Өлеңдер ✍️
ОРДАБАСЫ
Аз екен алған сабақ Түркістаннан,
Түк те жоқ жоңғарға осы жұлқысқаннан.
Бәрінен қиын болды ел ішіне,
Салтына көшпенділік тұрмысты алған.
Әр тұстан қайта-қайта шауып кетіп,
Күн түгіл, түнгі ұйқысын қауіпті етіп.
Қыңсыған сол бұралқы нәлеттердің,
Ызасы кетті момын халыққа өтіп.
Күн сайын жатқан жаңа жараны ашып,
Қорқау да бар ма мұнша араны ашық
Қайран жұрт "елім-айлап" таудан асып,
Адасты бұлттарменен араласып.
Шегі бар шыдамның да шарт кететін,
Сөздер бар сүйекке де, етке өтетін...
Күн туған ел басына сын сағатта,
Батырлар сағынады жекпе-жегін...
Ой тастап абыздарға соның бәрі,
Шешімге келді қайтар кек ызғары:
"Киелі жер кіндігі - Ордабасы,
Жиналсын сонда үш жүздің нағыздары!".
Әр сөзі тыңдағанға азық еді,
Қоятын аспанына жазып елі.
Төлеби, Қазыбек би, Әйтеке би,
Қазаққа біткен нағыз қазық еді!
Алаштың келсе дағы қай баласы,
Бәрін де қабыл алды Ордабасы.
Айтылды жоңғар, қалмақ қорлығынан,
Тұрмыстың тірелгені жарға басы.
Төлеби әрбір ойын шегеледі,
Жақсы сөз Қазыбек би себеледі.
Бірін айт, бәрін айт та - Әйтеке би:
"Ал, менің ұсынарым, - жебе!" деді.
Орнынан отырған жұрт түрегелді,
Атқарар алдағы істер жүйеленді:
"Жоямыз осы жолы жоңғарларды,
Немесе жеңілеміз түбегейлі...".
Сонымен, болды бәрі түсінікті,
Солқылдақ уәж де жоқ іші күпті.
Сайланды бас сардар боп Әбілқайыр,
Хан болған кіші жүзге ісі мықты.
Қазаққа бұрын-соңды бұйырмаған,
Есепсіз бұл жиынға жиылды адам.
Келелі сөз тыңдаған ақсақалдан,
Үш жүздің бірлігі еш сұйылмаған.
Секілді шаша салған отқа суды,
Жасайтын айласы көп қақпақылды.
Жаужүрек Тайлақ батыр қолбасшы боп,
Кіші жүз сарбаздары сапқа тұрды.
Астына тұлпар мінген дөң қабақты,
Баптады Дербіс батыр оң қанатты.
Сіңірлі рамаданның жолбарысы,
Тапсырды Қондыбайға сол қанатты.
Сыр суы жаға теуіп арқырады,
Шайқалып екпінінен жар құлады.
Басталды ұлы жорық осылайша,
Бал ашып ешкім білмес нарқын әлі.
"Не деген байтақ еді қазақ жері,
Ашатын тынысыңды ғажап желі.
Орман, тау, сусып жатқан құмы қандай,
Нұр шашқан күні қандай төбеңдегі.
Жәудіркөз шешек атқан қыр гүлдері
Жайнайтын тау жағалай бүлдіргені.
Жоңғар ит, қалмақ жауыз жүз жыл болды,
Жеріңді туып-өскен бүлдіргелі.
Алашым, аттан! Аттан!!" деді абыздар,
Мұндайда кеудеңдегі жара сыздар.
Қылыштар жарқырады күн астында,
Алда әлі айтылатын сан аңыз бар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇