Өлеңдер ✍️
Бейнеудің жігіттері
Жанынан ұлтын артық көретіндер,
Уақытын тек Отанға бөлетіндер.
Бейнетті арқалаған елмен бірге
Бейнеудің жігіттері өлетіндер.
Сұраққа төкпелейтін жауаптарын,
Шыңдардан түсірмейтін тау аттарын.
Пір Бекет тұрғызған өз қолыменен
Мешіттен алып жүрген сауаптарын.
Тірінің қадіріне жете білген,
Өлінің қабірін құт ете білген.
Төсінен батыр Айтқұл Атақозы
Рухымен тым биікке кете білген.
Жебеу боп тіршілікте зарыққанға,
Демеу боп күн кешетін тарыққанға.
Жырларын жолдағанда Сабыр Адай,
Рух берген бұл жалғаннан жалыққанға.
Бапталған Қазақстанда қазанаттар,
Тарихта жазылатын ғажап аттар.
Кеудеден жан шыққанша беріспейді
Бейнеуден тамыр тартқан азаматтар.
Бозторғай ұя салатын заман болсын,
Әр қазақ жақсы, неге жаман болсын?
Бейнесін ер жүректің көрсететін,
Бейнеудің жігіттері аман болсын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇