Эсселер ✍️

  16.05.2024
  99


 «ӨЗІҢДІ ОҚЫТУ-ИГІ ІС,БІРАҚ ӨЗГЕЛЕРДІ ОҚЫТУ ОДАНДА ИГІ»

 


        Балаға тәрбиеде қандай бағыт берсек, үлкенге де сондай бағыт-бағдар беріп отыру керек, онсыз үлкен адамдар да қателесіп кетуі ықтимал. Баланы не бұзатынын білсем, соған амал табар едім, бірақ оның қиындығы барлық талап тілегіне шектеу қоймауында ма деймін? Адам табиғатындағы ақылсыздықты тек тәрбиенің күшімен ғана ақылға келтіруге болады. Сондықтан тәрбиеге әрқашан бірінші жетекшілікті беру керек.


       Бабалар дәстүрінде тәрбиелеудің ең басты белгісі сенім. Осы берік сенім негізінде адамды қалыптастыра аласың. Өзіңді өзің беріліп, сеніп, шын тәрбиелемесең, қай істе болмасын өжеттілік жасай алмайсын.


       Болайын деген бала жер тепкілеп туады, онысы «болам,болам», «алам,алам» дегені. Мен кейбір адамдардың сөзін, ойын, пікірін таң қалып тыңдаймын, тұла бойы асыл қазынаға толы неткен жандар деп ойлаймын. Егер осы адамдар түбегейлі қолына қалам алып жазса, кемеңгер адам болып, ұрпақтың кәдесіне жарарлық көп көп мұра қалдырар еді. Бірақ, көп адамдар тұтанып жанып, жылу да, жалын да бермей, өзімен алып кетеді. Сондықтан адамға ерте мән беріп, тәрбиелеп, бағыт бағдар берген дұрыс! Тентек қайдан келді демендер, қайда тіршілік етті деңдер.


Мектеп тәрбиесінен өтпеген бала - суарылмай тұрған гүл сияқты, барлық әсем түсінен айырылып қалады.Класс активіне сүйенген тәрбиенің жүз көзі, мың құлағы бар, сондықтан күнделікті жұмысты орынды пайдалана білген ұстаз табысты болады.Қорқытудың тәрбиелік мәні жоқ екендігі аксиомаға айналғаны шындық, сондықтан кімде-кім тәрбиеші болғысы келсе, бұл тәсілден әр кез аулақ болғаны жөн.


     Тәртіпсіздік істеген балаға қатаң сөз айтып керек емес, жылы сөзбен өзіне тартып, себебін өзіне айтқызып, істеген ісінің дұрыс бағытта еместігіне көзін жеткізу керек, бала деңгейіне дейін өзін кішірее білуің керек, әйтпесе ештеңе шығара алмайсын.


         Шәкірттер арасында тәлім-тәрбие жұмысын жүргізу күрделі инженерлік құрылыс тәрізді, қателік жібермеуді талап етеді. Тәлім-тәрбие барлық істің басы.Қисықты түзететін - күш, қыңырды түзететін - тәрбие, басқа жол жоқ.Жылы сөз тәрбиенің кілті де, құлпы да, сондықтан жылы сөз сөйлеуге әр кез дайын бол.Адамға күн шұғыласы қандай қажет болса, тәрбие де сондай қажет,ендеше тәрбиеленіп өскеніне мақтана аласың.Тәрбиелену міндет те, борыш та, сондықтан әр жеткіншек ол кезеңнен өтуі қажет.Қорқақтық тәрбиенің жеткіліксіздігінен, сондықтан тәрбиеде мақсат, талап, тілек қойылып отыруы қажет. 


Ережелер тәртіптілікке ғана шақырып қоймайды, мәдениеттілікке де үйретеді.


Мектеп ережесінің мәнін, сыр-сипатын терең ашып түсіндіре білу - тәрбиешінің төл жұмысы.


Мен тәрбиеші бола алмаймын, ұстаз боламын!,- дейді кейбір мұғалімдер, олар балаға білім беру үшін тәрбиені бірінші кезекке қоюды ұмытады. Әуелі тәрбиеле, содан соң білім бер.


Тәрбиенің мақсаты: шат көңілділікке, өмір сүйгіштікке, адамгершілікке және жасампаздыққа баулу.


Мектеп өмірі ақиқат мәліметтер мен уақиғалардың жиынына толы болуы керек. Шындықтан алшақ, ғылымнан алыс ұғымдар мен ойлар мектеп іргесіне жақындамағаны жөн.


Мектеп барлық ғылым саласынан орта мәлімет беретін бірден-бір ғылыми орын, сондықтан әр оқушы өзіне керегін мектептен алып қалуға талпынуы керек, онда мектептегі бір күн іздегеніңді, кейін мың күн іздемейтін боласың.


Келешектің ұстаздары кем дегенде үш тілді, не үш мамандықты меңгерулері керек, ал компьютермен еркін жұмыс істеуге дағдылану қазіргі талап-тілек болып отыр, сондықтан келешекте ұстаз болу бақыт та, арман да болсын деймін жас ұрпаққа.


Педагогика мың мінездің басын біріктіріп, бір жиынтық мінез тудыратын ғылым.


Педагогикалық жұмыспен шұғылданған адам үш дәуірді басынан өткізіп өтеді: ол кешегі, бүгінгі және келешек.


Біздің мақсатымыз  - шәкіртті жындысүрей етіп тәрбиелеу емес, ойшыл, епті, ерікті, сезімтал етіп тәрбиелеу,  оны күнделікті тәрбие жұмысында ұмытуға болмайды.


Жындысүрейді де тәрбиелеу ұстаздың үлесіне тиген, сондықтан ақыл ойынды, күш жігеріңді оларға сарқа бере білуге үйрен.


Педагогика - сәбилердің ұясы, оны таза ұстау керек.


 


Оқушыға тәртіп талабын қойсаң, оны сыйлайтыныңды да сездіріп қойғаның дұрыс, себебі бала талап-тілекті түсінбеуі мүмкін. Адамды адам сыйлау арқылы ғана түсініседі,сыйласады.


Тентек жойылса, тәрбие далада қалады деме, ол шексіз.


Тәрбиенің құдіреттілігі сонда, күн сәулесін уыстап бергендей, ендеше зиялы азамат - тәрбие жемісі.


Мектеп басшысы тәрбиені оқушыдан емес, мұғалімнен бастаса іс түзеледі, мақсат айқындалады.


Менің мақсатым - бала жүрегінің дүрсілін сезіну.


- Бір ибадат оқып жібер,- дейді көптеген қариялар, ал қайсы бірі:  


«Ибадатты бала екен»,- дейді, сондықтан баланы ибадаттылыққа тәрбиелеу 


керек.


Барлық ұстаздар міндеттерін өз құқығындай жақсы білсе ғой, жұмыс алға тезірек басар еді.


Жақсы ұстаз туа болмайды, жүре болады, бірақ дағдыда өмір бақи «ұжым тәрбиесінде» жүрген ұстаздар әлі де бар-ау.


Кейбір шәкірттерге неге сабақтан кешіктің демеу керек, кешігіп болдың ба деу керек, сонда ол кешіккенін тоқтатады.


Ұстаз ұстаз болған шәкіртімен кездессе де, ұстаздық сөзін айтады, ғажап жалғастық.


Ұстаз шәкіртке күн болып көрініп, нұр болып төгілуі керек, себебі шәкірт оны «құдайдай» көреді.


Шәкірттің ойын күнде жетелеп отырмаса, ол тәрбие көшінен қалып қояды.


Жақсы ұстаздың аяқ басқанының өзі оқы, оқы деп дыбыс бергендей.


Өзгені ұмытсаң да, шын ақылшы адамыңды ұмытпа.


Күнделікті оқымаған ұстаз - өз міндетін орындамағаны.


Алаңғасар шәкіртке алаңдамас ұстаз кез болар.


Жас ұстаз екі-үш жыл алаңдамай тиянақты қызмет істесе, одан ұлағатты ұстаздық күтүге болады.


Ұстаздың сөзі - игі істің басы.


Шәкірт шәкірт болуы үшін, ұстазға беріліп еліктеу керек.


-         Бақытты кімге берер едіңіз,- депті шәкірт ұстаздан.


-         Кім көп оқыса, соған,- депті ұстаз.


Баланы хұсайын етіп тәрбиелеу бесіктен басталады, бұл әр ананың парызы, оны естен шығаруға жол жоқ.


Біз адамдарды өзгертеміз деп тәрбие жұмысымен шұғылданып жүрміз, бірақ өзгеріп кеткен адам жоқ, тек әр қоғамдық талап-тілектерге байланысты бейімделген адамдарды көріп жүрмін. Адам - жағдайдың құлы, тәрбие - құлды жұбатудың құралы.


 Шәкіртке қатты сөз айтуға болмайды, ол алланың қаһарынан да жаман.


  «Бұзық» оқушымен әңгімелеспес бұрын, өзің туралы айтшы деп жақын тарт, сонда оны түсінесің, күдігің жойылады, өзара тіл табысасың. Тіл арқылы жүрекке кіресің.


Адамды тәрбиелеймін десең, оның тілегін орында, одан арғысы белгілі болады.


Ұлы адамдар да өле-өлгенше тәрбиеленіп өтеді. Тәрбие - телегей теңіз, байтақ ұғым, шеті мен түбіне жете алмайсың. Тәрбие - адамның екінші


табиғаты.


 Тәрбие — теңіз, сондықтан тәлімдегің келсе, малтый білуді үйрен.


 Баланы баяндама оқып тәлімдеме, баяндап тәлімде.


 Барлық кереметтілік табиғатта ғана емес, адамдарда да сан-қилы, бірақ әлі толық сезініп біле алмай жүрміз. Адамды зерттей де, тәрбиелей де, түсіне де білуге ерте бастан көңіл бөліңдер.


 Қай есік болсын, теуіп ашпа, тәлімгерлігіңнің төмендігін көрсетесің.


 Жұмыртқадан шыға сала, құс та ұшпас.


 Кедейлікке емес, байлыққа тәрбиелеу керек, себебі ұрпақ бай өсіп жетілсе,  халыққа да берері көп болады.


 


 Ұстаз мейірімсіз мінезін ешкімге де білдірмеуі керек, әйтпесе ол ұстаз бола алмайды. Ұстаз баланың жүрегінде отыратын «ақ періштесі» болуы шарт.


Баланың жүрегін меңгермей тәлім-тәрбие, білім-өнер бере алмайсың.Ұлттың ұйтқысы, намыс пен ержүректілікті, ақыл мен ойшылдықты қалыптастыратын, тәрбиелейтін ұстаз ғана. Ұстазы аз ұлт өсіп жетіле алмайды, рухани кемтар, жалтақ, жасық ұлт болады. Ұстаз ұлттың жаны мен дем берушісі.Ұлы ұлт боламын десең, ұстазды көбейте беріңдер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу