Өлеңдер ✍️

  12.06.2026
  26


Автор: Оралбек Бек

Төрттағандар (6)

 


Желпілдетіп әппақ гүлдер желегін,
Желіктіре әнге басқан сен едің.
Кетті бәрі жылға бойын жағалап,
Айтшы, қане, өзің қайда жөнедің?..


***
Жойдасы жоқ қарныменен шіренер,
Есуасқа тізгін берген тірі өлер.
Жарық жағып өзеуреген тал түсте,
Ептіге есе жібермеу де бір өнер.


***
Бұл жалғанға адам болып келгесін,
Жақсы, жаманды ажыратпау ерге сын.
Тірілері қанаттарын қайрасын,
Ірілері көкке құлаш сермесін.


***
Бұлақ едім, жас құрақтар қасынан,
Ағып өттім көңілмен жыр тасыған.
Киік көрдім - ұлы дала төсінде,
Жота түгі шоқтай жанып жосыған.


***
Уақыт шіркін бір орнында тұрмайды,
Жақсыларды сүйекті ойлар қинайды.
Бұтағынан кеткенше ұшып, жалғыз тал,
Жапырақ та жанға сая сыйлайды


***
Ер, азамат,
неге тұрсың құлшынбай!
Іс бітпейді, білсең, алға ұмтылмай.
Күн жаңарды, сен де жаңар ендеше,
Ортаға шық, ойыңды айт, қымсынбай.


***
Жырын жырлап кетпесең де іңірдің,
Махаббаттың мұңын талай сімірдің.
Қос құлақты жауып алып ендеше,
Ызыңынан неге қаштың шыбынның...


***
Кеткенінше топан суға жер сүңгіп,
Жігітке тән қамал бұзар өршілдік.
Осал жандар түсінбейді екенін,
Уайымның ең жаманы - теңсіздік!


***
Мынау тұрған сүйгенімнің өзі ме,
Қатты үріктім қарадым да көзіне...
Қарғып тұрсам, түсім екен о, тоба,
Қадап кеткен қу тағдырдың бізіне.


***
Қамыңды же көзіңді құм жапқанша,
Жолаушы күн батқанша, таң атқанша.
Тасты жарып жерге тамыр жалғайды,
Мәңгі жасыл, сүйегі асыл текті арша.


***
Айтылатын тек сырласқа, мұңдасқа,
Таңғы шықтай талай ойлар жүр баста.
Қара тасты қақ айырып тастайтын,
Тамшы суды осал депті бір қасқа...


***
Тағдырында жоқ басқаша, мүмкіндік
Жәндіктер бар ғұмыр жасы бір күндік.
Сөйте тұра үлгереді ол бәріне,
Ешкімді ойға қалдырмай ма бұл шындық!


***
Ішкі сырын таба алмайды-ау еш пенде,
Жоқ, қасақы, біреу іліп кеткен бе?
Жалғыз тал гүл жарқабақта тұр өсіп,
Өкси қарап өткенге де кеткенге.


***
Шіркін сезім неткен тылсым күш еді,
Ойлай берсең қайдағы еске түседі...
Түн төрінен жарқ еткенде ақ жүзің,
Төбем көкке жетпей қалды-ау үш елі...


***
Биік құмар едің, шықтың... жығылмай,
Батпайтындай көрінді күн, көрінді ай.
...Құздан жерге енді қалай түсесің,
Біреу келіп лақтырмаса жұрындай.


***
Алтын жамбы сыйлап кеткен жаныңа,
Айлы түнді күтесің ғой сағына.
Ақ қанаты желден жібек есетін,
Ақ көгершін қонсын десең бағыңа.


***
Тебірентіп кең даланы тербетіп,
Шырқайыншы дауысымды өрлетіп.
Кім екен ол қаздарымды көгендеп,
Көк аспанға іліп кеткен шерлі етіп.


***
Қисық болса домбырама қарама,
Жылқы ішінде жүреді ғой ала да!
Қазақ деген, қамшы сабын шертсе де,
Дес бермейді қараға да, дараға!..


***
Уақыт шіркін, қарамайды көзіңе,
Шындықты айтсам, мұңды оның өзі де.
Өз жағыңнан ой қоспасаң, сен оның,
Сеп болмайсың, қайғысына-тезіне.


***
Жетімектей түсіп қалған арбадан,
Не дерсің бұл уақытқа сарнаған.
Қараймын да кейбіреудің ісіне,
Адам болып жүргеніне арланам!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу