Өлеңдер ✍️

  24.02.2025
  177


Автор: Еркін Оралбайұлы

ҰЛЫ ТҰЛҒА

 


 


Кім десеңіз қазақта Ұлы тұлға,


Мүмкін емес батыр көп ұмытуға.


Елін- жерін сан ғасыр қорғап өткен,


Бермес үшін қызы мен ұлын құлға.


     


Өнеге алып бөрідей түз тағыдан,


Жерді қорғап жауынан жүз аңдыған.


Ел билеген заманда батыр, билер.


Тарихта өшпес ерлікпен із қалдырған.


 


Би де шығар батыр да, ұлықты елден,


Шықпас əсте қорқақтық қылық ерден.


Дара туған Керей мен ер Жəнібек,


Ақ ордасын қазақтың құрып берген.


     


Қасым ханның шығарған "қасқа жолы"


Алғаш заң боп басылған тасқа қолы.


Заман еді Алаш жұрт дəурендеген,


Бейбіт заман, дастархан асқа толы.


 


Болашағын заманның шолып қырдан,


Құрамын деп ел басын жорық қылған.


Салу үшін бір жүйеге ата заңды,


"Ескі жолы" Есімнің толықтырған.


     


Алтай - Жайық созылған шеті арғы,


Жерді қорғап, қылышты етті қарғы.


Жесір дауы, күң дауы болмас үшін,


Бекіткенді Әз Тәуке"жеті жарғы"


 


Ханзада Оразмұхаммед Ондан ұлы,


Ер жүрек, тек Алланың болған құлы.


Ресейдің билігіне таластың деп,


Өлтірген "Лжедмитрий" жалған ұры.


     


Қалай айтпай кетерсің Абылайды,


Елді ойлаған ондай ер табылмайды.


Сол заманда үш жүзге хан сайлаған,


Ел екен ғой қазағым бағы майлы.


 


Немересі Абылай Кенесары,


Қазағымның бағына бере салды.


Орыстармен айқасып алтын басын,


Құрбандыққа қазақ деп Кене шалды.


     


Ахмет, Халел, Əлихан, Міржақыпты,


Еңбек еткен елі үшін кіл жақұтты.


Ақ ордасын Алаштың құрып беріп,


Алты Алашқа сый еткен бір бақытты.


 


Дара туған, Рысқұлов Тұрар ерім,


Қамын жеген Түркінің ұлан едің.


Қызылдардың қолынан шейіт болдың,


Азияда құрмақ боп Тұран елін.


 


Қазағымда ерлік көп ер істеген,


Қасық қаны қалғанша беріспеген.


Он ғасырда бір туар Момышұлы,


Қорғап қалған Мәскеуді немістерден.


     


Жан аямай фашистпен арпалысқан,


Оқ атса да орыстар арқа тұстан.


Қасым, Мəншүк, Əлия, Тоқтар батыр,


Ажалын да ерлікпен сарқа құшқан.


 


Қазақ деген кенде емес халық ерден,


Дәстүрі бұл бабалар салып берген.


Желтоқсанда кешегі жастарымыз,


Егемендік жан қиып алып берген.


     


Қазағымның ежелгі салтын құрсақ,


Жақсылыққа заманның атын бұрсақ.


Ел басқарар қазаққа талай ұлды,


Туар əлі аналар алтын құрсақ.


 


Еркін Оралбайұлы 28.05.2018.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу