Өлеңдер ✍️

  15.06.2026
  19


Автор: Оралбек Бек

ТӨРТТАҒАНДАР (30)

 


Қыс шегінді, қар кетпеді бірақта,
Жал-жал болып жатыр шөгіп қыратта.
Алақаншық ирек-ирек із тастап,
Мұз-сүңгілер сыңғырлайды бұғатта.
***
Ұшып қонып ұсақ құстар бытырап,
Пысқырынып саяқ жүрген қысырақ.
Қасқа көлің толғатып тұр ыңырсып,
Көктемнен хат келіп, мұзы шытынап.
***
Шытыр-шытыр көлдің бүтін жағасы,
Шайқатылып қамыс басқан саласы.
Қыс та түсті өз жолына - жоқ болды,
Тұрған бойы еріп кетті шамасы...
***
Қарайтындай қанша дарын қызғана,
Бұл табиғат қалай-қалай сызған, ә...
Картинасын жаза алмайтын жүз дана,
Көлдің беті бұйра-бұйра мұз қала.
***
Табиғаттың поштасы да ептірек,
Бар ғой оған айдан, күннен көп тірек,
Алабұға жолын ашып аларып,
Бұл да жатыр мұзды астынан тепкілеп.
***
Мұздың жаны барын ешкім білмейді,
Судың жанын ешкім көзбен көрмейді.
Айдын көлге зәр сындырғыш нақұрыс,
Қора жайын тасқын жұтса тілдейді...
***
Берсем дейтін бір жақсылық көктемге,
Әркімде бар сағынышты от кеуде.
Бәрінен де самалды айтсай жып-жылы, -
Алтынкүрек гүл шашып жүр беткейге.
***
Аққу, қаздар арманы үшін ұшады,
Қанатынан ән саулатып, мысалы...
Ақша бұлт та көктем нұрын төгіп тұр,
Ақ жаңбырға толып кеткен құшағы!
***
Тірі жанға болғаннан соң керегі,
Көктем өзі іздетпей-ақ келеді.
Қарлығаштар асыр салып соңынан,
Желбірейді қызғалдақтар желегі.
***
Бәрін... бәрін, жүрсің өзің аңғарып,
Сұлулардың құны қырық жорғалық.
Көңілдегі көктеміңді іздесең,
Қаратаудың қалыңына көр барып.
***
Қаратаудың көрсең көркін - айбыны,
Ұмыттырып жібереді қайғыны!
Біреулер жүр туған жерін ұмытып,
Жетектегі ит секілді қарғылы.
***
Дала көркін көргің келсе шынымен,
Дос бола біл күнімен де түнімен.
Көздеріңе жұлдыз қонған кештердің,
Сұлулығы бірі өтеді бірінен.
***
Балауса гүл, бұлқынып тұр желменен,
Өйткені ол әлі ештеңе көрмеген.
Білмейді ғой махаббаттың соқпағы,
Жүретінін тек бір мұңды жерменен.
***
Арабамның доңғалағы шиқылдап,
Қасқа жылдар өзімнің де сиқымды ап.
Қара өлеңнен артылмаса қайтейін,
Жиған-терген мүкамалым қиқымдап...
***
Уа, туған жер! Қайран өлкем боз далам,
Ниетімді қабыл алшы аздаған.
Бозторғайың боз таңдарда ән салсын,
Түйең емес жантақ қуып боздаған!
***
Ат тұяғын күйдірген тұс бұл да бір,
Мендік өлең лапылдаған құмда жүр.
Сахараның сыры мәлім білгенге,
Кім іледі от тауына сырға-жыр!..
***
Көп білгеннің намысы да тапталар,
Уақыт өтер, тапталғаның ақталар.
Кетсе кетсін батпағына шошқалар,
Көкіректе маздау қалар, шоқ қалар!
***
Жата-жата шырмауында себептің,
Көзді жұмып талай ойды елеппін.
Жел тимесе қор болады - тапқаным,
Жапырағы сұңғақ бойлы теректің!
***
Жүрген кез ғой ішінде мың сұрақтың,
Бір өзеннің шүңетіне құлаппын.
Төсегімнен қарғып тұрсам тұншығып...
Түсім екен, өзімді өзім жұбаттым.
***
Өшіргендей жарығын бір желіккен,
Бүгінгі күн қаратүнек, неліктен?
Мені қойшы, мүжік миын, мыжғылап,
Отыр міне, уақыт-баба деміккен...
***




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу