Өлеңдер ✍️
ТҮСКЕ КІРІП
Бір сезімге бергенмін үстемділік,
Болмаса деп алмадай піскен шіріп.
Жүрегімде ұялаған сенің бейнең,
Қуантасың тек түнде түске кіріп.
Түске кіріп бересің көңілге сеп,
Бəрі анық, қаламын өңім бе деп.
Күнде көрсем өзіңді арман болмас,
Түсте ғана елестей көрінбе тек.
Басқашасың өңімнен түсімде сен,
Мен бақытты көңілді түсірмесең.
Өң мен түсте көңілің бірдей болса,
Менің сорым мен оны түсінбесем.
Бақыт сыйлап түсіме жиі кірсең,
Жүректегі сезімге ие бір сен.
Сені сүйіп түсіндім махаббаттың,
Ұлы сезім екенін сүйе білсең.
Тағы келші түсіме, еркелеші,
Нəзік сезім өзіңмен ерте келші.
Көрерімнен көргенім көп болса да,
Махаббаттың жоқ екен ерте, кеші.
Асау аттай өңімде таятпасаң,
Түсте ғана бүркіттей тояттасам.
Оянбастан жатар ем, түсті көріп,
Өмір заңы мезгілмен оятпасаң.
Еркін Оралбайұлы 15/01/08
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇