І. Есенберлин «Қаһар» романы. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, әдістеме. 13 сабақ.
І.Есенберлиннің «Қаһар» романы бойынша кейіпкерлердің даралық сипатын талдатуда Қарағанды университетiнiң хабаршысында жарияланған мақаланы қосымша ұсынуға болады.
«Қаһар» — «Көшпенділер» трилогиясының үшінші кітабы
Ілияс Есенберлин тудырған тарихи шығармалардың танымдық-тəрбиелік қуатының күштілігі мен көркем шығарма ретіндегі эстетикалық пəрменінің қуаттылығы ерекше болса, бұл сипат алғаш дүниеге келген «Қаһар» романының өзінде-ақ айрықша мол болды. «Қаһардың» алғашқы аты «Кенесары» екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Цензурадан өткізу үшін жұмсартқандағы түрі —«Қаһар». Жазушы осы романы арқылы тарихи тақырыпты игеру жөніндегі батыл жаңашылдық көрсетті.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Алпысбаевтың пайымдауынша, автордың алғашқы кітаптан басталмай («Алмас қылыш» романы), трилогиясының соңғы бөлігі «Қаһардан» бастауында мынадай себептер болған сияқты [5].
Біріншіден, суреттеліп отырған кезең біздің дəуірімізге біртабан болса да жақын, тарих тасасына дидарын жасырып үлгермеген.
Екіншіден, ел ішінде ізін суытпай аңызға айналып, халық жадында жатталып, жазылып қалған тарихи оқиға мен нақты адамдар тағдыры авторды қызықтырған. Сондықтан Ілекең соны жазуды діттеген.
Үшіншіден, Кенесары Наурызбай қозғалысы жайында жазылған еңбектерді саяси орын түгел отқа жаға алған жоқ. Яғни қолына түсіп, жинақталған материалдар жазушыны шабыттандыра түскені шындық.
І.Есенберлин өз романында баяндағандай, ұлт-азаттық күресті табысты жүргізу үшін Кенесары Қасымұлы бір орталықтан басқарылатын хандық құрды. Ханның жанынан жоғары кеңесші орган — өзіне барынша адал берілген батырлардан, билерден, сұлтандар мен жақын туыстарынан тұратын арнайы Кеңес құрылды. Кенесары хандықты өзінің сенімді адамдары — жасауылдар арқылы басқарды. Жасауылдар сот ісімен, шаруашылық мəселелерімен, дипломатиялық жұмыстармен, алым- салық жинаумен жəне əскери істермен айналысты. Жасауылдар сонымен қатар орталық өкімет билігі берген нұсқаулардың мұқият орындалуын, мал жайылымдарының дұрыс бөлініп, тиімді пайдаланылуын бақылады, халықтың көңіл-күйін де қадағалады. Хан билігі қызметінің оңды нəтижелері ретінде оның қол астындағы халық арасында алауыздық пен барымта алу жойылды. Кенесары хан идеясы — Кенесары хан билік құрған қазақ қоғамында дін, сауда айналымы, шаруашылық, тəртіптілік, зиялылар кеңесі тікелей ұлт мүддесіне қызмет етуге бағытталды [6].
Бір ғана Ақмола бекінісін алу оқиғасы арқылы Кенесары Қасымұлының асқақ бейнесін көруге болады. 1838 жылдың 7 тамызында Кене ханның Ақмола бекінісін өртеп, патшаның отаршыл саясатының пəрменін қайтарған тарихи күн. Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» тарихи романындағы Ақмола бекінісін алған тарихи оқиғаны зерделей отырып, қазақ батырларының тұлғалық бейнесінен тағылым аламыз. Зиялылықтың жібін жалғаған талантты жазушы қамалға кірген Басықара батыры оққа ұшқан сəттегі Кене ханның «Тастамаңдар Басықара батырды жау қолына!» деген жан айқайын, жау қамалына жеке кетіп шауып бара жатқан Кенесарыны көргенде өзгелері де орындарында тұра алмады» [7] деген жолдардан батырлық рухты көреміз.
Ақмола бекінісін алған күн қазақ тарихында мəңгі қалды. Кене хан еліне сүйенді, елі Кенені отаршылық бұғауынан азат етуші хан ретінде қабылдады.
Мұхтар Əуезовтің «Хан Кене» пьесасы 1934 жылы Қазақ мемлекеттік драма театрында бір-ақ рет қойылып, аяғы үлкен дауға айналып, сахнадан алынып, солақай саяси сындардың астында қалғаны белгілі. Бұл еңбек кейіннен араға жарты ғасырдай уақыт салып барып, жазушының жиырма томдық шығармалар жинағының 14-ші томында алғаш рет жарияланды.
1952 жылы білгір тарихшы Е.Бекмаханов Кенесары бастаған ұлт-азаттық тарихын жазғаны үшін 25 жылға сотталды. Ермұхан Бекмахановтың еңбегі соғыстан кейінгі Қазақстандағы екінші толқын саяси қудалаулардың басты объектісіне, негізгі себептерінің біріне айналып, аяғы қазақ зиялыларын жаппай қуғынға ұшыратқан саяси науқанға ұласты.
«Қаһар» романы басылып шыққанда халықтың ұлттық сана-сезімі біршама өсіп қалғандықтан да мұндай сорақылықтар бола қойған жоқ. Дегенмен, оның авторы І.Есенберлин де көптеген саяси айыптаулардың астында қалған болатын. Халық оң-солын танып, ұлттық рухы күшейе түскен «кемелденген социализм» кезінде отызыншы, елуінші жылдардағыдай саяси қудалауларға жол беріле қойған жоқ [8].
Жалпы алғанда, I.Есенберлиннің «Қаһар» романы — қазақ халқының азаттық жолындағы күрес шежіресіне қосылған, оның Кенесары қозғалысы сияқты аса ірі кезеңінің ішкі сырларын көркем түсінуге көмектесетін елеулі тарихи шығарма. «Қаһар» қазақтың қойын кітабына айналды.
Р.С.Каренов
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру