Өлеңдер ✍️
Театр
(Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының жаңа ғимараты ашылу салтанатынан кейін туған өлең)
Жан рахатын, тән ләззатын беретін,
Хас сұлудың көз жасы боп келетін.
Мәдениеттің мәдениеті - театр
Әдебиеттің бар жақсысын теретін.
Тек театр асыл өмір сүретін,
Шеберлікпен әр кез жылап-күлетін.
Жасандылық дүниелерден аулақ боп,
Шынайылық дәурен құрып жүретін.
Эпизодтар болса да жан қинаған,
Адам жаны шын сүйгендей қимаған.
Материалдық құндылықтар құнсыз боп,
Руханияттың меруерт тасын жинаған.
Трагедия тебірентпей қоймаған,
Комедиясы тастай білген ой маған.
Көрерменін ойландыра білетін
әртістер өз рөлін шебер ойнаған.
Адамзатты тәрбиелейтін сахна,
Жаратылған ұлттың асқақ бағына.
Драманың салып кеткен негізін
Сәбит, Ғабит, Сафуандар - қазына.
Мемлекеттің орындайтын мұратын,
Ұлықтаған қыз есімін, ұл атын.
Өнердің ең күрделісі - театр,
Интеллектуалдық гармониядан тұратын.
Қасиет бар әр кісінің бойында,
Көре алсаң, құдіретті мойында.
Мұқановтың театрына кіргенде
Айтқан сөзім тұрақ табар ойыңда.
Мөлдір өнер бүкіл жерді төр етер,
Таланттыны өрге қарай өрлетер.
Қызылжардың ғимараты болып тұр
Меймандарға мақтанышпен көрсетер...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇