Өлеңдер ✍️

  24.02.2025
  115


Автор: Еркін Оралбайұлы

ОЙЛАР

 


 


Ойлар, ойлар батырып тұңғиыққа,


Мұңға тартып айналған түн ұйыққа.


Құрсауынан шыға алмай қалың ойдың,


Тірелгендей өмірің шын тұйыққа.


 


Ойлар алса санаңды айналдырып,


Көбейтерсің арманды ойдан құрып.


Айлы түнде көз ілмей отырарсың,


Жауап берер күткендей айдан қылық.


 


Ойлай берсең бойламас, ойға сырық,


Тырыссаңда тастауға бойдан сылып.


Адам болмас өмірде оңайлықпен,


Қалың ойды мидағы қойған сырып.


 


Ойлар келер, уайыммен жүйкені жеп,


Жебір ойды кім айтар шүйкелі деп.


Әр адамға айналып соғар уайым,


Тағдыр бұйрық бергендей сүйкеніп өт.


 


Жеңілерсің бұл мұңға, бой бүгіле,


Оранғандай боранда қой түгіне.


Ойдың емі бөлісу жақыныңмен,


Жалғыз жеткен адам жоқ, ой түбіне.


 


Еркін Оралбайұлы  6.07.2018.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу