Ғабиден Қожахмет | Өз үйі

  Ғабиден Қожахмет | Өз үйі


- Өз үйіме қайтамын! - деді бала.

Айнала тұрғандар баланың сөзіне жамырай күлісті.

- Әй, өз үйіңде не бар?! - деді күліп осы жерде тұрған үлкен апайлардың бірі балаға. - Не бар өз үйіңде?!

- Өз үйімде атам бар! - деді бала.

- Атаң деген отырған жоқ па мұнда?!

Жаңағы апай сәкінің үстінде отырған баланың нағашы атасын көрсетті.

Бала басын шайқады:

- Жоқ! Ол менің атам емес. Өз үйімде өзімнің атам бар!

Айнала тұрған адамдар баланың сөзіне тағы да дуылдай күлді.

Жиенінің сөзіне сәкінің үстінде отырған кісі де күлді:

- "Жиен ел болмайды" деп осыдан айтылған ғой. Өзімнің де ұлдарым үйленер. Өзімнің де "аталап" жүретін немерелерім болар.

- Әй, мұнда той болғалы жатқан жоқ па?! - деді тағы да жаңағы апай балаға. - Нағашы әпкеңді ұзатқалы жатқан жоқпыз ба? Тәтті-пәттілердің бәрі де осында, кәмпиттің де небір түрі осы жерде. Көңілді музыка ойналып жатыр. Қызықтың бәрі осы жерде емес пе?! Қазір құдалар келеді әпкеңді ұзатып алып кетуге. Қалмайсың ба?!

Бала тағы да басын шайқады:

- Жоқ! Өз үйіме қайтам!

Баланың атасы сырқаттанып қалып, құдасының тойына келе алмай қалған еді. Бала ауылынан кісі әкеліп тастауға келген көліктің жүргізушісін танып, "мені де ала кет" деп, көлікті тоқтатып қойған болатын.

- Мама! - деді бала енді өзінің анасына қарап. - Маған киімдерімді пакетке жинап, салып берші! Мен өз үйіме қайта берейін! Ал сен тойды өткізіп барып бір-ақ келерсің.

Үлкендер баланың сөзіне тағы да күлді.

- Осының бәрі әке-шешемнің өзінің тәрбиесі, - дейді күліп осы үйдің тағы бір бойжеткені. - Әке-шешем өз тәрбиесінің жемісін көріп жатыр.

Үлкен әпкем тұрмысқа шыққаннан кейін, бір күні үйге қыдырып келді. Дастарқанның басында отырып, бір әңгімені бастай беріп еді, әке-шешем тыйды да тастады:

"Өз үйіңнің әңгімесін осында әкеліп жеткізгеніңнің алды-арты осы болсын! Сен енді тұрмысқа шыққан, өз үйің бар қызсың! Тұрмысқа шыққан қыздың өз үйінің әңгімесі өз үйінің ішінде қалуы тиіс! Ол сыртқа шықпауы керек!"

Әпкем тымырайып үндемей қалды.

Осыны естіп отырған екінші әпкем ұзатылғаннан кейін өз үйіне сіңді де кетті. Барған жерінде қадірлі. Тіпті өзінің үйін бізден артық көретіндігі сондай, бізге айында-жылында бір келеді. Мына "өз үйім, өз үйім" деп тақылдап тұрған бала - сол екінші әпкемнің ұлы.

Бала киімдері салынған қалтаны бауырына қысып, құшақтап алған күйі өзін күтіп тұрған көліктің артқы орындығына барып отырды да, жиналған жұртқа қарап жымиып күлді.

Көлік ақырын орнынан қозғалды. Ол өз үйіне бара жатты.

- Осындай балалардан болашақта жақсы азамат шығады! - деді осы жерде тұрған мектептің директоры. - Анығында, Отан деген қасиетті ұғымның әу бастағы алғашқы баспалдағының өзі баланың өз үйінен, өзінің тамырынан бастау алып жатады. Ол өзінің кішкене Отанын көңілді музыкаға да, кәмпитке де айырбастамай кетті.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі