Өлеңдер ✍️

  23.02.2025
  127


Автор: Еркін Оралбайұлы

ЕСІҢДІ ЖИ

 


 


Ілесіп мына заман ағымына,


Дүние, қу тіршілік сағымына.


Байлықты қасиеттен биік қойып,


Өмір сүру дүниеге бағыну ма?


 


Ұмтылып күштілерге жағынуға,


Мойынға көп күнəні тағынуға.


Бара ма даяр болып соңғы кезде?


Заман емес адам өзі қағынуға.


 


Ентігіп дүние деп жанталасып,


Бақ қонса шікірейіп шалқа басып.


Ағайын көмек сұрап таяр болса,


Тізгінін асау аттай жұлқа қашып.


 


Дандайсып ел танымай ісі жүрсе,


Сыйламай үлкендерді ісіп үрсе.


Жыланша жиырылып түсі суып,


Үйіне құтты қонақ, кісі кірсе.


 


Адам бол, жаман əдет кесірді тый,


Кеш болар, өмір қысқа есіңді жи.


Түбіне қу дүние жете алмассың,


Аралас ағайынға кешіңді қи.


 


Жігітке жаман пиғыл жараса ма?


Бәрі уақытша, көп атақ жамаса да.


Тату бол ағайынмен араласқын,


Тек кездеспей құдайы, жаназада.


 


Еркін Оралбайұлы  27/01/2018.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу