Өлеңдер ✍️

  18.02.2025
  207


Автор: Жібек Ысқақова

КЕЛШІ ДОСЫМ, МАҒАН ҚОСЫЛ, КӘНЕКЕЙ!


Керегі не жат нәрсенің біздерге,
Ілесейік тағылымды іздерге.
Келші досым, маған қосыл, қанекей,
Көрсетейік салтымызды ізгі елге!
Қане бірге алтыбақан тебейік,
Киіз үйдің керегесін керейік.
Айлы түнде ақсүйек боп жарқырап,
Ал бәйгеден бірінші боп келейік!
Қыз қуудың шарттарына қанық боп,
Теңге алуда басар қадам анық боп.
Алғы шептен көрінейік көкпарда,
Күндей болып шуақ шашар жарық боп!
Айтысайық домбыраны қолға алып,
Ақындыққа дараланған жол салып.
Бар ғаламды тәнті етейік қане біз,
Ақан сері атамыздай ән салып.
Қара жорға биін бірге билейік,
Жат қылыққа басымызды имейік!
Ұйықтауменен өткізетін уақытын,
Есерлермен байланысып жүрмейік!
Сыйластықтың берік ұстап қамалын,
Ынтымақтың шайқалтпайық аралын.
Өмір теңіз, білім кеме жүзейік,
Имандыққа толы болып жанарың!
Қане бірге ел үмітін ақтайық,
Салтымызды ақша үшін сатпайық!
 Тәрбиемен сусындатып жастарды,
Ұлттық киім кидіруге бастайық!
Имансыздық жарға апарар тұйық жол,
Әр жолында жандыратын күйік мол.
Бұрыс жолды таңдағандар, тайдырар,
Өз әлемін насихаттап, жиып қол.
Қараңғылық жаулап алған бұл әлем,
Тұмшаланған көрінердей құнды әлем.
Сырты бүтін, іші түтін айныған,
Азаны жоқ, қазаны жоқ түнгі әлем!
Достық атпен жаулап алар жаныңды,
Байлап тастар содан жәймен бағыңды.
Аулақ жүрші, мұндай бұрыс жолдардан,
Сындыратын аяусыз кеп сағыңды!
Жаратқанмен бір болайық оданда,
Аллахымды Ұлық санап әманда.
Жақсылықты шаршамайық жасаудан,
Мұқтаж болған қиын қыстау заманда!
Біздің әлем шыншыл-дағы шынайы,
Бауырмалдық орын алар ұдайы!
Осы әлемге қосыл досым, қанекей,
Жарқыраған аспанында күн, айы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу