Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
12.08.2025
428
Өмір. Тағдыр. Махаббат
Үміт болып алдымнан шығасың ба,
Күдік болып, сағым боп тұрасың ба?!
Сарқыраған сезімді жүрегіңнің
арнасына ақырын бұрасың ба?
Күндіз-түні айтатын тілегімнің
түпқазығын түйсініп, ұғасың ба?
Қолдың ұшы тиердей сәт қалғанда,
Көздің ұшын айналып, бұғасың ба?!
Уландырып жанымды тәтті арманға,
Уақытымды өлтіріп, тынасың ба?
Аялаумен жүргенде асылымды,
Арқамнан кеп айбалта ұрасың ба?!
Ғасырымды қияр ем, ғашығымды
айналдырсаң мен үшін шын асылға!
Өмір.
Тағдыр.
Махаббат.
Көксегенім -
Маған келіп үстемдік құрасың ба?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇