Әңгімелер ✍️
Үміт пен қорқыныш
11-сынып — әр адамның өміріндегі ең есте қалатын кезеңдердің бірі. Бұл уақыт мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам басар шақ болғанымен, көптеген түлек үшін ең ауыр әрі жауапты кезеңдердің қатарында. Себебі дәл осы жылы оқушылардың иығына болашаққа деген үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Бүгінде 11-сынып оқушыларының басты мақсаты — Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары нәтиже алып, мемлекеттік грант иегері атану. Соңғы оқу жылы басталған сәттен-ақ түлектердің күн тәртібі өзгереді. Қосымша сабақ, тест, дайындық, уақытпен жарысу — бәрі бір мақсатқа бағытталады. Алайда үздік нәтиже көрсетуге деген ұмтылыс кейде оқушылардың ішкі қобалжуын күшейтеді.
Көптеген түлек сырт көзге сабырлы көрінгенімен, ішкі жан дүниесінде үлкен арпалыс жүреді. «Қажетті балл жинай аламын ба?», «Армандаған мамандығыма түсе аламын ба?» деген сұрақтар олардың санасынан шықпайды. Әсіресе ата-анасының сенімін ақтау мәселесі көптеген оқушы үшін үлкен жауапкершілікке айналады.
Әрбір ата-ана баласының жақсы университетке түсіп, жарқын болашаққа қадам басқанын қалайды. Бұл сенім кейде түлектерге күш берсе, кейде қосымша қысым сездіреді. Өйткені әр оқушы ата-анасының үмітін ақтап, олардың еңбегін қайтарғысы келеді.
Дегенмен 11-сынып тек қорқыныш пен уайымнан тұрмайды. Бұл — арманға бір қадам жақындайтын кезең. Бірі дәрігер, бірі мұғалім, енді бірі журналист немесе инженер болуды армандайды. Сол армандар оқушыларды алға жетелеп, шаршаған сәттерде қайта күш береді.
Мамандардың айтуынша, ҰБТ-ға дайындық кезінде ең маңызды нәрсенің бірі — психологиялық тұрақтылық. Өйткені шамадан тыс қобалжу оқушының білім деңгейіне де әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл кезеңде түлектерге қолдау мен сенім ауадай қажет.
11-сынып — үміт пен қорқыныш қатар жүретін ерекше кезең. Бұл уақыт әр түлекті шыңдап, өмірдің келесі баспалдағына дайындайды. Ең бастысы — өзіңе сену, еңбектену және ешқашан берілмеу. Армандаған мамандық иесі атанып, болашақта елдің дамуына үлес қосатын азамат болатыныңа сен! Барша түлекке сәттілік тілейміз!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇