Эсселер ✍️
Табиғатты тәрк еткен тақ тағдыры. Аналитикалық эссе.
Аты аңызға айналған ассириялық данагөй Ахиакар: "Өз iстерiңмен айналысқанда ағаш кесушiлерге ағаш айтыпты деген бiр сөздi естерiңде ұстаңдар: «Егер сендердiң қолдарыңда менiң денемнiң бiр бөлiгi болмағанда, сендер ешқашан менi құлата алмас едiңдер» деген екен. Ағашты ағаштан жасалған құралдармен қиратып, өз пайдасына жарату қазіргі уақытқа дейін жалғасын тауып келе жатқан ақылсыздардың ақылсыз ісі. Неге ақылсыз деп ойлайсыз?!. Өйткені, оның салдары қиын, нәтижесі тиімсіз болып тұрғаны қынжылтады. Табиғатты құртып таққа отырып, патша болып, енді өзі де қоса суға ағатын пенденің пендәуи қылықтарына не дерсің?!
Елімізде соңғы жылдары орман шаруашылығы мәселесі өзекті болып тұр. Соңғы уақыттарда болған тілсіз жау онсыз да орман аумағы аз жерімізге айтарлықтай зиянын тигізіп кеткенін қаймана қазақ біледі, ұғады, өкінеді... Заңсыз ағаш кесу мәселесі, әсіресе, жыл соңы жақындап, Жаңа жыл мейрамы қарсаңында өзектілігі арта түседі, адамзат баласы бұл күндері құдды бір шырша ағашының жауына айналғандай әсер қалдыратыны сөзсіз. Бір күндік мерекеден кейін қоқыс жәшіктерінің шырша ағашына толып тұрғанын жиі байқауға болады. "Әкім шыршасы" десіп, айналып, би билеп, ән шырқатып жас ұрпақты, өскелең өренді "мәз" қыламыз!.. Әкім үшін шырша мен тақтың маңызы зор болар, ол жылдар өткен сайын азая берсе құрлықта не қалмақ? Әрине, су қалады. Суға тағымен, барымен, кешегі өзі үшін кесілген ағаштардың діңімен, тамырымен қоса өзі де, өзге де кетеді десем ойыма қосыласыз ба?! Топастықтан өзі осылай жасаған топан суға батып өлгенше асылып қана өле салайын десе тым құрығанда бір ағаштың қалмағаны өте қиындау... Ниеті түзу емес адам қаншалықты жоғарыға ұмтылғанымен оның түптамыры, рухы, жандүниесі төменге тартады. Адамзат баласы ертең ақырзаман боларына немесе бұл дүниенің жалған екеніне шынайы сенсе әр жан бір тал егер еді. Алаш аңсаған алпауыт жердің жасыл желегіне қол сұқпай ар-ождан ілімі алдында ағашты ойыншық етпеу керек!
Өскемен қаласы
4 тамыз 2024 жыл
- Абирова Салтанат Қабылханқызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇