Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  230


Автор: Самрат Құскенов

Ерлан нағашымның рухымен сырласу

9 мамыр – анамның ерке інісі Ерлан Қонақұлы Бақтыбаевтың туған күні болып еді. Нағашымның ғұмыр жасынан асып бара жатқанымды байқап, мәнсіз өмір сүріп жүргеніме зығырданым қайнайды. Ер азамат үшін фәниде жүргенге қарағанда бақилыққа аттанған жақсы екен. Өйткені, ең жаманы – рухани жалғыздық.



Ерлан нағашымның рухымен сырласу



Уақыт-ай, зулап бір сәт тоқтамаған,
Қиналмай асауды да ноқталаған.
Үмітпен келешекке қарасам да,
Кезім жоқ өткенімді жоқтамаған.



Құрметпен қарамаған киесіне,
Жырлардың айналса да иесіне.
Өзіңе бұйырмаған жиырма жеті,
Елу күн өтіп, келмек жиеніңе.



Алдыңда есеп беріп, талдайын ба?
Ойымды қиянатқа жалдайын ба?
Құдайдан жасырмайтын өмірімді,
Жасырып, айналамды алдайын ба?



Білім бе? Мен, оқып та жарытпадым,
Бойыма руханиятты дарытпадым.
Кітаптан артық көріп ел өсегін,
Өзімше білгішсініп, шарықтадым.



Ғылым ба? Жоқ қой, ашқан жаңалығым,
Жоғары бағаладым тән азығын.
Шалалық алпыс екі тамырымда,
Ұқпаған елдің айтқан даналығын.



Өнер ме? Жете алмадым асуына,
Кінәлі кім бар шалыс басуыма?
Сенімін ақтай алмай қалғандықтан,
Халқымның тиіп жүрмін ашуына.



Талант па? Табандылық көрсетпедім,
Тасымды өрге қарай өрлетпедім.
Тым биік көрінген соң табалдырық,
Кіре алмай, жыр үйіне төрлетпедім.



Қызмет пе? Елге түк те бере алмадым,
Ұлының өсиетін тере алмадым.
Адасып жамандармен кеткендіктен,
Жанасып жақсыларға ере алмадым.



Қоғамдық жұмыстарға шыға алмаймын,
Көптеген адам сырын ұға алмаймын.
Оңаша жерді аңсап сорлы жүрек,
Жалғыздық туын мүлде жыға алмаймын.



Пәтер ме? Бір лашықты жалдап жүрмін,
Азғантай жалақымды талдап жүрмін.
"Облыстың ақынына үй берер!" деп,
Әкіммен көңілімді алдап жүрмін.



Қатын ба? Таппай жүрмін сыңарымды,
Баптамай талға біткен шынарымды.
Сыйласып, түсінісер жан іздеймін,
Білмеймін, немен барып тынарымды.



Достар ма? Бәріне дос қазір ақша,
Жаныңды жағалайды, хәлің артса.
Басыңа күн туғанда аяқ-асты,
Жүгіңді көтере алмас арық атша.



Туыс па? Бүгін көңіл суып кеткен,
Дүниенің арғы жағы қуыс неткен.
Жоғалған шынайылық барлығынан,
Айфон мен смартфонды туыс еткен.



Атақ па? Жарасатын патшаға дүр,
Таласып, талантсыздар қасқалап жүр.
Болмайтын орден, медаль үшін ит боп,
Табанды жалайтының масқара бір.



Одақ па? Ұлтым үшін қайыры жоқ,
Қазағым деп жырлайтын шайыры жоқ.
Елге де, билікке де қатар ұнап,
Аңғарсаң, бірінің де айыры жоқ.



Партия ма? Үндемеген ұтпайды ма?
Келешек өткенді пір тұтпайды ма?
Саясат, айналыссаң, ажал құсап,
Кіргенді әдемілеп жұтпайды ма?



Қандай жүк артылады ер мойнына?
Өз ерін алмайды ғой ел қойнына.
Сен құсап жиырма алты жаста өліп,
Енуім керек еді жер қойнына.



Әйтеуір, жас деп ақтап алар еді,
Менен де бес күн жалған қалар еді.
"Марқұмның болашағы зор болған!" деп,
Есіне бір-бірінің салар еді.



Әйтпесе, бұл өмірдің керегі не?!
Сүйенем, бос қиялдың дерегіне.
Жер басып жүретінім кімге керек?!
Елімнің жарамасам керегіне.



Ерлан-ай, сені аңсап сағынамын,
Жүрегім тебірентті сағым әнін.
Дәл сендей ақкөңілді таппаған соң,
Тағдырдың жазғанына бағынамын.



Сен мені, естисің бе, шынымен де?
Төл өнер қызықты ғой шыңымен де.
Қай жақта қалып қойды әншілігің?
Маманның тыңдап едің сынын сен де.



Менсінбей, "Жиырма жеті жас емес"пен,
Жамағат, құр қалып жүр бар кеңестен.
Ақтарсақ, Сұлтанмахмұт Торайғыров,
Бұл жаста өтіп еді сан белестен.



Алайда, әдебиетте ақымыз жоқ,
Болған соң зулап өткен уағымыз - оқ.
Мағжанға сан соқтырған жиырма жеті,
Сәтті өтті деуге біздің қақымыз жоқ.



Ел жетсе, таланттының бағасына,
Дарынның қол жүгіртпес жағасына.
Бар қандай жиырма жеті жаңалығы?
Төбесін көрсетпеген нағашыма.



"Итшілеп жетпіс жасты тақымдаймын,
Мен шіркін қиял қуған ақындаймын.
Алматы болғандықтан мекен-жайым,
Кеңсайдың бұрышына жақындаймын."



Осылай жұбатам да көңілімді,
Бір серпіп қалам кейде өңірімді.
Ұмыта алмағаным, жазсам сені,
Жақтырмай, сенсіз өткен өмірімді.



Шабытпен жазғандықтан ән-жырымды,
Ағайын танып жатыр сан қырымды.
Нағашым, ішке тықпай, саған айттым,
Анама аша алмайтын жан сырымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу