Шұғаның белгісі Бейімбет Майлин - Повесть


Повесть
«Шұғаның белгісі» - қазақ прозасының шоқтығы биік туындыларының бірі. Мұнда кейіпкер образдары біртіндеп, оқиға желісі бойынша, басынан өткен істердің арқасында анықталып, көрініп отырады. Махаббатқа деген адалық, ақылдылық, сезімнің нәзік тұстары қазақ жастарына тән әдеп пен иба салт-дәстүрге сіңіріле отырып баяндалған. Жазушы Шұғаның ажарлығымен қоса мінезінің салмақты, ұстамды, ақылды екенін көрсетеді. Өз заманының қыздарымен салыстыру арқылы Шұғаны биікке көтереді. Әрине, бұл көпке күйе жағу емес. Ал «Сол Шұғалар хатты зорға танушы еді. Сонда да осы күнгінің оқыған он қызына бергісіз еді» деу арқылы Шұғаның зеректігінен, білімпаздығынан хабар береді.

ШҰҒАНЫҢ БЕЛГІСІ

I

Біз елден шыққанда күн де сәскелікке жақындап еді. Ұшпалы сұр бұлттар көшкен керуен сықылды, тіркесіп оңтүстікке қарай жылжып ұшып, күннің көзі біртіндеп ашыққа шығып, жылы шырай нұрын шаша бастады. Әйткенмен солдан соққан салқын жел өзінің өткірлігімен жұқа киімнен ызғарын өткізіп, тоңдырып, сентябрь айының жеткендігін жолаушыға еріксіз ойлатарлық еді.

Біз екеу едік.

Менің астымда жортақылау тапал торы ат, жүргіштеу. Ертоқымым ескілеу, байлардың малға мінетін ер-тоқымы. Үстімде қонған үйімнен сұрап киген шидем күпі. Қолтығымдағы жыртығынан жел өтіп мазамды алыңқырап келеді. Жолдасым отыз-қырықтардың шамасындағы жер ортасы адам, сиректеу сақал, мұрты бар; қара бұжыр, күлімсіреп дөңгеленіп тұрған қара кезді, пішініне қарағанда бір түрлі сөйлемпаз адам секілді. Астында қойшылар мінген қаракер бесті, үсті-үстіне ұрып отырмаса кейін қалып қала береді.

Жел артымыздан еді, ауылдан он-он бес шақырым шықтық. Жаздай жайлап елдің шаңын шығарып тастаған жайлауын қақ жарып құбылаға бет алып келе жатырмыз. Жанды қарта жоқ. Бірен-саран шалшық сулардың басында ұялып отырған топ-топ қаздарды көресің. Елдің жұртыңда жер ошақтың араларындағы сүйек-саяқтарды, елдің сыртындағы ескі апандардың маңайына тасталған бірен-саран өлімтікке он-он бесі жиналып қарақұс, қарға, өгіз шағалалар той-тойлап жатыр...

Жүрген сайын жер өнбегендей, сол ұшы-қиыры жоқ елдің жайлауы бітпейтіндей көрінді. Бір белеске шықсаң алдыңда екінші белес. Мен шықтым. Манағыдай емес, атқа жортқан соң денем жылынып, ептеп маңдайымнан тер де шығайын деді. Жолдасымның басында желпен. Елден шығарда бауын мықтап байлап алған. Шабан қаракер үсті-үстіне ұрғызған соң о да бусанайын деді білем, желпенін шешіп алып беліне байлады. Милығына түскен бөркін жоғарырақ көтеріп қойып, қаракерді бір тебініп шаужайлап жіберіп маған қатарласып:

– Тым бері бұрыла бермеңіз, күнбатысқа таман жүрейік, деді.

– Сіз кейін қалған соң мен алдыңызды орағыта беремін.

– Жамандатқыр мынау бір ит екен, тіпті жүрмейді, - деп қамшымен салып-салып жіберді.

Менімен қатарласып алған соң қаракердегі ашуы біткен тәрізденіп, азырақ жадыраңқырап маған қарады.

– Мынау алдымыздағы үлкен көл «Қамысақты» ғой: осының сол жағын ала жүріп ана шаңырқай көрінген Обаның белесінен тура ассақ алдымыздан бір кішкене сүрлеу келеді. Сол сүрлеумен барып Шұғаның белгісінен қара жолды қиып аламыз, - деді.

Әңгіме азырақ ой бөлейін деді. Аттың жортысына шайқалып ауырып кележатқан іш те ұмытылғандай болды. Жол қысқарту үшін жолдасыммен сөйлесуді мен өзім де тілеп келе жатыр едім. Бірақ бұрын сырлас адамым болмаған соң әңгімеге қандай жайынын барын анық біле ал май сөз ашпап едім. Және менің бір әдетім жолда келе жатқанда өзім сөйлегеннен де, біреуді сөйлетіп тыңдауды артық көруші едім.

Жолдасым жол әңгімесін бітірсе «тағы да бар, тағы да бар» деген кісі тәрізді сөз сөйлеуге ыңғайланып тұрды. Мен әңгімені неден бастарымды білмедім, жол жайын айтып өткен «Шұғаның белгісі» дегені бар еді. Одан пәлендей сөз туады деп дәмеленбесем де, бастауға себеп болсын деп ойлап:

– «Шұғаның белгісі» дегеніңіз не нәрсе, тау ма, — дедім.

– Жоқ, әшейін, бір обашық, — деді. Кейін қалып бара жатқан соң тағы тебініп қатарласып:

– Шұғаның белгісін сіз білмейтін шығарсыз-ау, — деді.

– Мен қайдан білейін, бұл жаққа бірінші келуім, — дедім.

– Білмессіз... сіздер жассыздар ғой, — деді. Маған қарағанда өзі недәуір кепті көрген үлкен адам болып көтеріліп қойды.

– Сіз білмейтін шығарсыз, жассыз ғой. Уақытында Шұғаның әңгімесін бүл өлкенің баласына шейін біліп болып еді... ой, шіркін, өзіде Шұға десе Шұға еді-ау, деді.

Жолдасымның бұл сөзінен мен Шұғаға ынтықтым. Анығын сұрап білгім келді.

– Шұғаның әңгімесін айтсаңыз қайтеді, жол қысқарсын, — дедім.

– Айтайын, — деді.

Қаракерді тағы тебініп қатарласты. Жалпылдап жайылып келе жатқан етегін жинап тақымына басып, ерніндегі насыбайын тастап бір-екі түкірініп алып, ыңғайланып:

– Бұл қызық әңгіме, тыңдаңыз, деді.

Сөзді бастап та жіберді.

II

... Бүгінгі шыққан ауылыңызды «Ерекең» ауылы дейді. Содан ары қарай өзеннің бойы жалпағынан ел. Бір атаның баласы жүз елу-екі жүз үйлер бар. Қыс қыстаулары басқа болғанмен, жаз көбіне бірігіп отырады. Мынау алдымызда көрінген «Қамысақты» дейтін көліміз. Осының маңайы жыбырлаған шұқырынды томар. Августан бастап осының басы елмен толады. Әр томарға төрт-бес үйден қонып бөлек-бөлек отырғандары. Ой, дариға-ай, талай қызықтар өтті ғой.

Бала күнімізде анау көрінген тебенің басында талай асық ойнап едік... ол да бір дәурен... ия... бұл ауылдың күзге қарай қонатын жері, жазғытұрғы авгусқа дейін отыратын жайлауымыз, бүп көл де Шұғаның белгісі атанды, бұрын «Тарғыл егіз сойған» деуші едік. Үлкен көл, маңайы толған шорқынды су... ол уақытта жердің берекесі қандай. Өзіміздің ел қаншама... оның үстіне ту Сырдан келіп жаппастар да қонады... кейінгі кезде ғана жаппас келуін қойды ғой. Біздің Беркімбай дейтін жақын ағаларымыз болады. Бұрын бай еді, болыстыққа таласамын деумен-ақ малын құртып алды. Осы күні кедей. Сол Беркімбайдың әкесінің нағашысы — жаппас Есімбек дейтін болды. Өзі бай еді, жаппастың алды деуге боларлық. Беркімбайға арқа сүйеп, Есімбек сол «Өгіз сойтанның» ең шұрайлы жеріне қонушы еді. Өзі де жомарт, қонақпаз еді. Елге жағымды болып тұрды. Мал мен басы бірдей, құдай тілегін берген бір адам: ортан қолдай төрт ұлы болды — шетінен қасқыр. Сол төрт ұлдың ортасыңда бұлаңдап өскен Шұға дейтін қызы болды. Шұға десе Шұға. Шұға, өй, шіркіннің өзі де келбетті-ақ еді... ақ құба, талдырмаш, көзі қап-қара, осы, үріп ауызға салғандай еді. Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген бала емес. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, бір түрлі паң еді-ау, шіркін... Бұл күнде ондай қыз қайда. Ажары тәуірлеу біреу болса, соны көтере алмайтынын да білмейсің, ешкіге құсап шошаңдап жүргені. Заман бұзылған ғой... иә...

Осы күнгілердің бір тапқаны, қызды оқыту керек дейді. Сол Шұғалар хатты зорға танушы еді. Сонда да осы күнгінің оқыған он қызына бергісіз еді. Айнала айтқанда құдай сана берсін десейші...

Ол кезде менің жиырмаға жаңа келген кезім. Есімбектің үйіне араласып жүрдім. Менің бір Базарбай дейтін інім сол Есімбектің қойын бақты. Өзі бала күнінде епті-ақ еді, былтыр қайтты. Сол баланың арқасында ерте барам, кеш қайтам. Жаз көбіне сонда болушы едім. Шұғаның сонда он алтыдағы кезі шытар деймін. Елдің бозбалалары ертенді-кеш қылжақтап сол ауылдан шықпайды. Ептеп сөз салдыратындары да болады. Бозбалалардың хатын таситын менің інім, Шұға біреуіне жауап қайырмайды.

Бозбалалар кейіп: байдың қызы болған соң іріленгені ғой, тәкаппар десуші еді.

Менімен құрдас біздің ауылда Кәрім деген бар. Сол уақытта да өзі есерсоқтау еді. Біз мазақ қыла береміз. Шұғаға қылжақтайтынның біреуі сол. Бір күні бір жазған хаты менің қолыма түсті. Өлең жазған болыпты... немене еді, тәйірі, соның өлеңі...

«... Қападан алып келген боз белбеуім,

Болса да жаман, жақсы өз белбеуім.

Көп айдың көрмегелі жүзі болды,

Жүрмісің аман-есен, көз көргенім», —

деп жазыпты.

Бозбалаға ермек керек. Мазақ қылу үшін Шұғаның хаты қылып өлеңмен жазып Кәрімге тапсырдық. Кәрім ашып оқығанда төбесі көкке жеткендей болды.

Біздің сонда Шұға болып жазған өлеңіміз:

«... Алаштан асып туған сымбаттым-ай,

Базардың пұлы жетпес қымбаттым-ай.

Арманым бұл жалғанда болмас еді,

Күн болса қосатұғын саған құдай...»

Ой, алдай,қызық заман екен-ау, ә...

Шұғаның әке-шешесінің бір артық жері, он алтыға келгенше Шұғаны күйеуге бермейді. Осы күні байлар, қызы шырылдап жерге түсісімен біреудің малын алады ғой... Уақытын да талай мырзалар айттырды, бәріне де нәсіп болмады. Ат жетер жердегі бай балалары мүлде түңіліп болды. «Есімбек қызының бағың байлады. Енді бұған тәуір күйеу кездеспейді» деп жұрт өсек қылып та жүрді. Ол әшейін бір сөз ғой, құдайдың жазуынан артық не болмақ...

Артынан есіттік, Есімбектің бермеудегі мәнісі, өзі жас кезінде Қали дейтін құрдасымен серт байласқан болса керек: «Бірімізден ұл, бірімізден қыз туса, екеуіміз құда болайық» деп.

Сол сертін күтеді екен ғой... Ия...

Қамысақтының басына түсіп, азырақ кідіріп ер-тоқымымызды дұрыстап ерттеп, тағы да жүріп кеттік. Қаракерді бір-екі бауырлап алып жолдасым тағы сөзге кірісті.

III

... Ол кезде заман қандай, жер әдемі, мал көп, орыстың иісі де жоқ.

Жазғытұрғы майдың айы бітер-бітпесте, шала-шарпы егін салып жайлауға жеткенше асығамыз... Бір жылы майдың 20-сы күні жайлауға барып қондық. Жаңбыр көп. Шөптің шығысы да жақсы еді. Бозбаланың басы құралған соң ертенді-кеш асыр салып ойнау, есі-дертіміз жаппас. Есімбектікі қашан келеді?.. Етке қашан тоямыз дейміз...

Бір күні қызойнаққа барып таң ата келе жатсам, ұйықтап қалған екенмін, әжем оятады:

–Жаппас келіп қонып жатыр. Базарбаймен көрісіп қарағымды сүйіп келдім, — дейді.

Жалма-жан тұра сала далаға шықсам, сәске түс болып күн ыси бастаған екен. Көлдің оң жақ беті жыбырлаған мал: қой, түйе... шоқиып-шоқиып жаппастың кішкене үйлері тұр. Көзімді ашып-жұма мен де жөнелдім. Мен келсем менен әлдеқашан бұрын жұрт жиналып қалған екен. Тоқты сойылып, қазан асылып, қайнап та жатыр.

Есімбектің үлкен үйі лық толған адам, қымыз ішіп әйдөй қызды-қызды болып жатыр екен. Мен тегіс араладым. Бір отауда Шұға кездесті. Көрісіп амандасқаннан көзімді ала алмадым. Апырым-ай, адамзатта ондай сұлу болады екен-ау!.. Аққудың көгілдірігіндей осы аппақ. Үстінде шетін кестелеген ақ көйлек, омырауын неше түрлі ілгіштермен безеп тастаған қызыл пүліш қамзол, басында үкі таққан түлкі берік, өзі сұлу адамды мүлде одан жаман жандандырып, құбылдырып тұрды.

Маған қарап Шұға күлді.

–Мезгілімен келіп көрістіңіз-ау, — деді. Мен не айтарымды білмедім. Бұрын әзілдесіп сөйлесе беруші едім, бұл жерде тілім байланды.

–Мынау аттан түсіп жатқан кім? — деді Шұға.

Артыма жалт қарасам екі жігіт түсіп аттарын байлап жатыр екен. Біреуі орысшалау киінген.

Тани кеттім.

–Әбдірахман ғой, — дедім.

–Әбдірахманың кім?

–Қазақбайдың баласы.

–Ия, әлгі учитель баласы ма?

–Ия.

–Жап-жас жігіт екен ғой, — деп бірер қарады да, Шұға отауға кіріп кетті.

Мен Әбдірахманға амандасып, үйге ертіп жүрдім. Отаудың сықырлауығынан Шұғаның бізге сығалап қарап тұрғандығы білінді.

IV

–... Сіз білмейсіз ғой... — деп жолдасым қарекерді шаужайлап қатарласты.

Сіз білмейсіз ғой... бізбен ағайын, жасы менімен түйдей құрдас Әбдірахман деген болды. Жасында болыстың үйінде бұзау бағып өсіпті. Ол уақытта болыстың үйінде ауылнай учитель болатын. Балалармен араласып жүріп учительден оқып, төрт жылдан соң мектепті бітіріп шығыпты. Әбдірахман өзі айтатын: «күндіз қозы мен бұзау бағам, кешке келгенімде, учитель бір шын мұсылман жігіт еді, «байлардың балаларынан да маған сенің оқығаның керек қой» деп түннің бір талайына дейін оқытушы еді. Ақырында сол учительдің тырысуының арқасында мектепті бітірдім... Менің учителім бітіре алмастық борышым бар», деді.

Әбдірахманның әкесі өте кедей болған адам. Ауылнай школынан шыққан соң да, Әбдірахман малайлықтан құтыла алмады. Ақырында, он екі-он үштегі шамасы болса керек, тұрған байынан қашып дуанға барып, бір ноғайға жаз қызметке тұрып, қыс оқуға кірді. Бұл екі жылға шейін жаз жалданумен болды. Берірек келген соң жаз байларда орысша бала оқытты. Ақырында әйтеуір мектепті бітіріп шықты.

Әбдірахман мектепті бітіргенде дабысы жер жарды. Өте зерек болған ғой, учительдері де мақтаса керек. Дуандағы нәшәндік «тілмаш» бол деп өтінген екен, болмай елге келді. Нақ сол кезде болыстың песірі өліп песірсіз тұр еді. Әбдірахманға песір бол деп жабысты, оған да болмады. Жамантік болысындағы бір байдың школына барып бала оқытты. Содан бері қыс сонда бала оқытып, жаз елде болады. Сол жылы июньнің бас кезінде келіп еді. Содан бері Әбдірахманды көргенім. Маған: «Маған көріспейсің бе» деп қалжыңдады. Әзілдесіп үйге кірдік. Тер алдында Қажыбай әңгімені көсілтіп отыр екен, бізді көрген соң жым болды.

Үй ішімен Әбдірахман тегіс амандасты, Есімбек бай онша жақсы көрмеген адамның қалыбын істеді.

Бұрынғы сөздерін тастай беріп «оқығандар анау, оқығандар мынау» болады деп шатпа тілге айналды. Мен ғажапқа қалдым. Артынан Әбдірахманнан себебін сұрасам, өткен жылы бұрынғы қалыбымен, күзгі астыққа бай киізін сатқанда, Әбдірахман тілін алар адамдардың біріне де алдырмапты: «Әзір асығып екі бағасына алғанша, астықтарыңды жиып алған соң шалқайып отырып жарты бағасына аласыңдар»деп. Әбдірахманның тілін алғандар бірталай пайда қылыпты. «Мені олжамнан қақты» деп байдың тырсиып отырғаны осы екен. Ретінде Әбдірахманға;

– Еліңді қыстан шығардың ба, бала, − деді бай.

– Шүкір, шығардым, деді Әбдірахман.

– Жарайды, жарайды, ел қамқоры болған соң солай болу керек, деп сөзін доғарды.

Түс ауа берген мезгілде ет жеп болып, жұрт бет-бетіне тарай бастады.

V

Мен ауылға қайтқанда Әбдірахман Есімбектікінде қалып қойып еді. Менің артымнан іле-шала келіп Беркімбайдың үйіне түсіпті. Қымыз ішкен адам ұйықтап қалған екем, екінді әлетінде далаға шықсам, ауылдың сыртындағы белесте ішінде Қажыбай ақсақал бар, бірталай адам сөйлесіп отыр екен. Мен де келдім. Әңгіме Әбдірахман турасында екен, жақындап келгенімде-ақ «Әбдірахманның өзі шынымен бұзылған ғой» деген Қажыбай қарттың сампылдаған даусы құлағыма сап ете қалды. Өзі сөзшең адам бірінен соң бірін тізбектетіп, не бар пәлені Әбдірахманның үстіне үйіп отыр. «Оларды мұсылман деуге болмайды. Айтатыны ылғи құдайға қарсылық сөз. Молдамен, хазіреттермен, ел бастаған басшылармен қас. Құдайдың барлығына шәк қылады. Байға мал жиып беріп отырған құдай емес, өзіміз дейді. Құдай сақтасын, шын болса осы әлгі қазақты шоқындыратындардан көп ақша алған дейді ғой. Нәшәндікке тілмәш болмай, болысқа песір болмай бала оқытуы да сол аздыру ретімен болса керек...

Шалдың сөзін онша ықыласпен тыңдай қойған адам көрінбейді. Жастар бір бөлек әзілдесіп отыр екен, мен де соларға қосылдым. Бәріміздің ермегіміз Кәрім болды.

–Биыл Есімбектікі Қара құмды жайлап қалады деп еді', Кәрім үшін-ақ келген шығар, деді бір жігіт.

–Сендер байқадыңдар ма, Кәрімдікерген соң Шұға бір түрлі құбылып кетті-ау, — деді қу жігіт.

Бұл екі арада қысты күні Шұғаны сағынып жүргендегі Кәрімнің шығарған өлеңі деп біреуі елең айтты.

«... Мінгенім астымдағы күрең дөнен,

Қашады таудан түлкі сүмеңдеген.

Ойында үш ұйықтасам бар ма менің,

Айырылып, қалқам, сенен жүрем деген...»

Жұрт ду күлді. Кәрім ашуланып кетіп қалды. Мен тұрып Беркімбайдың үйіне бардым. Әбдірахман шынтақтап домбыра тартып жатыр екен.

–Жоғары шық, деді.

Әзілдесіп отырдық. Көп ұзамай әңгіме Шұғаға көшті. Әбдірахманның ойын білу үшін, мен — Шұға қалай екен, кердің бе? — дедім. Әбдірахман күлімсіреді.

–Керейін деп барып едім, кере алмадым, деді.

–Ия, сен атынды байлап жатқанда отаудың есігінің алдында тұр еді ғой.

–Сыртынан көрген бола ма, ауызба-ауыз сөйлеспеген соң.

–Ендеше бүгін алтыбақан құрады. Ауызба-ауыз сөйлесем.

–Шын айтасың ба, деп Әбдірахман басын көтеріп алды.

–Есімбектің келіндері мен қалжыңдасып сұрағанымда, кешке алтыбақан құрамыз десіп еді, деп анығын айттым.

–Бәтір-еке, барайық, - деді.

Замандастың тілін кім алмайды, мен ертіп бармақ болдым.

VI

–... Сізден несін жасырайын, деді жолдасым, сізден несін жасырайын, өздеріңнің бастарында да бар нәрсе ғой... жастық не қылғызбайды. Уақытында бөрі қызық.

Есімбектің үш баласы үйленген. Біреуі бойдақ еді. Ең кіші келіні Зәйкүл мына тама Қаржаудың қызы еді. Заманында дүниені кешкен адам. Өзі де ажарлы, бозбала сүйетін қызыл шырайлы еді. Азырақ мінезінің жеңілдігі болмаса, ақылға да жақсы еді. Күйеуі Ыбырай Есімбектің балаларының ішіндегі момыны. Үн жоқ, түн жоқ, ертенді-кеш мал соңында жүреді де қояды. Күйеуінің қалпын оң жақта жүргенде-ақ сезіп, Зәйкүл бұзыла бастаған. Өздерімен бір жамағайын Сейіт дегенмен көңіл қосып, шығамын деп жүргенінде елі сезіп қалып, жібермеген. Ол кездегі болыс Құрман Есімбектің туған құдасы. Есімбектің жесірі кетсе, «қыпшақпын»деп қанға тарту жоқ— Құрман жаппастың, арын арлап тұрған. Болыстың ызғарының күштілігінен, Қаржау қабыл-құбыл Есімбекке хабар тигізіп, аман-есенінде қолына берген.

Зәйкүл ұзатылып келген соң көпке шейін кетемін деп жүрді. Бірақ кете алмады. Айтқан сөзінен табылып, көңілдегі мүддесін орнына келтіретін жігіт сирек қой. Шынында Зәйкүлге тең жігіт табылмады. Сізден несін жасырайын... ертенді-кеш үйінен шықпаған соң мен Есімбектің үйінің бір адамы құсап кеттім. Жүріс-тұрысымда ешбір ерсілік болмады. Ақырында Зәйкүлмен жақындасып көңіл қостым. Бойдақ кезім ғой, ол «тиемін» деді, мен «аламын» дедім. Бұл сөз алғашқы кезінде бір-бірімізді жақындастыруға дәнекер есебінде болды. Шынына қалғанда екеуімізде де ойнап күлгеннен басқа ескі сөзді, уәдені қозғайтын ой жоқ еді. Ойдың болуы да мүмкін емес Есімбек бай, мен кедей, келінін тартып алсам, ертеңгі күні шаңымды аспанға шығарады. Кедейлік не қылмады!.. Зәйкүл сөзшең қатын еді. Кей кездерде мені қалжыңдап өлең айтады:

«... Қасымжан, серт байласқан сен емес пе ең,

Ұстаған етегіңнен мен емес пе ем.

Болса да не қиындық басты тартпас,

Жүретін қол ұстасып тең емес пе ем...»

Мен өлең шығара алмаймын. Ауылда Төкей дейтін бар-ды, өзімнің өлеңім қылып, соған өлең шығартып алдым:

«Деген соң сұлу Зәйкүл, сұлу Зәйкүл,

Айтуға сымбатыңды жетпейді тіл.

Басымды тау мен тасқа ұрсам-дағы,

Ешбір іс ретіне келмей-ақ жүр...»

Уөй,дариға, талай қызықтар бастан өткен екен-ау!

VII

...Ас-су ішіп Әбдірахман екеуіміз үйден шыққанда елдің алды жата бастап еді. Түн тастай қараңғы. Аяндап келе жатырмыз. Есімбектің ауылының сырты ызы-шу, қым-қуыт, Әбдірахман жылдамдай басып менің алдымды орай береді. Біртіндеп жақындаған сайын асыр салып ойнаған балалардың, әзілдесіп ойнап күлген қыз-қатындардың дауыстары айқындала береді. Әлдекімнің арт жағымыздан сыңқылдап күлген даусы естілгендей болды. Әбдірахманды иығынан тартып тоқтатып, күтуге айналдық. Қараңдаған екі-үш адамның бойы көрінді.

–Қойшы, қарағым, әурелемеші!

Біреу дауыстаңқырап:

–Қалқажан!

–Әу!

–Менің манағы айтқаным бола ма?

Қыз күлді:

–Жарар, болады...

Жақындап қалды. Дауыс таныс – Айнабайдың қызы. Ауылы Есімбек пен біздің ауылымыздың орталығында, он шақты үйлі керей. Біз ауылының тұсынан өткенде қатындарының дабырлап жүргендері білініп еді.

–Күлзипа келеді, — деп күлдім.

Әбдірахманның Күлзипа десең шамы.

Ағайын арасында аз үйлі керей болғанмен Айнабай деген бірді-бірге соғып, екі елдің арасына от салып тұтандырып жүретін бір қызыл көзді бәле. Ел ішінде Айнабайдың істемеген бұзықтығы жоқ. Анау-мынау адамдар өзінен сескенетін де еді. Қызы Күлзипа сонда 17 шамасында шығар деймін. Орта бойлы, қара сұрлау, тік қабақ, сұстаныңқырап тұратын адам еді. Айнабай өзі кедей уақытында күйеуге беріп, соңғы кезде шел бітіп тәуірленген соң айырғысы келетін. Ел ішінде көзге түсетін жігіт ол кезде Әбдірахман. Айнабай өзі ат арқасына мініп жүрген соң қызын тәуір жігітке бергісі келіп Әбдірахманнан үміттенген: «...Әбдірахманның жайына қараймын ғой. Азын-аулақ мал берсе де үйлесер едік...» деп айтады-мыс деген сөз қашып жүрді. Жеңіл ауыз қатындар Әбдірахман ауылына келсе, «күйеу» деп мазасын алады. Жалпы жұрт — Күлзипаны Әбдірахман қайтседе алады деп өздерінше сөзді біткенге есептейді. Сол жылы қыс Әбдірахманның әкесі шөп іздеп жүріп Айнабайдың үйіне келсе, Айнабайдың қатыны қос қазыны бұзбастан салып етпен сыйлап, ақысыз-пұлсыз бір шана шөп беріп жібереді. Айнабайдың қызының ержеткендігіне және дәулетіне қызығып, Әбдірахманның әкесі құда болуға өте құмарланады. Бірақ Әбдірахман ұнатпайды: «Тіпті сүймеймін, сүймеген адамды не қып аламын» дейді. Әбдірахманның бүл сырын заман құрбысынан басқа ешкім сезбейтін еді... Әлдеқалай бір жерде кездесе қалса, Күлзипа ұялып, қызарып, тәңірге жазады да алады. ,

Күлзипа екенін білген соң Әбдірахман жүруге ыңғайланса да, мен жібермедім, қалжыңдасып барғанды жақсы көрдім.

Дабырласып сөйлескен күйлерімен бізге төніп келді де, бір келіншек:

–Ибәйі, көтек, мал десек, адам екен ғой, - деді.

Одағайлап шеттей бастады.

–Маржанбикемісің, бері кел, — дедім.

–Мұнысы кім, мені таниды ғой...

–Бар, кім екен, — деді Күлзипа.

Әбдірахман жүре берді. Мен олардың жанына бардым.

–Анауың кім? – десті.

–Әбдірахман.

–Күйеу екен ғой, бізден неге қашты, деп Маржанбике күле сөйледі. Күлзипа тәлімсіп жеңгесінің құлағына сыбырлап, сыңқылдап күлісті. Аяндай басып Әбдірахманның артынан жеттік. Бізбен жұмысы жоқ, есі-дерті алтыбақанда.

–Амансыздар ма, дегеннен басқа еш нәрсе айтпады. Күлзипа сызылып жеңгесінің артына таман жүріп отырды.

Алтыбақанға жақындадық. Сөйлеген сөз, ойнаған ойын, қараңдаған адам бәрі де анық көріне бастады. Нақ біздің келуімізді күткендей екі қыз арқанға асылып ырғалып ән салды.

–Шұға құдашаларың әнді бастады, – деді Маржанбике. Нақ сол минутта шыққан өн шынында Шұғадан басқаға лайықты емес еді. Сондағы айтқан өлеңі әлі құлағымда.

«... Не мұңдық, бұл дүниеде қыздар мұңдық,

Ағадан болып мұңдық неге тудық.

Атадан мұңдық болып тумас едік,

Бұрынғы ата-баба жолын қудық...» ' -

VIII

...Жас кездегінің бәрі қызық қой, әсіресе, сол Әбдірахманмен бірге ойында болған түн менің өлі күнге есімнен қалмайды; бір түрлі көз алдымда елестейді де тұрады.

Біз келгенде ойын жаңа басталған екен. Шұғалар өлендерін тоқтатып, арқаннан түсті. Жай әзілмен көп уақыт оздырдық. Домбыра алдырып Әбдірахман ән салды. Бишара, жігіт еді ғой. Ондай ойындарда бір түрлі ұстайтын арқасы бар еді. Өлеңді түйдектетіп үзбестен соқты. Жұрттың бәрі Әбдірахманның аузына қарады. Жатып қалған бірен-саран кемпірлер шапандарын жамылып келіп өлең тыңдасты. Ойын-күлкінің қызығымен таң атқанын да білмей қалдық. Жұрт біртіндеп ыдырай бастады. Маржанбике маған жақындаңқырап сыбырлап:

–Қайтпайсыңдар ма? — деді.

–Жүр, қалқажан, — деп Күлзипаны ертіп о да жөнелді. Уақ-түйек балалар, Шұғаның жеңгесінен басқасының бәрі кетіп бітуге айналды.

Шұға жәй сөйлескені болмаса, Әбдірахманмен онша ежіл-қозыл бола алмады. Мен Зәйкүлмен сөйлесіп, Әбдірахманның Шұғаға ынтықтығын айттым.

–Қайдан білейін, оқыған жігіт қой. Оқығандығына қызбаса, бұрын мұның әкесіндей жігіттерге де барған жоқ еді... мен қолымнан келгенін аямайын, — деп күлді.

–Жеңеше, қайтамыз ба, — деді Шұға.

–Heгe асықтыңыз, — деп Әбдірахман жанына жақындады. Біз қашығырақ отыр едік. Күбірлесіп сөйлесті. Оқта-санда Әбдірахманның «жас жүрек...» деген дауысы естілді. Әлдене уақытта Әбдірахман:

–Қош болыңыз, — деді.

Жалт қарасам, Шұға үйіне кетіп бара жатыр екен.

–Тентекжан-ау, мені тастап бара жатырсың ба, — деп Зәйкүл де тұра жөнелді.

IX

...Әбдірахман ойыннан көңілсіздеу болып қайтты. Шұғамен сөйлескен сөзін, жай-күйін айтып мұңайды.

–Осы менің кедейлігім-ау, бай баласы болсам, Шұға сөзсіз қабыл алар еді, — деді.

Әзілдесіп тұрып Әбдірахман көңілін білдірсе, Шұға түсінбегенге салыныпты. Салған жерден бола қоймады деген мұныкі де тентектік қой...

Қалтасынан бір бүктеулі қағазды алды да:

–Мына хатты Шұғаға жазып отырмын. Менің ойым, Шұғамен көңіл қоссам, алып қашып кету еді. Болмаса, мың жылда Есімбек маған қызын бермейді де, және оған беретін менде мал да жоқ. Не жауап қайтаратынын қайдан білейін, — деп күрсінді. Ажарында бір түрлі кейістік бар еді. Хатты ашып оқыды. Құдайберген өлеңді аясын ба, ұзыннан-ұзақ жазған. Сондағы Шұғаға жазған хаты:

«... Сіз бір айсыз нұрландырған аспанды,

Буландырған, уландырған жас жанды.

Біз бір ғаріп паналаған саянда,

Жас жүректе мықты жара бастады.

Кірді нұрың, отты жақты ішіме,

Көтерем деп сене алмаймын күшіме.

Бірінші зар шықты тілден мұңданып,

Бұдан бұрын айтылмаған кісіге.

Жас жүректің жалқынды деп тілегі,

Жарамдысын сізден қалап тіледі.

Әзіріне үміт қаптың тауындай,

Жазмыш түрін жауап қайтса біледі.

Минут, сағат, күндік, айлық қол емес,

Тілейтінім, жүдейтінім ол емес.

Көрсе қызар, антын бұзар қылжақбас,

Тұрлауы жоқ әсіре қызыл мен емес.

Бір көргенше сиқырланып ақыл-ой,

Бап сөзіңде қалды ынтам бір қанбай.

Қырық бүктеліп келсе хатың тұмардай,

Жылы жүзбен көңілді жай қылардай.

«Болад» деген жалғыз ауыз сөз тапсам,

Көңіліме сақтар едім құрандай...»

Түсте қойдан келгенде Базарбайды шақыртып алып хатты бердік. Шұға жауап жазса тоқтаусыз әкеліп жеткіз дедік.

Әлі есімде. Біздің үйдің сыртында бір кішкене көгал бар-ды. Ауылға келген қонақтың бәрі ат арқандап шалғынын жапырып тастаған. Көгалдың түстік жағында ыстықтан шыбындап жатқан қойлар. Бірен-саран кісілер шыжыған ыстыққа қарамай қойын құрттап, жабағысын қырқып жатыр...

Әбдірахман қайда кеткен деп іздеп жүрсем, қойдың қотанының жел жағында шалғынға бауырын төсеп, көгалдың ортасында жатыр. Қасына келіп:

–Батыр-ау, мұның не? дедім.

–Қайтейін, үйде отырғым келмеген соң жатқаным ғой, — деді.

Бір түрлі қалың ойға шомып, екі көзі елдің сыртында, бірдемені күткен адам секілді. Не күткені белгілі — Базарбайдың келуі. Шұғаның хатты қалай қарсы алары белгісіз. Бұрынғы қалпын істесе, оқымастан жыртып тастайды. Оны Әбдірахманның өзі сезетін. Хат жіберуге екі оқты болған соң, мен демеп жібердім, өйткені ойында оңаша сөйлескенімде: «Атақ қашыққан жігіт қой, хат жазып көрсін, онша теріске кетпес» деп Зәйкүлдің айтқаны бар-ды. Жаңа бір сезінің ретінде «тентекжан осы жігітті аузынан тастамайды» деп сездіріп еді. Әйел жайын әйел біледі ғой. Әрі сырлас жеңгесі, бір амалын табар деп мен Зәйкүлге сеніп едім.

Әбдірахман көпке шейін үндемей жатты. Күн ыстық. Жұрттық бәрі көлеңкеде... мен сөз бастадым:

–Шұға қайтер екен.

–Қайдан білейін, деді. Күрсінді. Үміт аралас уайым көз жанарында ойнап тұрды.

Біз орнымыздан тұра бергенде Есімбектің ауыл жағынан жүгіре басып келе жатқан Базарбай көрінді. Әбдірахман бәйек тауып тұра алмады. Жақындаған сайын Базарбайдың бет-ажарына қараймыз... Арсалаңдап күліп жетіп, етігінің қонышынан бір жапырақ қағазды шығарып Әбдірахманға берді. Қолы дірілдеп Әбдірахман ашып оқыды:

«Құрматлу мырза Әбдірахманға сәлем соңыңда айтарымыз: хатыңызды алдық, қазір пәлеңдей жауап бере алмаймыз, айыпқа бұйырмаңыз. Жазушы Шұға».

Әбдірахман тұнжырап отыра кетті, баладан ауызекі сұрай бастадық:

–Үлкен үйіңде отыр екен, жеңешем шақырады деп далаға шығарып алып хатты ұстата беріп едім, «қағынғыр, мұның не?» деді.

–Оқысаң білесің деп едім, бетіме қарап жымиып күлді де, ашып оқыды. Сосын қалтасына салып отауға барды. Мен қалмадым. «Қағынғыр, кетсейші, жұрттың хатын тасып осы сен-ақ мазамды алдың ғой» деп тағы күлімсіреді. Бұрын хат бергенімде ашуланып жыртып, бір-екі күнге дейін маған қымыз бергізбей жүретін. Бұл жолы ондай ашу шақырмаған соң дәмеленіп, «апеке, жауап жазып берсейші, ешкімге сездірместен апарып берейін» деп жалындым... Кішкене отырды да, осы қағазды жазып берді, — деді Базарбай.

Хатында ашық жауап бермесе де, баланың айтуымен Шұғаның ыңғайын байқадым.

–Енді Шұға құтылмайды, дедім.

Әбдірахманның ажары кіріңкірейін деді...

X

...Хат жазысқан соң көп ұзамай-ақ Әбдірахман Шұғамен жақындасып кетті. Бірін-бірі сүйгендігі сондай, аз уақыт кермесе, ынтық болып өле жаздаушы еді. Екеуі де менен сырын жасырмайды. Есімбектікіне қымыз іше қыдырып барсам, Шұға жайраңдап қоя береді. Оңаша жер болса сұрайтыны Әбдірахман.

–Жолдасың қайда? дейді.

Өне бойы бір елде жата беру оңай ма? Еліне кетіп Әбдірахман он шақты күн кешіксе, Шұға мазамды алады:

–Неғып келмей жатыр, хабар білдің бе, аман ба екен? деп.

Әбдірахман мен Шұғаның арасындағы сүйіспендік бірден бірге жайылып, бүкіл ел хабарланды. Жалпы жұрт пәлен демегенмен Айнабай тыныш қалмады. Шұға мен Әбдірахманның көңіл қосқан қалпын есіткенде Күлзипа жылапты деп қатындар өсек қылып жүрді. Үміттеніп жүрген адамы қызын менсінбей тастап кеткен соң Айнабай не қыларын білмей Есімбекке хабар тигізіпті: «қызы бұзылды, Әбдірахманмен бір күні кетейін деп жүр» деп.

Есімбектің үй іші есітіп бұлан-талан болыпты. Шұға не қыла қойсын; таздың ашуын тырнадан алып Базарбайды айдап шығарып жібереді. Мені үйінің маңайына жуытпайды. «Көптен көрші болған ел едік, арамызға салқындық түсірме...» деп шалдар үгіттеп Әбдірахманды жолынан тайдырмақ болды. Әбдірахман бәріне де:

–Шұға айныса амалым жоқ. Егер Шұға сөзінде тұратын болса, не қиындық болса да көрем. Алмай тынбаймын, — деумен болды.

–Орысша оқыған дінсіз неме, көптің сөзін аяқасты қылды, — деп шалдар Есімбектің жағында болды. Әбдірахманды жақтайтын кілең жастар, жататыны біздің үй. Жұртта да дін жоқ қой, «ақсақалдарға қарсы болған адамды үйінде сақтады» деп, менің басымды іске байлады. Есімбектің жоғалған атын мен ұрлады қылып, бір бұзаулы сиырымды төлеуге әперді. Көпке топырақ шашасың ба, құдайдың салғанына көндікте отырдық.

Көптің талқысы қиын ғой. Соңғы кездерде қорқытайын деді. Есімбектің балалары бірнеше бозбалалармен түн болса аңдитын болды. Қолдарына түссек жоқ қылып жіберуі шексіз еді.

Бұрынғыдан гөрі қатынау сирей бастады. Шұғаны сағынғанда Әбдірахман өлең айтатын болды:

«... Жаным сүйіп жарым деп сеніп едім,

Құрбандыққа басымды беріп едім.

Айтылған сөз, уәде, сертім үшін —

Ат сабылтып, Шұғажан, келіп едім.

Бұрын жақын ауылың алыстады,

Аңдып жүрген бір дұшпан қалыспады.

Екеуімізді ынтық қып екі жақта —

Тағдырдың неге мұнша қарысқаны!..»

ХІ

...Айнабай Есімбекті құтыртқанымен қанағаттанбай Әбдірахманды басқа жөнмен мүдіртуге де кіріскен, «түріктерге жасырын ақша жиып жүр...» деп Әбдірахманның үстінен арыз беріп жүр деген еміс-еміс хабарды есітіп шошынып жүрдік. Әбдірахман ойына еш нәрсе де алмады, біздің үйде жатты да қоңды. Ертеңді-кеш азабы Шұғаға қалай жолығу, қалай сөйлесу... Бұрынғыдай хатын таситын Базарбай да жоқ, Зәйкүлді екі бастан көре алмаймыз, әй, қиын-ақ болды-ау...

Бір күні кешке жақын ауылдың сыртыңда белеске шығып, отырдық. Бетіміз Есімбектің ауыл жағында, көз ұшында бұлдыpaп көрінген адамдардың әйел екенін, еркек екенін айыра алмаймыз. Есімбектің үйі ауылдың орталығында. Сол маңайда жүрген адам Әбдірахманға Шұға болып көрінеді... Екеумізде үн жоқ, ол Шұғаны, мен Зәйкүдді сағынам... Ұзамай өрістегі сиырлар жыбырлап елге қайта бастады. Жаппастардың маңайы лек-лек болып түйемен толы.

Ауыл іші ың-жың дауыс маңыраған қой, мөңіреген сиыр» шұрқыраған жылқы. Ағытқан құлындар ойнақтап, шаң аспанға шықты... Бәрін де көрдік. Біріне де көңіл бөлгеніміз жоқ. Ой басқа.

Әбдірахман сөз бастап:

–Шұғадан бүгін хат алдым-ау, — деді.

–Не жазыпты?

–Сағындым депті. Үйдің ішінің бәрі де қас көрінеді. «Басым қатты ғой, құтылудың амалы не» депті.

–Жаздым. Кетейік дедім. Хатты жіберетін адам табылмайды ғой, егер анық уәдесін алсам, ұзамай кетер едік...

Біздің әңгімеміз аяқтала бергенде, екі ауылдың ортасындағы ағытқан қалың жылқының арасынан жіңішке жолмен шаңдатып бір пар атты шыға келді. Жүрісі қатты, асығыс адам секілді. Арт жағында жалбаңдап шоқытып келе жатқан бір салт аттысы бар. Біз сөзді қойып арбалыға қарадық. Жақындаған сайын адамы айқындалды.

Біреуі орыс секілді, менің жүрегім тас төбеме шықты. Қалтырап кеттім. Далада отырғанша үйге барайық деп едім, жоқтан қорқасың-ау, – деп Әбдірахман күлді. ;

Арбалы ауылға төніп келіп біздің үйге бұрылды. Көшірі бір жас жігіт. Қатар отырған екеудің біреуі орыс.

–Құдай ұрған шығар, — дедім.

Әбдірахман да сұрланыңқырап кетті. Аяңдап үйге қарай жүрдік. Орысы қарғып түсіп «осы ма» деген адамға ұқсап бізге, қарсы тұра қалды.

–Әбдірахман кім?

–Мен.

–Әйда, киін, болысқа барамыз, — деді орыс. Стражник екен. Мойнында қылышы, маңдайында жарқырауығы бар.

–Мені қайтесің, деді.

–Мен білмеймін, пристоп шақырады.

Қарсыласар дәрмен жоқ, естен танып қалдық. Жалма-жан атты жектіріп мен алып жүрмекші болдым. Ауылдың сексендегі шалы, сегіздегі баласына шейін жиылды, бәрі де тамаша көрді... әй, жұртта да дін жоқ-ау!.. Менің әжем Әбдірахман үшін ботадай боздап жылап жүргенде, айызы қанған адамша табалап насаттанып тұрғандары болды... Есімді білген соң Әбдірахманға біраз жолдас болдым ғой, құдай біледі, қазақ баласына инедей қиянаты жоқ еді. Қадір білетін жұрт қайда?

XII

...Күн бата ауылдан шықтық. Біздің де жеккеніміз пар ат. Делбені өзім ұстадым. Жол Есімбектің ауылының үстінен баса жүреді. Қатты шыққан қарқынымызбен келіп қалдық. Әбдірахманның екі көзі алдында. Алдымызда жүз саржын шамасында Есімбектің үйі тұр, бірақ Шұға көрінбейді. Шіркін-ай, сүйіспендікте қиын ғой.

Жаңа жеккен ат басымен алысады. Енді кішкене жүрсек, өтіп те кетеміз. Бірақ өткіміз келмейді. Аттың басын тежей берем. Кім біледі, бұдан кетсе Әбдірахман Шұғаны мәңгі көре алмас, яки көрсе де біраз уақыт сағынуға тура келер деген ой елестейді. Бірімізге біріміз сөйлеспесек те біріміздің ойлағанымызды екіншіміз біліп келеміз... Бұрын түнде барғанда маңынан жүргізбейтін Есімбектің аю төбеттері үріп алдымыздан шықты. Есіктің алдында бірталай адам жағалай отыр, көздері бізде. Әңгімені соғып отыр. Кім біледі, әлде бізді мазақ қылып отыр ма?! Басына кимешек киген Шұғаның үлкен жеңгесі қараша үйдің белдеуіне ботаны байлап түйе сауып отыр.Үлкен үй мен отаудың арасында бәйбіше теңселіп жүр. Бәрі де маған қуанышты секілді көрінді. Біздің кетіп бара жатқанымызға таңырқаған ешкім жоқ секілді, ұсталып айдалатынын әлдеқашан бәрі де біліп қойған тәрізді. Бәрі де күліп жүр, бәрі де босып жүр...

Бірақ Шұға жоқ...

Әбдірахман кенет:

–Айда! – деді.

Ат тоқтауға айналған екен. Делбені жиыңқырап ұстап, айдай бергенімде ауылдың сырт жағындағы құдықтан келе жатқан екі әйел көрінді. Біреуі Шұға! Апырым-ау, жаман қуандым. Көзімнен жас шығып кетті. Қатарласып келгенімізде бізді танып екеуі де сұстиып тұра қалды. Зәйкүлдің иығында шелек, Шұға жанында бос еріп келе жатыр екен. Әбдірахман арбадан қарғып түсіп жүгірді. Құшақтар, сүйер деп едім, өйтпеді, жұрттың бәрі самсап қарап тұрған соң ибалық қылды білем... бекер ұялды, құшақтау керек еді, сүю керек еді!

–Апырым-ай! Қайда барасыңдар, – деді Шұға.

–Болысқа айдап барады, – деді Әбдірахман.

Шұғаның көзінен жас мөлдіреп қоя берді. Арбаның үстіндегі мен де еріксіз жыладым. Зәйкүл шіркін қорқақтау еді, жалтаң-жалтаң қарады да:

–Ойбай, тентекжан-ау, жүр, ауылдың адамдары жүгіріп келеді, — деп шелегін жерден көтеріп-ақ алды.

Айрылмай амал жоқ екенін екеуі де сезеді. Бірінің көзіне бірі қарап қатты да қалды... Арт жағымызда айқай-ұйқай, боқтау, жүгірген адамның аяғының дыбысы. Алдымызда біраз жер « барып тоқтап бізді күтіп стражник ойбай салып жатыр.

– Әбдірахман!

– Қош! – деді.

Теңселіп келіп арбаға мінді. Көзінің жасы мөлдіреп ағып бетін жуып кетті.

Біз атты айдай бергенде қарлыққан дауыспен:

– Қош, қалқам, қалқам!.. – деді Шұға.

Кемсеңдеп жылап отыра кетті.

ХШ

...Әбдірахманды пристоп дуанға алып кетті. Мен жылап-жылап қайттым. Жанымда Шұғаға тапсыр деген хаты бар. Елге келгеніме 5—6 күн болса да, ретін тауып бере алмадым.

Біз елден кететін күні, кешке жақын далада сөйлескенді шам көріп Есімбек Шұғаны жаман сөгіпті. Ағалары да қатаңдық қылған білем. Содан бері Шұға жылауда, тамақпен жұмысы жоқ десіп жүрді. Бірер күннен соң «Шұға ауру екен, төсек тартып қалыпты» дегенді есіттім. Ауыл арасы жақын болғанмен бұрынғыдай барып сөйлесетін күн жоқ. Жасырынып жүріп Әбдірахманның хатын Шұғаға зорға тапсырдым...

Шұға шын ауруға айналған соң Есімбек жұмсайын деді, бақсы-балгер алдырып ем қылдырып еді, жазылмады, науқасы күннен-күнге үдеп, есін танып сандырақтауға айналған: сандырақтағандағы айтатыны Әбдірахман болды.

Былғаңдап өскен жалғыз қыз былай болған соң бәйбіше үйінің ішін үгіттеп, Шұғаны өлімнен құтқармақ болысады. Ол емі Әбдірахманды ел болып ақтап алып, той қылып екі жасты қосу. Балаға деген мейірімшілік Есімбекке мұны да еріксіз істетпек болады. Ағайын-туғандарымен ақылдасып, болыстан өтініп Әбдірахманды қайтартпақ болды. Мұның теріс деп ешкім Есімбекке айта алмады.

Маған да еркіншілік болуға айналды.

Шұға шақырады деп бір күні Есімбектің түйешісі келді. Төбем көкке тигендей болып қуандым. Келдім. Үлкен үйінде, кілемнің іргесін түргізіп, Шұға жатыр екен. Маған көзі түсіп кетіп қамықты.

– Қарағым, – деп шешесі бетінен сүйіп, Шұғаның көзіндегі жасты орамалмен сүртіп алды.

– Жылама, қарағым, бір сенің ризалығың үшін әкеңнен есітпеген сөзім жоқ. Қайтейін, билік менің қолымда болса, бұл күйге я түсер, я түспес едің...

Бәйбіше де қамықты. Үйде басқа адам жоқ еді.

Шұға шешесіне:

– Әже, – деді.

– Әу, қарағым.

– Мені оңаша қалдыршы.

– Қалдырайын, қарағым, – деп бәйбіше шығып кетті.

Мен Шұғаға жақындадым.

– Жайың қалай? Тәуірмісің, – дедім.

– Тәуір емеспін, – деді. Көзіме көзі түсіп кетіп, қамыққандай болды... Тәуір емеспін... Тәуір болуды тілемеймін де... Сәлем, сәлем айт?... — деді. Жылап қоя берді. Жастығының астына тығулы орамалмен көзін сүртті.

–Тірі келсе көресің ғой, бірақ мен...

Тығылған жасқа булығып сөзін айта алмады.

–Құдай жазған болса бәріміз де көреміз. Ажарыңыз тәуір ғой,жазыларсыз, — дедім.

–Жазылып керегі не? Бәрібір мен бақытты бола алмаймын. Әкем аяса, менің дертім жаныма батқан соң аяп отыр. Ертең сауықсам қайта күйсеуден тайынбайды. Өлем деп арман қылмаймын, жалғыз-ақ арманым бар. Түнеугі көргенде Әбдірахман бір ауыз сөз айта білмеді. Бір көріп сөйлесіп, жаным шығарда, «Шұғам!»деп бетіме бетін тигізсе, бар арманым бітіп, дүниеден армансыз өтер ем... әй, жоқ қой! — деді.

Ауыр күрсінді.

Кешке шейін отырып мен елге қайттым.

Мен үйге келсем Әбдірахманның қаладан келгенін естіп үйдің іші қуанып отыр екен. Шұғаның халын көріп қайғырып қайтсам, Әбдірахманның келгенін есіткен соң тасып кеттім. Менің қуануым ынтық болып жатқан Шұғаға Әбдірахманды әкеліп бір көрсету еді. Атқа міне салып барсам ол ел де қуанышты екен, сөйлескеннен-ақ Әбдірахман Шұғаны сұрады. Ауруын бұрын да есіткен екен. Мен «тәуір» деп көңілін жұбаттым. Түнімен ұйқы көрмеді. Ертеңіне жылқы келе атты ерттеп мініп біздің елге асықты. Желе шоқытып келе жатырмыз. Күн аптап ыстық-ақ. Ол қуанышты, қайдағы жоқты айтып мені күлдірумен болды.

Айдалып бара жатқанда Шұғаға шығарған өлеңім еді деп ән салды:

«... Жүзі құбыла, сөзі құран Шұғаның,

Бір Шұға үшін жаңды құрбан қыламын.

Кетерімде арманда боп сүйе алмай,

Еңіреп жылап «қалқам» деді-ау шырағым...»

Біз ауылға жеткенде Беркімбайдың үйінің қасы лық толған адам екен. Атты байлап Әбдірахманды үйге кіргіздім де, неге жиналып тұрғандарын білейін деп аяңдап кісілерге қарай жүрдім. Жақындай бергенімде бір салт атты шоқытып келді де, айқайлап бірдеме айтып кейін жүріп кетті. Не айтқанын есіте алмадым. Бірақ әлденеге жүрегім тітіркенді. Бойым мұздады... Жүгіре басып жандарына келгенімде «Құдай рахмет етсін!..» деп беттерін сипап бата қылысты. Мен аң-таң болдым. Айтбай матая қарап:

–Есіттің бе, Шұға қайтыпты-ау, – деді. Суық суды төбемнен құйып жібергендей болды. Тұрған орнымда қаттым да қалдым. Жиылған жұрттың бәріде бастарын шайқасты.

–Өй, Шұға десе, Шұға еді-ау... десті.

Ауылдың адамдары жиылған қалпымен келіп Әбдірахманға естіртті. Әбдірахман жыламады, сұп-сұр болып қатты да қалды. Бәріміз де көңіл айтқан болдық.

***

Шұғаның өлген орнын көру Әбдірахманға мақсұт болды. Жұрттың «елді» дегеніне нанбағандай болды. Бәріміз келдік.

Есімбектің үйі ызы-шу, қым-қуыт екен. Келе жатқан көп адамды көрген соң келіндері далаға шықты. Кездері қып-қызыл. Зәйкүл ымдап шақырды. Қалтасынан алып бір қағазды ұсынды. Хат екенін білдім. Жүрегім елжіреп жылап жібердім. Әбдірахман да сезіп түр екен, оңашарақ шығып оқыдық. Әбдірахманның көзінің жасы сорғалап хатқа тамумен болды.

Сондағы Шұғаның өлерде жазған хаты:

«... Әуре боп неге біткен ажар-көрік,

Ішіңе от түсірдің қалқам керіп.

Гүлдену жас өмірде мақсұт боп ед,

Серттесіп, қол алысып, уәде беріп.

Жолына құрбан қып ем жан мен тәнді,

Дариға, айтылған серт болмай қалды.

Көре алмай ақтық минут дидарыңды,

Арманда жан тапсырған мен бір зарлы!

Хаты деп ақтық жазған ғашық жардың,

Есіңе ал, дұғаңа мен ынтызармын.

Қош, cay бол, ойнап-күліп жолығармыз,

Астында ақ туының пайғамбардың!..»

Шұғаның сүйегін бұрынғы ескі қорымдарына қоймақ болып, Есімбек көшін түйеге теңдеп жөнелді. Келер жыл «Өгіз сойғанның» басына келіп қонған соң ел жиып асын берді. Сонда тұрғызған белгі еді... деп сөзін бітірді.

Әңгіменің қызығына түскен соң қаракер аты қамшыдан құтылып жолы болып келе жатыр еді. Бір-екі тебініп шаужайлап қатарласты. Алдымыздағы белеске шыққан да үлкен көлдің аңғары көрініп, құбыла жағында бір оба шық мұнарланды.

— Әне, деді жолдасым, әне, Шұғаның белгісі керінді... өй, өзі де Шұға десе, Шұға еді-ау!.. деп қойды.

1923.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады
Пікір жазу