Өлеңдер ✍️

  27.02.2025
  61


Автор: Еркін Оралбайұлы

ГЕННАДИЙ ГОЛОВКИН

 


 


Айыбы тек, қазақ тілін кем білгені,


Жарасады иыққа шапан тең ілгені.


Қазағына қатты батты Генасының,


Қарсыластан бірінші рет жеңілгені.


 


Талай жылдар атой салды, жеңілмеді,


Шаршы алаңда сұлатты- ау, небір ерді,


Соңғы ұрыста көңілде бір күмән қалды,


Деген ойлар, әділетсіз жебір жеді.


 


Күндіз-түні шынығумен тәнің қатқан,


Сендей болсын өз ісінің мәнін тапқан.


Жасымағын, жеңілсең де жер көтерер,


Тайсоныңда жеңілістің дәмін татқан.


 


Не келмейді бұл өмірде ер басына,


Жақын жүрсін жаны ашыр ел қасыңа. 


Әр қазақтың жадында ол, ұмытқан жоқ,


Қазақпын деп айтқан сөзің Елбасына.


 


Соққың қатты оғындай бір зеңбіріктің,


Қатарларын мықтылардың селдіреттің.


Қазақ елін таныс етіп күллі әлемге,


Көк байрақты биіктерде желбіреттің.


 


Наразымыз төрешілер кесіміне,


Қарамаған әлем таныр есіміңе.


Не себепті бас тарттың ән ұраннан,


Жеңілгенің мүмкін соның кесірі ме?


 


Еркін Оралбайұлы 19.09.2018




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу