Өлеңдер ✍️
Қыздан туған жиен - ұрпақ болмайды
"Немере!" деп,
Қыздан туған жиенді,
Қазағым-ай, қаштырмашы киеңді.
Мыңнан тұлпар озса, сұрап, ұмытар
"Қай айғырдың тұқымы!" деп биеңді.
Ұлың жоқ па?
Өз-өзіңді алдама,
"Немере!" деп жармасқаның далбаса,
Қалай сенің бауыр-етің болады?
Өзге үйдің шежіресін жалғаса.
Бөтен үйдің ұрпағына таласпа,
Тексіздіктің пікірімен санаспа.
Тексіз ұрпақ қалмау үшін қызыңнан,
Жөнсіз сөйлеп, жамандықпен жараспа.
Жат жұрттыққа бергендіктен қызыңды,
Ішіңе тық, тулап жатқан жыныңды.
Ел болмайтын жиеніңді қастерлеп,
Аласартып жібермеші шыңыңды.
Бұның соңы жақсы болмас, қоймасаң,
Жиеніңді өз қаныңа бойласаң.
Ұл туғанша тоқтатпауың керек қой,
Тамырыңның жалғасқанын ойласаң.
Енді келіп, жиеніңді әурелеп,
Қара бұлтты жүрсің бүгін "Сәуле!" деп.
Сәуле болмас басқа үйдің жарығы,
"Нағашы!" деп сыйласа да сан елеп.
Өзімнің де алдым, білем, қараңғы,
"Ұлсыз қал!" деп қарғай көрме балаңды.
Дегенмен де, тура қара шындыққа,
Сапасыз ем жаза қоймас жараңды.
Бәрінен де ащы шындық жоғары,
Ақын жүрек адалдықпен соғады.
Қыздан туған жиен - ұрпақ болмайды,
Жеті атасы, жат мекеннің қоғамы...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇