Өлеңдер ✍️
ЖАЗ ЖАЙЛАУДА
Жастық шақ көк жайлауда өткен түндер,
Шалғынға киіз үйді тіккен күндер.
Қапталда көк майсаны еркін кешіп,
Жылқы жүр ала-құла көктеңбілдер.
Жайлаған Сабден таудың көк қапталын,
Жотасын Қоңыртөбе көк қаптаған.
Белгісі берекенің малды ауылдың,
Отар-отар қойлары шөп таптаған.
Балалар жарысады тайға мінген,
Суырлар қылтияды сайда іннен.
Көк майса шөп алады көздің жауын,
Басылған текеметтей майда жүннен.
Шулаған ауыл маңы, бие байлап,
Отырған мал қоралас, жиі жайлап.
Бір үйден әр қайнарда орналасып,
Құлпырып жер сəнімен үйі жайнап.
Шыңғыртып бас үйретіп шу асауды,
Қиқулап шабандоздар шуласады.
Желсаздан бастау алған көкпаршылар,
Қапталдап Жауыркезең шың асады.
Бала біткен аралап тау, шың, сайды,
Жарыса кеп тайларын қамшылайды.
Шөп басында маржандай жалтыраған,
Таңғы шық ақырындап тамшылайды.
Еркін Оралбайұлы 2.03.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇