Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
29.05.2025
183
Жүрегім қан жылады
Заманның құтылмаймыз шаласынан,
Жаманның ақыл алсақ баласынан.
Құтырған ел ауылды жұмақ көрмей,
Тұтылған жын-перілер қаласынан.
Халықтың патша болды боқтайтыны,
Нарықтың айналымы жоқтайтыны.
Ұдайы елім көрген қасіреттің
Құдайым білер қай кез тоқтайтынын?
Қоғамы қалыптаспай әділетті,
"Отаным!" деген жырдан қадір кетті.
Өз үйін өртке орап жатқандарға
Өз күйін отқа жаққан Шәміл жетті.
Жүрегім қан жылады,
Қан жылады,
(Тілегім ел үмітін қамшылады)
Қазақтың даналығын жазған қалам,
Мазақтың бас жүлдесін қанжылады.
Дерек боп қала қоймас тозбағаным,
Керек боп тұрса досқа озбағаным.
Жүсіптің бозторғайы ұя салғанда,
Менің де аяқталар боздағаным.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇