Өлеңдер ✍️
Ана тілі
Тіл болмаса,
Сенің де жоқ керегің,
Тілде ғана алатын көп дерегің.
Түр-әлпетің көркің болмас өмірде,
Туған тілге жоқ болса ой-зерегің.
Тек тіл ғана,
Сенің нағыз жақының,
Сол арқылы айтылады ақылың.
Тарихыңды тілсіз қалай жеткізген,
Мақтан тұтқан жазушың мен ақының.
Тіл арқылы жеткен еді ойың да,
Бұл - ақиқат, асыл досым, мойында.
Түк пайда жоқ жасап жүрген ісіңде,
Қазақылық жоқ болса, өң бойыңда.
Тыңдамасаң, қой, тыңдама данаңды,
Дүние-мүлік билеп алсын санаңды.
Өз тіліңде сөйле, бірақ, сыйласаң,
Саған өмір сыйлап кеткен анаңды.
Кім болсаң да,
Қара, досым шамаңа,
Тек рухани байлық қонсын санаңа.
Мекен, кәсіп, дәстүр беріп атаңа,
Тілді ғана байлап берген анаңа.
Бұдан досым,
Айтшы, нені күтіп ең?
Мені ұқпай қорлап, жүндей түтіп ең.
Дүниенің бар қасиетін іздесең,
Бойға қонған ананың ақ сүтімен.
Ұлтым еді алған барлық білім де,
Ғұрып еді жинап жүрген ілім де.
Анаңның ақ сүтін ақтай алғаның,
Сөйлей алсаң, туған ана тілінде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇