Әңгімелер ✍️
Рояль
Абылайхан көшесін бойлап төмен түсіп келемін. Мен үшін тек сол көше ғана Алматыны Еуропа етіп көрсететін секілді. Ол жердегі өмірдің ауасы басқа, тіршіліктің тынысы тым ерекше. Деміңді кең тартқан сайын миың тыныстайды. Менің жұмыс орным сол көшенің бастауында орналасқан. Әдетте, жаным мұң тілеп, шабыт іздегенде осы көшемен жиі серуендеймін. Эстетикалары тірі. Бұл көшеде сүйкімсіз жасандылық жоқ. Абылайханға көлденең жатқан Төле би көшесімен түйіскен жерінде Грекияның ескі ғимараттарындай сырларының түсі өңген Қазақстанның жазушылар одағы тұр. Кеңестік кезеңде атағы айқайлаған бұл ғимарат, қазір де өзінің маңызын аса жоғалта қоймаған. Десе де, қара нарлардың қарасы сейілгелі, маңынан өткен сайын жаным құлағын тосса, қара шаңырақтың шыңғырын еститіндей елегізіп кетемін. Қаншама алпауыттардың табаны тиген киелі шаңырақ. Алғаш редакацияларға берген мақалаларын боз бумаға түйіп, жылы қойнына үмітпен жанастыра қысып одаққа қабылдануға келген жас жазушыларды, қас жазушыларға айналдырған алып бәйтерек. Тіпті, кейбірі ақтық сапарға осы ғимараттың қоңыр есігінен шықты. Тас дәуірі - тас таусылғаннан аяқталған жоқ демей ме?! Бәлки, бұл жердегі дәуірлердің де ауысатын кезеңі келген шығар. Сол одақтан сәл төмен түскенде сырты суреттей еуропалық бір мейрамхана бар. Құстың ұясындай-ақ, жып-жылы жер. Әсемдеп безендірілген. Шық түстер мен қанық түстердің арасындағы мөлдір байланысты байқамау сірә, мүмкін емес. Қысқасы, мен жанымның тыныштығын осы көшеден, нақтырақ айтқанда осы шағын мейрамханадан тапқан едім.
Бұл мейрамханадан адам арылмайды. Қашан барсаң ығы-жығы қалың адам. Аптаның күнін талғамай, қай күні төбе көрсетсең де қарайған топқа топ ете түсесің. Ол жердің асханасы аса керемет деп айтпас едім. Бағасы да қалтаға айтарлықтай ауырлық түсірмейді. Ретро стилдің иісі мұрын жарып, түр-түрлі жиһаздар мен мұқабасы сарғайған кітаптар менмұндалап тұрады. Қонақтарға арналған үстелдердің үстіндегі маталар Францияда басылатын журналдардың мұқабасындай сәнді. Көзін ашсаң көрінетіні минимализм. Мейрамхананың қоңыр есігінің алдында, ақ түсті рояль тұрады. Бұл жердің сәні де, мәні де осы рояль. Мейрамхананың меймандарының келу себебі де осы аспап дер едім. Күннің сәулесі қызғылт тартып, аспанның балағы алқызыл түске боялған шақта бұл аспаптың жанындағы сүйенішіндей айналмалы орындыққа жасы шамамен жиырмадан асқан бір жігіт келіп жайғасады. Содан соң, ол көзін тарс жұмып, екі рет тынысын тереңнен алады да саусақтарын сәбидей әлдилеп, рояльдің пернесіне ұлпадай қондырады. Көктен түскен перштелердей бейкүнә. Ол, алдымен Жорж Бизенің Карменінен бастайды. Бетховеннің бесінші, Моцарттың қырқыншы симфониясын жын соққандай шебер ойнап, ақыр соңын Чайковскиймен аяқтайды. Мен бірде одан Барыч Манчодан сұрғанымда, ол маған «Мың бір түнді» ұнатпаймын деп кері айқайлап жауап қайтарған. Осыдан ұққаным ол лирик болмаса керек.
Тіршіліктің тырсылы үдеп, сағаттары қайшыласқан көп күннің бірінде керемет жәйтқа тап болдым. Қателеспесем қыңыр аптаның бір жұмасы болу керек. Жұмыс уақытымның аяқталғанына тура бір сағат болса да, жиналуға асықпадым. Компьютерімді ақырын өшірдім. Күні бойына жасаған жұмыстарым жаныма жайлылық бермегесін, миыма тыныштық іздедім. Соқтығысқан сан түрлі ойдың арасынан, ләззатты дүние таппағасын бір сәт ауылымды есіме алсам көңілім көншір ме екен деген ой қылаң берді. Дұрысы видеоқоңыраумен анама хабарласу еді. Анам қоңырауды алды. Қаладағы әпкемнің үйінде екен.
- Қалайсыздар мама?
- Қара балам, дара балам, алақайым, балақайым менің! (бала кезімнен дәл осылай еркелетеді) Жақсымын балам өзің қалайсың?
- Шүкір жақсымын!
Маңдайындағы әжімінің тереңдей түскенін байқадым. Жастық шағын сүліктей сорған бейнеттің анамның ажарын ұрлауы заңдылық еді. Ауылдың алып-қашпа өсегінен әжік-гүжік әрдемені теріп айтты да, амандық тілеумен әңгімеміз нүктесіне ерте жетті. Жетпес дүниені жоғын айтып, еңсеме тағы бір зіл қосып берді. Осылай ауылдан күткен тыныштығым мазалы болмай шықты. Содан соң, Абылайхан көшесіне түскенмін.
Адамдардың шуылын алыстан естідім. Жаным тыныштықты қаласа да, сол шуылға қарай жылдамырақ жақындай түстім. Жақындаған сайын, бұл маған қызық болып барады.
Бұл рояльдың дауысы екен. Көзін тарс етіп жұмған, жирен шашты жігіт, саусағынан от шығатындай, жұлқынысы қараған адамның жанын кіргізеді. Шешек тигендей безілдейді. Оның әуеніне елітіп, жын көрген бурадай сұлқ тұрып қалыппын. Басымды қысқан зеңнің түйіні тарқағандай, тіпті жүрегім қалғып кетті-ау шамасы дедім. Ол – талант. Жоқ, ол рухани емші секілді. Рояльдің пернесін соққылаған сайын, өткен ғасырдың шамандарындай ебедейсіз қимылдайды. Ішімдегі мазасыздықты жұлып алып, бір жола тұңғиыққа лақтыра салғандай таңғажайып күй.
Бұл кім өзі дедім, таңданысымды ішіме бүкпей. Жанымда тұрған, шашы ақшыл тартқан егде жастағы бір кісі.
- Керемет қой, иә деді. Бұл шынымен де ғажайып құбылыс.
Оның есімі Дима. Толық атауын ешкім білмейді. Ол күнде, дәл осы
уақытта келіп, рояльға тіл бітіреді. Жоқ, жан бітіреді десем де қателеспеспін. Мен осы мейрамханада даяршы болып жұмыс жасаймын. Оны бес жылдан бері білемін. Ол, бұл жұмысы үшін ешқашан ақы алған да, сұраған да емес. Тек мейрамхана атынан кешкі ас ішеді. Бұл оның табысы. Не үшін, ол өзінің бағасын білмейді деп таңдана сұрадым. Менің продюсер таныстарым бар. Олар оған көмектесер еді. Әлемге танымал жұздызға айналарына күмәнім жоқ. Ол әлемдік ареналардан өзінің лайықты статусын алуға тиісті дедім.
- Жоға. Атай көрме! Бірде сен секілді біреу, продюсермін деп оны
танымал етпекші болған. Ал, ол бір жыл бойы жоғалып кетті. Хат хабарсыз ғайып болды. Оған ондай дүниелер ұнамайды. Танымал болу оны ешқашан қызықтырған емес. Сол оқиғадан кейін, ешкім оған мұндай ұсыныс жасамайды. Мейрамхана қызметкерлері бұл жағдайды өздері қатаң қадағалайды. Оның тыныштығын бұзбау бұл мейрамхананың ең бірінші жұмысы. Не дегенмен де, ол осы мейрамхана қонақтарының келуіне тікелей себепкер адам ғой. Ол көкке жайылған елік сықылды. Шұбар терісіндегі сұлулықты тек сырттай бақылау керек. Жаратылысына сүйсіну үшін ғана жаратылған. Ең бастысы оны үркітіп алмасаң болғаны. Сірә, талант деген осындай шығар!
- Ол бұл жерге қалай тап болған?-деп сұрадым даяршыдан.
- Біз, мейрамхананы ашқан алғашқы жылдары кәсібіміз көп олжаға
кенеле қойған жоқ. Қаланың орталығында орналассақ та, келушілердің саны көңіл қуантарлықтай емес еді. Сосын, аулаға рояль қойдық. Бірақ ол, басқа ескі бір рояль болатын. Жолай өткен адамдар аспапта ойнауды білмесе де, даңғырлатып қоя беретін. Бұл жұртшылықтың назарын аудармаққа тапқан айламыз. Соқтығысқан сан адамның ішінен бұл рояльді тек Дима ғана сөйлетті. Біз аң-таң болып таңырқап қалдық. Саусақтарының жылдамдығына көз ілсепейді. Ол күн сайын келіп рояльда ойнауды әдетке айналдырды. Меймандарымыз көбейе бастады. Мейрамхананың иесі Дима үшін су жаңа әппақ түсті рояльды әкеліп орнатты. Оны алғаш рет Дима көргенде қалай қуанғанын көрсеңіз ғой! Біз оның дәл осылай балаша қуана алатынын тұңғыш рет көрдік. Бұл ерекше естелік болып санамызда қалды.
- Ал, Дима бұлай ойнауды қайдан үйренген? Біз оның жеке басы
ақпаратты туралы өте аз білеміз. Білуімше, Дима бала кезінен пианиноның құлағында ойнайтын көрінеді. Бірақ, музыкалық сауаты жоқ деседі. Біреулерден оның балалар үйінде өскені туралы естігенмін. Жаңылмасам үкіметтен алған ұядай ғана пәтері бар. Ол жалғыз.
- Сізге соңғы сұрағым бар дедім.
- Сұраңыз?
- Бұл қашанға дейін жалғасуы мүмкін.
- Нені айтасыз?
- Оның мұнда келуі қашанға дейін жалғаспақ.
- Білмеймін. Бірақ күндердің күні бұл ғажап құбылыстың аяқталары
ақиқат. Бұлай сұрағандағым, мен дәл осы тыныштықтан айырылып қалғым келмеді. Жаным жабырқаған сайын, осы көшедегі ұлы симфонияның сыңғырын жұмбақ талант иесінен естуді үзгім келмеді.
Расымен де, жаныңның қалауын қанағаттандыру деген ғажап емес пе?! Өміріңді қоғамның көзқарасына ықшамдамай, жүрегің тыныштық табатын дүниемен айналысу бұл расында ғажап.
Мен Абылайхан көшесімен жиі өтуді әдетке айналдырдым. Рояльдің үніне ғашық болдым. Жылы сезімнің мелодиясын жиі тыңдағым келеді. Мен де бұл мейрамхананың тұрақты қонағына айналдым. Ол рояльда ойнап біткеннен кейін, өзінің саусақтарын сүйетін. Құдды тамашалаған жұртшылық, оны қайталап саусақтарын сүйгісі келетіндей ой кезіп жүретін санамды. Бұл жерде өнерге деген құрмет пен құштарлық қатар өмір сүретін. Сосын, ғана көзін ашатын. Меніңше, оның нағыз өмірі көзін тарс жұмған сәтте ғана басталатын сияқты. Ол сол қараңғылықта жап-жарық өмір сүретіндей.
Арада бірнеше жыл өтсе де, мен оның көрермені болуды тоқтатпадым. Бір күні әлгі мейрамханаға барғанымда қызметкерлер рояльды жинап жатқанын көрдім. Жақын танысыма айналған даяршыға жақынырақ барып,
- Неге бұлай жасап жатырсыздар?- деп сұрадым.
- Ол, көзінің жасын бір сығып алды да, Дима мәңгілік сапарына
аттанды деп қойып қалды. Біз барлығымыз оның айықпас сырқатқа шалдыққанынан бейхабар болған екенбіз. Мүлдем сұқбаттасып көрмеген адамымның қазасы туралы естіп тұрсамда, төбемнен жай түскендей сүлесоқ күйде қалдым. Менің жанымның тыныштығы ұрланғандай, жүрегім еңірей түсті. Ол маған жанымның қалауына құлақ түруді үйретуге өмір жіберген ұлы ұстаз еді ғой. Жаным жүдеп, ішім бос қуысқа айналған шақта, төбемнен төнген түнекке сәулесімен саңылау берген белгісіз періште кейіптегі талант еді ғой. Анам маған, Қыдыр деген өмірде бар құбылыс деуші еді. Бірақ, ол жарық сәуле немесе нұр бейнесінде емес, пенде кейпінде тағдырыңда жолығады. Өкініштісі, біз ол адамның Қыдыр екенін мәңгілік білмей өмірден өтуіміз де мүмкін дейтін. Бәлкім, менің қыдырым осы беймәлім музыкант болар. Тап басып анығын айту қиын. Әйтеуір мен өзіме ыңғайлап солай жорып қойдым.
Ол кеткелі бұл көшемен мүлдем жүрмейтін болдым десе де болады. Алматыдағы тағы бір сұлу кеш. Жаздың жанды жадырататын айларының бірінде, Абылайхан көшесіне түстім. Жаяу жүргім келді. Ескі жолдағы естеліктердің сұлу бейнесін санама қайтармақ ниетте баяғы үйреншікті жолыммен жүрдім. Төмен түсіп келе жатырмын. Төмендеген сайын Бетховеннің бесінші симфониясының даусы үдегендей күйдемін. Әйтеуір жадымда таныс классикалар күйтабақта ойнап тұрғандай сезімде бола беремін. Әлгі мейрамхана жабылып қалыпты. Оның орнына кітап дүкені ашылып жатыр екен. Алдына түрлі түске боялған кішкене пианино қойыпты. Жүрегім зырқ ете түсті. Оған қарадым. Көзімді тастай жұмдым. Қос жанарымды күшене қысқан сайын миымдағы рояльдың үні үдей берді. Тереіңнен алып екі рет тыныстадым. Үдеген сайын жаным нұрланып, жүрегімнің тынысын кеңейетіндей ғажайып күй. Бұл ләззаттан айырылғым келмей ұзақ тұрдым. Сосын, көзімді ашып ескі тіршілікке оралдым. Қалың көрермен ықыласпен қол соққандай авацияны сездім. Саусақтарымды сүйдім. Бұл оған деген құрметім мен сағынышым еді...
Автор: Шарханұлы Мұхаммед-Қанапия
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇