Өлеңдер ✍️
АЙНАЛАЙЫН, ЕРЛЕРІМ, ЖЕҢІСІҢНЕН!
Жайма шуақ Қазақтың кең жайлауы,
Қазба байлық жайлаған жер қойнауы.
Тыныш жатқан алаңсыз бейбіт елді,
Жанды ауыртты соғыстың, жәй қоймауы...
Соғыс оты шарпыды кең даламды,
Қайғысымен тербетіп жер анамды.
Әйелдер жүр — қия алмай отағасын,
Аналар жүр — «босат» деп «сен баламды».
Отағасы қарайды — елін қимай,
Жазиралы мекені — жерін қимай.
Іштей тынып жылайды Отанасы,
Өксік толған көмейі, демін жинай!
Ұлдары жүр жәутеңдеп Анасына,
Аналар жүр жете алмай баласына.
Аманаттап бір-бірін, қоштасуда,
Соғыс уы себіліп жарасына...
Тылда жүрген Аналар, баласымен,
Аш, жалаңаш балалар анасымен.
Жақынынан қаралы хабар алып,
Біреулер жүр жанының жарасымен!
Сол жылдардың алауы жанды ауыртты,
Арайлы атар, ғажайып таңды алыпты.
Көз жасына Әйелдер, Аналардың,
Жеңісімнің жалауы жанданыпты.
Оралды Ерлер еліне жеңісімен,
Бірі опат, аманы тегісімен.
Рейхстагқа ту тігіп, елге оралған,
Айналайын Ерлерім, Жеңісіңнен!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇