Өлеңдер ✍️
Досыма
(Марқұм досым Бауыржанға арнау)
Дос болмаса адамның ісі жетім,
Достық ашар шынайы кісі бетін.
Ер жігіттің арманы болмас еді,
Досы болса бар сырын түсінетін.
Тағдыр өзі кейбірді еркелеткен,
Ал біреудің ғұмырын келте еткен.
Жыр жазайын бірер сөз досым жайлы,
Бізді тастап өмірден ерте кеткен.
Дос едің бала кезден бірге өскен,
Ауылда үй-қорамыз іргелескен.
Қызықты өзіңменен бірге өткізген,
Балалық ұмытылмас күндер естен.
Дос едің мәңгі есте сақтар атын,
Сеніммен құпия, сыр ақтаратын.
Сөзге берік жігіттің бірі едің,
Досым деп осы менің мақтанатын.
Көп еді мақсаттарың ел сияқты,
Армандап жүрегіңнен шер жиі ақты.
Алладан жалбыранып сұрап жүрдің,
Артыңда із қалдырар бір тұяқты.
Жарқыратып қараңғы түнегіңді,
Алла берді орындап тілегіңді.
Есімде жас балаша қуанғаның,
Алғаш көріп Бекжаның, тірегіңді.
Әке болдың сәбиін мəпелеген,
Бала қамын қамқор боп әке жеген.
Естіместен өмірден кете бардың,
Жалғыз ұлдың былдырын әке деген.
Опасыз екен мынау құрғыр жалған,
Ажал салды ертерек шылбыр саған.
Ұзақ жыл аңсап күткен тұңғышыңның,
Бал тілін естімедің былдырлаған.
Беймәлім ғой алдыңда қай бір сынақ,
Құтырамыз аспаннан айды сұрап.
Тәубе дейміз артыңда ұрпақ қалды,
Отырсақ та көзімізге қайғы шылап.
Еркін Оралбайұлы 12.10.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇