Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  164


Автор: Самрат Құскенов

"Өзім - итпін, қайтем күшік көбейтіп"

 



Балам орнымды бассын демек не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Өзгеге қимайтұғын сенің не қылған артықша орның бар еді? Баланың жақсысы - қызық, жаманы - күйік, не түрлі боларын біліп сұрадың? Дүниеде өзіңнің көрген қорлығың аз болды ма? Өзіңнің қылған иттігің аз болды ма? Енді бір бала туғызып, оны да ит қылуға, оған да қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың?



Абай



Ел Құдайдан тілеп отыр баланы,
Аңғармаған бойындағы шаланы.
Бірақ, дені дұрыс адам таппайсың,
Шаммен іздеп шарласаң да қаланы.



Қайда барсаң, бірін-бірі сабаған,
Ақша үшін бір-бірін де талаған.
Өз басының қамы үшін үретін,
Екі аяқты ит көресің қабаған.



Иттерім-ай, айналамда қаптаған,
Мақсатым деп жан-тәнін де таптаған.
Ізбасар қып өзінің де күшігін,
Дүниеқоңыз болады деп баптаған.



Көлеңкеде білім қалды байланып,
Байлық төрге шыққандықтан жайланып.
Туыстық пен достық өлді тұншығып,
Жақының боп мансап кетті сайланып.



Ғылымнан да түк пайда жоқ адамға,
Өз қоғамы қорған болып наданға.
Кітап, газет-журнал жатыр шаң басып,
Есеп бере алмаған әр қадамға.



Ақымақтар байқамайды шаманы,
Ақылдының тумаған соң заманы.
Бұл жалғанның қызығы жоқ білгенге,
Көзге күйік боп тұрған соң жаманы.



Докторанттың білімінде жүйе жоқ,
Дәрежесі көрінгенмен түйе боп.
Кесірінен руханиятым құлдырап
Кетті, таба астындағы күйе боп.



Ешбір адам даналықты ілмеген,
Оқу, тоқу ойына да кірмеген.
Биік қойып келем иттің күшігін,
Азаматтан жеті атасын білмеген.



Жетесізді алсам, шіркін жазалап,
Алар едім қоғамымды тазалап.
Орнын басар бала тілеп отырар,
Ар-намысы тұрмаған соң мазалап.



Қайран жүрек, жұртқа қарап мойыма,
Құт қонбаған шығар көптің бойына.
"Өзім - итпін, қайтем күшік көбейтіп!"
Деп өкініш кіріп шықпас ойына.



Шәуілдеймін, арсылдаймын, үремін,
Өз бетімше ит өмірді сүремін.
Түлкі болған заманымды шалуға
Тазы болып білегімді түремін.



Ақиқатты айтпаған соң шырылдап,
Лауазымға қарап қоям ырымдап.
Кейде ұрпақ таратуға қорқамын,
Иттен күшік туа ма деп ырылдап.



Өз-өзіме сауап көңіл бөлуім,
Бар байлықты тек ғылымнан көруім.
Ит боп кетпеу үшін туған ұл-қызым,
Керек менің Көкбөрі боп өлуім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу