Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  158


Автор: Самрат Құскенов

Мағжаннан ескен леп

Өткенде талай белестен,
Жөн болар жұртпен кеңескен.
Мағжанның жырын оқысаң,
Жүрекке жылы леп ескен.



Теңізде кім бар жүзбеген,
Маржанын ойдың сүзбеген?
Үлгілі болған ғаламда
Өмірден үміт үзбеген.



Толқын мен толқын сырласып,
Жағадан шығар қыр асып.
Өлеңін талдап Мағжанның,
Болашақ тұрар сыр ашып.



Танытпай тілдің киесін,
Болмассың жердің иесі.
Қараңғылықтан шықпайды,
Кеңейтпей ойдың жиегін.



Білімге бәрі жауапты,
Кітаптан алар сауапты.
Күншығыс нұрын шашпайды,
Болмаса жастар сауатты.



Отан деп отқа күйетін,
Ұлт - құт деп сөзін түйетін.
Мағжанның жырын оқыған,
Өз халқын шексіз сүйетін.



Ер өлмес, сақтап ел есте,
Айналдырмаса елеске.
Сыр шертіп түркі тегінен,
Мағжаннан жырмен леп ескен.



Өлеңдер тұрса төкпелеп,
Өлмеспіз жұртқа өкпелеп.
Тарихтың зары деп түсін,
Мағжаннан мұңмен ескен леп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу