Өлеңдер ✍️
Төрттағандар (5)
Тоғысынан тоқсан тоғыз жолдардың,
Соқпақ іздеп, шырақтай боп жанғанмын.
Толқып, ішке, тобықтай сыр түймеген,
Таяздардың талғамына таң қалдым.
***
Кеудесіне заманы ұшқын сыйлаған,
Жандар да бар - сызған алтын құймадан.
Кітап көрдім бір сөзі жоқ ішінде,
Бір сөз көрдім бір кітапқа сыймаған.
***
Қолда барым - міндет емес ешкімге,
Ұқсамайтын тұрқы өзге кескінге.
Мінбер алды, түлкілер мен мәліндер,
Айтарында болмаса да еш мүдде.
***
Білмейсің ғой алаяқ кім, заңғар кім,
Арасында өмір сүрсең "аңдардың".
Жау дейсің бе? Ол да сірә, жоқ шығар,
Өсегінен шықпаса "өлік" жандардың...
***
Өкпелеме, көңілі пәс адамға!
Бармау дұрыс дер едім ол қадамға!?
Айға қарап жүре бермей, біреудің,
Бас сүйейтін иығын тап онан да!..
***
Мейлі, қосы, тұрсын менен тым жырақ,
Өзгелерге ренжімеймін шын жылап.
Кімге ұнасын мына асқақ заманда,
Жүрген жандар, қайғы сұрап, тұнжырап.
***
Өлеңімді бөлісерге пенде жоқ,
Қанша оқыдым нәшін беріп, термелеп.
Шынымды айтсам сынық пейіл дос болу,
Кім шықса да аспан жаққа өрмелеп.
***
Сырымды айттым - шынымды айттым досыма,
Қарсылық жоқ, ол да кетті қосыла...
Қапелімде ештеңені сезбеппін,
Өсек бикеш қоныпты кеп қасыма...
***
Елжіредім,
Елжіредің сен дағы,
Бұл шынайы достық деп бар болғаны.
Сезім шіркін күшті болды, алайда,
Сыңары жоқ арыстандай тордағы.
***
Білгенім сол, сенде дос та, қас та жоқ,
Қолдың кірі - байлық та жоқ ас та төк...
Қанағаттан қорек сауған қайран жұрт,
Дерт бермесін деп тілейік басқа тек!
***
Сынық мінез досым да бар сыпайы,
Қашан көрсең түгел оның ұпайы.
Есерсоқтың аты, әрине - есерсоқ,
Сөздерінің өңі қашқан тұрпайы...
***
Кейпіне еніп сыңар қанат кептердің,
Жалғыздықтың азабын да көп көрдім
Жабырқаған, сәттерімде бүк түсіп,
Түндерімді ай астында өткердім.
***
Қарап тұрсаң көзді арбайтын таранып,
Табиғатта бір жұмбақ сыр бар анық.
Қолын бұлғап шоқтай қызыл бұлттарға,
Күн батты өз шұғыласына оранып.
***
Ойында жоқ алабөтен таршылық,
Күн сәулесін сүймес дейсің қай шыбық.
Бір-ақ сәтте бойжеткенге айналды,
Бұлқынған гүл қауыздары аршылып.
***
Ұнатамын жағалауда жүргенді,
Қаузай-қаузай ой шіркін де гүлденді.
Үйрек кетті көлдің бетін иректеп,
Аппақ айдын таңғажайып түрге енді...
***
Көл бетінде майда толқын ойнайды,
Тықылдаудан зорықтырмай таңдайды.
Шағылысқан ай сәулесін айдынға,
Күміс шабақ қақшудан еш танбайды.
***
Балбырайды алма ағаштың алмасы,
Атасының мақтанатын жалғасы.
Жаңа өмірге қадам басты ботақан,
Көздегені болсын маңғаз тау басы!..
***
Тамырына жылу берген тасбұлақ,
Желбірейді өркен жайып жас құрақ,
Атасының өсиетін тыңдаған,
Кетті жастар жаңылыспай бас құрап...
***
Тіл қатыссаң әр сөзіңнен мін көрген,
Не қыласың ақыл сұрап "түндерден" -
Ондай достар артық емес, біл мұны,
Жауың болып тасаңнан кеп үргеннен.
***
Арқасына жүретін бір сынды артып,
Қайғыңа сеп бола алмайды мұндар түк.
Бәрінен де, қылқобызын сарнатып,
Жүрек қылын шерте білген мұңды артық.
***
Шөлейттерде сән құраған жал құмдар,
Теңіздерге жал құраған толқындар.
Көктен жерге қалай түстің, айтпайсың,
Қарап тұрсам сендердің де олқың бар...
***
Қабырғасын қақыратып сан сұрақ,
Маңдайынан қара тері тамшылап,
Мен бір пенде орман ойды кескілеп,
Өзін өзі жүрген тынбай қамшылап...
***
Жақсыларды жаныштайды мұң неге,
Ол да келген сәби боп бұл дүниеге!
Жотасына жұлдыз артқан нарларды,
Қылғитын құм жатқанда ояу, іргеде...
***
Желкілдейді жас құрақтар желменен,
Шынығады жастар маңдай терменен.
Армандарға құлаш ұру жолында,
Ұтылады қолын жөнсіз сермеген.
***
Жарық жерде бар қанатын қақпайтын,
Түрі жоқ қой байғыздардың... тоқтайтын.
Көлеңке де "күнсіз" өмір сүрмейді,
Кейбіреу бар осыны да ұқпайтын.
***
Мақсат айқын болса еңбекқор адамдар,
Қай кезде де өзгеруге шамаң бар.
Сабақ алу үшін қол бер, жақсыға,
Құмырсқаның илеуіне қараңдар!
***
Теңіз болып толқитыным бар менің,
Басын шалды деп ойлама әр ненің.
Азу тісі қылыш болған көкбөрі,
Қаңсығына қарамайды өзгенің...
***
Емделудің таптым деп бір есебін,
Сыйпай берсең, көсіледі кеселің.
Гүл шіркін де жарытпайды гүл болып,
Сығырайған қалқасынан көшенің.
***
Мына заман бұрыңғыдан өзгерек,
Деп жүр біреу тілін шайнап езбелеп...
Атқан таңға сергек қарау үшін де,
Қарашығы ойнамайтын көз керек!
***
Қолына ұстап туғандар бар күн, айды,
Жұмыртқадан шығаратын құмайды.
Өзі жүрген қиялының ішінде,
Шын дарынды кейбір "сотқар" сынайды...
***
Шілде түсті, ыстық ғажап шіреніп,
Жер бетіне салбырайды күн еріп.
Ебелектер - безілдеген жезтырақ,
Байыз таппай барады үркіп үдеріп.
***
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇