтып жатады. Алайда дәл осындай қиындықтар адамды шыңдап, тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір сәтсіздікті жеңіліс емес, жетістікке бастайтын баспалдақ ретінде қабылдау қажет. Қорытындылай келе, жетістікке жетудің бір ғана құпиясы жоқ. Талант адамға мүмкіндік берсе, сол мүмкіндікті шынайы жетістікке айналдыратын – еңбек, табандылық және үздіксіз ізденіс. Қандай мақсат қойсаңыз да, қиындықтан қорықпай, еңбектенуден жалықпаңыз. Себебі нағыз жетістік – маңдай тер мен төзімділіктің жемісі.


                                                                      Есламбек Назерке


11сынып оқушысы


Целиноград ауданы


 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу