Өлеңдер ✍️
СӘУЛЕЛІ ӨМІР
Сәулелі өмір — ақ пен қара бір жүрген,
Бір мұңайтып, енді бірде күлдірген.
Қарттарым жүр беріп бізге батасын,
Жастарым жүр құрметтерін білдірген.
Сәулелі өмір — алға бастап сыйластық,
Ағайындар, туыстар жүр сыйласып.
Әріптестер, жақын достар тұр әне,
Кете алмай, басым болып қимастық.
Сәулелі өмір — дөрекелік жоқ болып,
Сыпайылық, «сіз, біздік» тұр көп болып.
Шынайылық, шыншылдық тұр көш бастап,
Ынтымақтың көңілі көк, тоқ болып.
Сәулелі өмір — алдау, арбау жоғалды,
Өсек айту өз-өзінен тоналды.
Махаббат пен есік ашып мейірім,
Арамызға мәңгі көктем оралды.
Сәулелі өмір — қарттар үйі жоқ болды,
Қуантатын таңғажайып сәт болды.
Жетімдер жүр отбасымен қауышып,
Қолына ап аппақ қалың дәптерді.
Сәулелі өмір — жесірлер жүр күлімдеп,
Балаларым бар байлығым, үнім деп.
Елімізде сәбилер жоқ тастанды,
Сәулелі өмір — қуандырды күнім кеп.
Сәулелі өмір — бақыты көп тасынған,
Бетперделі жан көрмейсің қасыңнан.
Зейнет жасы елу үштен басталып,
Шаттығымды мың еселеп асырған.
Сәулелі өмір — жемқорлықты көрмейсіз,
Биіктерге құлаш сермеп, өрлейсіз.
Жоқ болыпты зорлық пенен зомбылық,
Жаныңызды жақсы әуенмен тербейсіз.
Сәулелі өмір — міне ғажап осы сәт,
Бұйырыпты Қазағыма осы бақ.
Үйсіз-күйсіз жүрген жанды көрмейміз,
Алдында тұр пәтер кілті тосып ап.
Дәл осындай елімізге күн келсе,
Қазақстан таңғажайып түрге енсе.
Болар едім ең бақытты мен адам,
Қазақ елі мінсіз бақ боп гүлденсе...!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter