Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  172


Автор: Самрат Құскенов

ЖАСЫҚ ТҰЛҒА

 



Ұсақталып жатқандықтан іріміз,
Пенделіктен тазаланбас кіріміз.
Бір жасықтың кесірінен сүрініп,
Жігеріміз құм болса да, тіріміз.



«Көреріңді көрмей көрге кірмейсің»
Аталы сөз мағынасын білмейсің.
Боркеміктің қателігін әспеттеп,
Зор талғамды назарыңа ілмейсің.



Тұлға қылып жүргендіктен жасықты,
Өз перзентін іздеп халық ашықты.
Бұрмаланып жеткендіктен пікірі,
Ылғи ойын білдіргендер жазықты.



Біреу үшін жауап беріп мыңымыз,
Іште әбден қайнап бітті жынымыз.
Келешектен күдеріңді үзе бер,
Бүгінгіні түземесе сынымыз.



Қорқып, айтар ойын бұғып қалатын,
Ерлігі жоқ өшпестей із салатын.
Қоғам қызық, сыртта қалып ерлері,
Езі тұлға мәртебесін алатын.



Тұлға деген сөздің мәні жойылған,
Дәрежесі түспек түгіл, ойылған.
Атақ-даңқты еш қиналмай аласың,
Қауымдастық, ұйым мөрі қойылған.



Шіркін, намыс, арды қашан ойлаймыз?
Жақсы болып көрінуге бойлаймыз.
Асыл тұлға таба алмай түбінде,
Жасық тұлға мерейтойын тойлаймыз.



Абыройын құртып солай тұлғаң да,
Құлап тынар, ұятсыз сауық құрғанда.
Белгілейік әр нәрсенің өз орнын,
Ертең бәрі кеш боп қалмай тұрғанда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу