Өлеңдер ✍️

  15.06.2026
  27


Автор: Оралбек Бек

ТӨРТТАҒАНДАР (25)

 


Адам мұңға батпайды ғой құрдан құр,
Бәлкім қиғаш тартты ма екен сұм тағдыр.
Қару етіп қауырсынды жалғыз тал,
Бұрқыратып жазып жатыр тыңнан жыр.
***
Сезім жыры балқып жатқан көктемде,
Ғашықтарды болар ма екен шектеуге.
Түйдек-түйдек бұлт көшеді аспанда,
Көз қиығын қадап гүлді бөктерге.
***
Көппенен бол жақсылыққа шөлдеген,
Адам сынды жүргеннен соң жерменен.
Сексеуілді сыңсытады суық жел,
Жалаңаштың күйін кешіп көрмеген.
***
Кейде асып кетесің ғой арнадан,
Айтпаса да қолдамаған, қолдаған.
Қыстан шыққан жер тынысын жібіту,
Көк құдайы күнге де оңай болмаған.
***
Үйреністік аязына ақпанның,
Алақаншық түтегіне ақ қардың.
Иреңдеген айыр тілді жыландай,
Сен несіне балағыма оқталдың?!
***
Қарап тұрсаң жел де мынау дарақы,
Жоқ болса да көзге түсер қанаты.
Сөйте тұра көп нәрсені бүлдірді,
Бүлдіргінің соғып тұр ғой сағаты...
***
Білмейсің ғой, шын мәнінде жарлы кім?
Жүзі ме екен шың көрмеген шалғының!
"Жануарлар" бәсі асып тұр байқасаң,
Ең осалы "адам" екен жандының!
***
Ойлай-ойлай қалжырадық, ес кетті,
Жауыр еттік бөкседегі бөстекті.
Өмір-өзен, адам-қайық адасқақ,
Қанша айтсаң да түсінбейтін ескекті.
***
Бүгінгі таң басқа таңнан өзгерек,
Өзгерісті көруге ашық көз керек!
Көң-қоқысқа қарны толған жуандар,
Тұйықталды...шет-шегі жоқ "шөлге" кеп...
***
Біреулер жүр біреулерді жылатып,
Біреулер жүр біреулерді жұбатып.
Ей, адамдар, бес-ақ күндік жалғанда,
Татулықты алмаңдаршы құлатып!
***
Біле алмайсың, кімдер нені көздеді
Қиынға бар төзбегені, төзгені.
Қайда барсаң көресің ғой, көресің,
Өкініштің уын ішкен кезбені.
***
Аң үркетін жалаң мойын түсінен,
Жыртқыш құстың ең жаманы күшіген.
Адамның өз азу тісі түк те емес,
Шошынасың тағдырының тісінен.
***
Сиқындай боп дініңдегі мазақтың,
Бәсі шықты жұмақ пенен тозақтың.
Есігі мен терезесін қағып жүр,
Қараңғылық ерме, сенгіш қазақтың.
***
Өткеніңді жауып қойдың тез неге,
Секілді бір жырта салған кездеме.
Жүрегінде жылымығы бар адам,
Қабақ шытып жарытпайды өзгеге.
***
Күрсінгенің назың ба, әлде, өкпең бе,
Жаңбырсыз-ақ маужыраған көктемге.
Көк аспан да кейде тына қалады,
Жыл құстары көкжиектен өткенде.
***
Жаз гүліндей жайнаң қаққан өскелең,
Бүгін тағы жаза алмадым есті өлең.
Сайраны жоқ мына көл де тас жетім,
Жағасына бір сәмбі тал өспеген.
***
Әрбір сөзді болсаң егер салмақтар,
Түбірінде қайнап жатқан қаймақ бар.
Орға сүңгіп түгеседі өз ғұмырын,
Жел айдаған ебелек пен қаңбақтар.
***
Болсын, қанша, бұл өмірден зарыққан,
Кім ықпайды түндей суық табыттан.
Ажал аты орны бөлек дүние,
Оқтын-оқтын сығалайтын жабықтан.
***
Білмейсің ғой жарты ми кім, түгел кім,
Қай жағыңнан түртетінін түленнің.
Жаңғырықтан жіп есіп жүр біреулер,
Көген жасап сенімінен біреудің.
***
Бағзы күнде - құмарпаздар жарысқан,
Танушы еді оларды әркім алыстан,
Жеңі ішінде жүруші еді бөдене.
Ал, қазір ше? Сәлде астында - "сауысқан"...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу