Өлеңдер ✍️
Балуанның құтын құртпасын
Халқым-ай, әбден сорлаған,
Айрылып туған жерінен.
Ешқандай қайыр болмаған
Мол сенім артқан ерінен.
Бастасаң сертпен сөз басын,
Назарды неге салмайсың?
Арқалап елдің көз жасын
Белестен аса алмайсың.
Шөлін баспаған шайынан,
Артық қып жүрген қайыңын.
Еш пайда көрмей пайынан,
Ел қайтып айтар пайымын?
Кәсіпкер құқын қорғаған,
Гүлденіп, жайнап бақшасы.
Халықтың арын қорлаған,
Болмағандықтан ақшасы.
Президент сенен өтініп,
"Жерді қайтар!" деп сұраймыз.
Биік боп әр кез көрініп,
"Халық" деген бір Құдаймыз.
Қонбасын атқа ерлері,
Тек қана нұры құйылсын.
Қазақтың мақпал жерлері
Қазаққа қана бұйырсын.
Керек жоқ бізге зауыт та,
Керек жоқ бізге қала да.
Қолымыз жетер бақытқа,
Жүрсек те сайын далада.
Малымыз еркін жайылар,
Ауылдың жерін жыртпасын.
Көгінде алтын айы бар,
Балуанның құтын құртпасын
Жерге кеп соқа тимесе,
Тарқалмас еді шеріміз.
Жөн болмас арсыз билеген,
Кие ғой қара жеріміз...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇