Өлеңдер ✍️

  20.11.2025
  429


Автор: Омархан Алтынбекұлы

Досың бар ма?

 


Жаны нәзік, ару екен байсалды,
Қыз жанары,тік қарауға тайсалды.
-Аға, сіздің бар ма, сенген досыңыз,
Деген- сөзі, маған үлкен ой салды.


Сенген досым бар ма, менің шынымен,
Қуанышын бөлісетін мұңы мен.
Қалқам сенің, ауыр екен сұрағың,
Не туралы, айтқың келді мұнымен?


Иә, аға, бірге жүрген достар көп...
Ойлаушы едім, біздер сенген достар деп.
Сатқындықтың тартым ауыр жазасын,
Байқасаңыз бұл сөзімде астар көп.


Көрші қызбен, дос едік біз мектептен,
Деді ару ,күндерді ойлап, бірге өткен.
Өле- өлгенше, дос боламыз деп шештік,
Серт байласып, қол алысып құрметпен.


Мектеп бітті, біз аттандық қалаға,
Жоғары оқу орны болды санада.
Екеуміз де, бір жігітке ғашық боп,
Содан кейін кірбің түсті араға.


Біз үшеуміз, бірге жүрдік ұдайы,
Әлгі жігіт , мені сүйді шынайы.
Әкем қайтып, елге кеттім амалсыз,
Қалған кезде, соңғы жылдың бір айы.


Кейін келдім, куәлікті алуға,
Мен асықтым, сүйіктімді табуға.
Таптым бірақ, мені суық қарсы алды,
Кешір деді, әйелім бар ауылда.


Айқай-шудың қажеті жоқ, дегенмен,
Саналысың ақылыңмен ой өрген.
Ал, жан- жарым-сенің досың, деген де,
Жай түскендей болды менің төбемнен.


Келсе - дағы, бұл қалай деп сұрағым,
Іштей налып, үндемедім, шыдадым.
Жанға батып, сатқындығы досымның ,
Тағдырыма мұңымды айтып, жыладым.


Аллам маған, аз бермепті сынағын,
Тағдырыма қайтсем, қарсы тұрамын.
Деген оймен, бір ұяңдау жігітпен.
Көзді жұмып, отбасымды құрадым.


Ішкіш болып шықты жігіт сорыма,
Оңбай түстім, сатқындықтың торына.
Кері айналып, менің жүкті кезімде,
Кіріп алды, бір әйелдің қолына.


Бұл күндері, қорғанышым балам бар,
Жігіт болды, айналасын бағамдар.
Басқарамын қәзір жеке кәсіпті,
Ғарышқа да, ұшатұғын шамам бар.


Мұны сізге, айтқаным жоқ, бекерге,
Дем алуға шығып тұрам шетелге.
Екі үй мен астымда бар көлігім,
Дүниең болса, досың да, көп екен де.


Бұл сәттілік, түсе бермес уысқа,
Өмір деген, бумеранг дұрыс па?
Бір күндері, сол баяғы ғашығым,
Ісі түсіп, келді маған жұмысқа.


Тағдыр бізді, тоғыстырды қайтадан,
Жан сияқты, мына өмірді шайқаған.
Шашы ағарған, тауқымет бар жүзінде,
Қиналғанын сынық жүзден, байқағам.


Тұрып қалды, көріп мені, тосылды,
Сыр тартып ем, әңгімеге қосылды.
Жамал қалай? - деп сұрадым ақырын,
Есіме алып, бала кезгі досымды.


Жүзі сынық, көрген жандай қорлықты,
Таба алмассың,сірә мендей мұңлықты.
Ажырасып кеткем қазір Жамалмен,
Деді, түрмен жасағандай ұрлықты.


Қиыншылық бар қырынан жармасқан,
Таяқ жеген тағдырынан адасқан.
Кербез жанның мен білетін, баяғы,
Жоғалыпты паңдығы түк қалмастан.


Содан кейін,көңіл қалды достардан,
Досым көп-ау, толы болса дастархан.
Қиналғанда, таба алмайсың бірін де,
Нағыз досты табу маған басты арман.


Деді ару, әлсіз ғана жымиып,
Кетіппін - ау, ойға батып тұнғиық.
Қарындастың көмескілеу тағдыры,
Жүрегіме кеткендей ме, ой құйып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу