Өлеңдер ✍️

  18.02.2025
  126


Автор: Жібек Ысқақова

САЛЫСТЫРМАЙМЫН

Салыстырмаймын:
Бұрынғы мен қазіргі бұл заманды,
Биікте еткен өр көкірек наданды.
Технология дамығанмен бұл таңда,
Жалқаулық көп жаулап алған санаңды.
Салыстырмаймын:
Бұрынғы мен қазіргі бұл заманды,
Айыра алмас жақсы менен жаманды.
Жат қылыққа жаны құмар жандар көп,
Көпшілікте түсіретін бағаңды…
Салыстырмаймын:
Бұрынғы мен қазіргі бұл заманды,
Бұзақылар жаулаған көп даламды.
Күндіз «Имам», түнде «Иван» болатын,
Адамдар көп, сөздері жоқ жарамды…
Салыстырмаймын:
Бұрынғы мен қазіргі бұл заманды,
Қоқыстарға тастайтын ас-тағамды.
“Көбелектер” ұшатын көп түнгі әлем,
Жабықтырып, мұңды ететін қаламды…
Салыстырмаймын:
Бұрынғы мен қазіргі бұл заманды,
Баласынан бас тартар көп анаңды.
Үйін-күйін тастап кеткен әкелер,
Қабыл алмас қолыңдағы балаңды…
Салыстырмаймын:
Бұрынғы мен қазіргі бұл заманды,
Жастарымның ойлары жоқ тарамды.
Ғаламтордың шырмауына шырмалып,
Баса алмай тұр нық сеніммен қадамды.
 Салыстырмаймын:
Бұрынғы мен қазіргі бұл заманды,
Жазым етер пайдасы жоқ қоғамды.
Тіл мен дінім көлеңкеде қап қойып,
Кей адамның сенімдері жоғалды.
Салыстырмаймын:
Бұрынғы мен қазіргі бұл заманды,
Шынайылық бойымыздан тоналды.
Әлімжеттік ана өмірге жол ашып,
Батырсынып, жан алғыштар оралды.
Салыстырмаймын:
Бұрынғы мен қазіргі бұл заманды,
Боп барады мына өмір қараңғы.
Айта берсем күйің кетер көңілден,
Тырнағандай айналып кеп жараңды…
Салыстырамын:
Бұрынғы мен қазіргі бұл заманды,
Бар жақсыға толтырып ап санамды.
Жаратқаннан мейрімділік сұраймын,
Тура жолға жетелейтін адамды…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу