Педагогика | Қазақ елінің қоғамдық ой-санасының даму сипаты

Педагогика | Қазақ елінің қоғамдық ой-санасының даму сипаты

Қазақ елінің қоғамдық ой-санасының даму сипаты

Тәуелсіздіктің көк туы желбірегелі бері тарих қойнауының талай қалтарыстары ашылып, халықтың рухани қазынасының пайдаланылмай келген талай жәдігер мұралары бүгінде кәдеге жарап жатыр. Сондай ұмыт қалған қазынамыздың бірі - ұлттық білім беру мен тәлім-тәрбие мәселесі. Бүгінгі таңда ғылымның қай саласына болсын, жаңаша көзқараспен қарайтын уақыт жетті.
Қазақстанның Россияға қосылуы 1731 жылдан басталғанымен, патшалықтың отарлық саясатының күшейген кезі ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында болғандықтан қазақ даласы осы кезеңде тарихи оқиғаларға толы болды. Патша өкіметі қазақ жерін отарлау саясатын жүзеге асырып, әкімшілік басқару жүйесін енгізіп, қазақ жерінің байлығын өз мақсаттарына пайдалану үшін жанталасып жатты. Мұжықтарын лек-легімен әкеп төгіп, қазақтың ең шұрайлы жерлерін тартып алып, өздерін шөлге, құмға, тау-тасқа қарай тықсырды. Шекараны нығайта түсу үшін бекіністер салды. Патша өкіметі осы әрекеттерімен ғана шектеліп қалған жоқ, іле-шала жергілікті халықтың тіліне, діліне, дініне шабуылын күшейтті. Халықты бірден үркітіп жібермеу үшін " бұл саясатын " аса сақтықпен жүргізді. Патша өкіметі ең бастысы халықтың ауқатты тобын өз жағына шығарып алуға тырысты. "Болыстарға тілмаштар даярлау мектебін" ашып, болыстардың, атқамінерлердің балаларын оқытып, билік сүйгіштерді өзіне жақындатып алды. " Ислам дініне бой ұрады" деген ниетпен татарларды қазақтарға жолатпауға тырысады.
Патша өкіметі тек орыс мектептерін ғана ашып қойған жоқ, жер-жерлерде қазақ балаларын шоқындырып, оларға орысша ныспы беру рәсімдерін де жасады. Бұның бәрі бүгінгі күж ғана тұрғыдан айтылып отырған шындық.
Халықты тарихынан жаңылдыру үшін бірнеше рет жазу графикасы ауыстырылды. Бұның өзі бүгінге дейін ел тарихын зерттеуге үлкен қол байлау болып отырғанын жасырып, - жабудың қажеті жоқ.
Патша өкіметінің "жымысқы" саясатының нәтижесінде ашылған "орыс-қазақ" мектептерінде оқыған қазақ балалары орыстың білімі мен ғылымының арқасында көкірек көзін ашып, ХХ ғасырдың басында саяси аренаға шықға бастады. Орыс мектептерінде оқып, орыс қалаларында жоғарғы білім алғанымен олар өз елінің мүддесін көздеді, ұлттық білім беру жүйесін қалыптастыруға және ұлттық тәлім-тәрбиенің негізін қалап, ғылымға айналуына көп еңбек сіңірді. Ел арасынан өздерінің табиғи дарынымен, асқан білімділік деңгейімен, рухани парасатымен суырылып шыққан азаматтар ұлт болашағы үшін жан аямай тер төгіп, бостандық пен бақытты өмір жаршыларының тұңғыш қарлығаштары бола білді. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Сералин, Барлыбек Сырттанов, Бақытжан Қаратаев, Жанша Сейдалин, Мұхамеджан Тынышбаев, Жақып Ақбаев, Дінмұхамед Сұлтанғазин, Ғұмар Қарашев, Отыншы Әлжанов, Райымжан Мәрсеков, Асылқожа Құрманбаев, Ғабдулғазиз Мұсағалиев… бұл тізімді осылай жалғастыра беруге болады.
Шын мәнінде, олар ғұмыр кешкен ХХ ғасырдың басы өздерінің ойлау, болжау қасиеттері айрықша, энциклопедиялық білім, талғам-танымдары жан-жақты көзі ашық алыптарды дүниеге келтірген дүбірлі заман еді.
Бірақ көп жылдар бойы Кеңес өкіметі жүргізген озбырлықпен қырып-жоюға, тарихты өрескел бұрмалауға негізделген саясаттың тікелей салдарынан халқымыздың сана-сезімі өлшеусіз де орны толмас жұтаңдыққа ұшырап, оның интеллектуалды ауқымының қарыштап дамуына үлкен нұқсан келді. Соның тікелей кесірінен қазан төңкерісіне дейінгі жалпы адамзат өркениетінің төрінен орын алған ірі тұлғаларымызға "байшыл", "кертартпа", "діншілдер" деген, жалған саяси айдарлар тағылды. Олардың бай мұраларын зерттеуге тыйым салынды. Партиялық талап, марксистік-лениндік идеология қазақ халқының дарынды дара перзенттерінің бостандық пен ұлт тәуелсіздігі үшін аянбай тер төккен, қабырғалары қайысқан ерекше еңбектерін большевиктік көзқараспен біржақты бағалап, оларды мемлекетке "қажетсіз" санап, жетпіс жылдан астам жарыққа шығармады. Кейінгі кезде бұл мәселе біршама толық зерттеле бастады. Коммунистік—тоталитарлық жүйе заманында жарық көрген әдебиеттерде көптеген ірі қайраткерлеріміз нақақтан қараланды, тіпті олардың есімдерін атауға тыйым салынды. Көп жағдайда бүкіл ХҮІІ-ХІХ ғасырлардың шеңбері тек қана Шоқан, Ыбырай, Абаймен шектеліп, олардың өзінің мәдени дүниеге келуі " Ұлы орыс мәдениетінің жемісі" деп насихатталды. Соның нәтижесінде үш ғасыр аралықта небір ұлы ойшылдар мен дарынды перзенттерді дүниеге келтірген қазақ даласы небәрі үш-ақ қайраткерді шығарған деп үлкен бір халық тарихы бұрмаланды.
Ресейдің 1854-1856 жж. қырым соғысында ойсырай жеңілуі крепостниктік правоның жойылуына және елдегі буржуазиялық қатынастардың кең қанат жаюына әсер етті. 1864-1880 жылдар аралығында жүргізілген буржуазиялық қайта құрулар білім беру жүйесін де қамтыды. Білім беру жүйесіндегі өзгерістер Ресейдің отарлық саясатындағы жаңа кезең- Орта Азияны жаулап алуымен және Қазақстанның толық орыс боданына айналуымен тұспа-тұс келді.
1867-1868 жж. әкімшілік реформа бойынша " Қазақстан толық Ресей қармағындағы аумақ және барлық жер патша жері" деп жарияланды. Жаңа әкімшілік жүйенің енгізілуі жергілікті кадр дайындау мәселесін де күн тәртібіне сүйреп шығарды.
Сондықтан да олар отар елдерде белгілі бір мақсатқа негізделген білім беру жүйесін құруды қолға ала бастады. Мектеп ашу арқылы бодан елдеріне өз идеологиясын сіңіру, насихаттау өркениетті әр елдің міндеті болса керек. Одан Ресей империясының да қалыспағаны байқалады. Мектеп ашу, оқыту арқылы олар өз ықпалын күшейтіп, отар елдерді уысында ұстау ниетін баса көздегені сөзсіз.
Алайда, Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген халықтардың ерте заманнан келе жатқан дәстүрлі оқу жүйесін мектеп және медреселер құрағаны баршамызға мәлім. Бұл жүйе өзінің мазмұны жағынан мұсылман дініне негізделді. Араб және парсы тілдеріндегі діни пәндер үстем болған мектеп – мед
ресе жүйесі жергілікті халықтар арасындағы діни – рухани тұтастықты сақтап, оны ары қарай нығайтатын бірден-бір күшті құралға айналды.
Кеңес өкіметі тұсында жазылған әдебиеттерде дәстүрлі оқу орындарының көлеңкелі жақтарын әсірелей суреттеу басым болды, олар тек діни фанатизмді насихаттап, кертартпа ескішілдікті тарататын орындар болып есептелінді.
Шындығында, мұсылман мектептері мазмұны мен оқыту тәсілдерінің бірыңғай болуына қарамастан жергілікті түркі халықтарын діни-рухани негізде біріктіретін күшті рухани ұя болғанына баса назар аудару қажет. Осы бір күрделі тарихи жағдайда мұсылмандық фактордың отаршылық жүйеге қарсы құдіретті күш екенін түсінген патша өкіметі мектеп-медреселерді құрту мақсатында нақты шаралар қолданады. Мысалы, осы өлкені зерттеп, барлау жұмыстарын жүргізген өлкетанушылар: "біз, әсіресе, жергілікті ру-тайпалар мен ұлттардың ислам негізінде бірігіп, іс-әрекет жасауынан сақтануымыз керек",- деген зымиян пікір білдірген. Сондықтан, мектеп-медреселерге қарсы күрес түрлі айла - тәсіл арқылы жүргізіледі. Бұларды тек фанатизм, қараңғылық ордасы етіп көрсетіп, осы тұрғыда насихат жүргізу қолға алынады. Оларды үкімет тарапынан қаржыландырмау, қолдамау, қайта олардың бастан кешіп отырған обьективтік дағдарысын одан әрі тереңдетіп, ақыры мүлде жойылуын тездету көзделеді. Мектеп не медресе ашу үшін арнайы кеңселерден міндетті түрде рұқсат қағазын алу сияқты басы артық шаралар ойластырылады.Мәселен,1895 жылы 17 шілдеде қабылданған ережеде Түркістан өлкесінде медресе ашу үшін өз қаражаттарымен міндетті түрде орыс тілі оқытылса ғана рұқсат етіледі делінген".1 .Осындай кедергілер жасалса, діннің әлсіреп, үкіметтік оқу орындарының беделінің өсетінін түсінген. Патша өкіметінің бұл ойының жүзеге асқанына қазір бәріміз куәгерміз.
Қазақ даласында мұсылман дінінің нашар таралуы және аумақтардың Ресей қоластына әр түрлі кезеңде өтуі білім беру жүйесіне де әсер етті. Ресейге ертерек қосылған аумақтарда оқу ұяларын ашу мәселесі жергілікті жерлерде орыстардың ықпалымен көтерілген сияқты. Оған Жәңгір Бөкеевтің 1841 жылы Ордада мектеп ашуы, Құнанбай Өскенбайұлының 1845 жылдың 3 қаңтарында Шекара басқармасынан мектеп ашуды сұрап,арыздануы Уәлихан Шыңғысұлының сол жылы осы мәселемен өз болыстарын нұсқап жазған хаттары, Шорман Мұсасының 1853 жылы "Қазақ балаларын Ресейдің кез - келген қаласындағы оқу орындарына түсуге рұқсат беру" жөніндегі өтініші дәлел.
Қазақ жерінде өз қаражатына алғаш рет мектеп ашқан әйгілі Жәңгір хан екенін жоғарыда баяндадық. Мектеп өз шәкірттеріне есігін 1841 жылдың 6 желтоқсанында ашқан екен. Ол қазақ жастарын Орынбор кадет корпусы мен Ресейдің басқа да қалаларындағы оқу орындарына түсуге даярлап отырған. Әу баста мектеп ашуға күш салғанда Жәңгірдің өзі де осындай мақсатты көздеген. Оқу орыс тілінде жүргізілген. Бұған негізгі себеп – Жәңгір ханның орысшылдығы, жастайынан Астрахан губернаторы Андреевскийдің қол астында тәрбиеленгендігі әсер етсе керек.1 Жәңгір өлгенге дейін, тіпті одан кейін де үш жыл бойы мектептің бар шығыны ханның өз қаржысы есебінен өтеліп тұрыпты да, ол тек 1848 жылы ғана Халық ағарту министрлігінің қарамағына көшіріліпті.
Әрине, Ішкі Ордада мектеп ашуға патша әкімшілігі тек Жәңгір ханның көңілін қимағандықтан ғана рұқсат етті десек, қателескен болар едік. Мұның астарында қазақ жастары арасынан патшаға адал қызмет ететін сенімді шенеуніктер даярлап, солар арқылы елді ішке тарту, халықты біртіндеп, айла-шарғымен білтелеп отарлау сияқты зымиян саясат жатқаны айқын. Сонымен бірге патша өкіметі Бөкей ордасында мектеп ашу арқылы татарлардың қазақтарға тигізіп отырған ықпалын тежеп, бәсеңдету мақсатын да көздеген болуы ықтимал. Олай дейтініміз, Жәңгір ханның әйелін сағалаған татарлар ол тұста Ордаға көптеп келе бастаған. Осыдан келіп олар қазақтарды орысқа қарсы азғыруы мүмкін-ау деген күдік туып, мұның өзі патша әкімшілігін едәуір алаңдатқан сияқты. Содан болса керек, патша әкімшілігі Орда мектебін көзден таса қылмай қадағалап отырған. Мектептің оқу базасының нығаюына мұның пайдасы да тиген сияқты. Татар, башқұрт, қазақ мектептерінің инспекторы В.В.Катаринский мектепте оқулықтар мен оқу құралдары жеткілікті екенін, шәкірттер Ушинскийдің, Паульсеннің оқулықтарын, Ресейдің географиялық картасын пайдаланып жүргенін айта келіп, былай деп жазады: "Жоғарғы бөлімнің шәкірттері 4 жыл оқығаннан кейін Паульсеннің кітабындағы мақалаларды әжептәуір жақсы оқыды, оқығандарын өз сөздерімен айтып шығып, оны қазақшаға аударып бере алды және сол аударғандарын әріптермен таңбалап жазып шықты"…1
1850 жылы Орынбордағы Шекара комиссиясы жанынан қазақ жастары арасынан тілмаштар, іс жүргізушілер даярлайтын қазақ тіліндегі екінші мектеп ашылғанға дейінгі тоғыз жыл ішінде Жәңгір мектебі қазақ даласына білім сәулесін түнектегі жалғыз шамдай жеке-дара шашып келген. Әрине, оның жарығы білімге сусап отырған қалың көпке түгел түсті дей алмаймыз. Бірақ мектеп ұжымының осы жылдарда жастарды өнер-білімге баулуда, олардың көкірек көзін ашуда тындырған игілікті істері, жинақтаған тәжірибесі кейінірек ашылған оқу орындарының қай- қайсысына да мықты таяныш, үлкен тірек болғаны анық. Мектептің алғашқы оқытушылары Әминов пен К.Ольдекон болған. Мектепті үздік бітірген 8 бала 1845 жылы Орынбордағы Неплюев, кадет корпусына оқуға түсіп білім алды.
Патша 1844 жылдың 14 маусымында Орынбор шекара комитеті жанынан қазақ балаларына әртүрлі бағытта білім беретін мектеп ашу жөнінде ереже жариялайды. Осы ереженің негізінде алғашқы мектеп Орынборда 1850 жылы ашылыпты. Бұл мектептердің мақсаты "аға сұлтандар хат-шотын жүргізетін және тек қазақтардан ғана қойылатын болыстар тілмашын дайындау" болған. Тұңғыш мектепті 1857 жылы Ыбырай Алтынсарин бастаған 23 оқушы бітіріп шығады.
1860 жылы Орынборда қалалық қазақ мектебі ашылуы тиісті болады да, соның алғашқы меңгерушілік және мұғалімдік міндетін Ыбырайға жүктеу үшін оны шекара басқармасына уақытша тілмаштық қызметке тағайындайды.
Бұл кезең орыстың білім беру жүйесін Қазақстанға таратудың бірінші кезеңі, яғни-үгіт насихат кезеңі болатын.
Екінші кезеңнің басталуына 1861 ж. Ресейдегі басыбайлылық құқықтың жойылуы, буржуазиялық қайта-құрулар және Қазақстанның Ресейге толық қосылып, оның экономикасының бір бөлігіне айнала бастауы себеп болды.
1865 жылы 5 шілдеде қол қойылған Екінші Александр патшаның арнайы рескрипті екінші кезеңнің басталуының заңдық негізі болды. Бұл құжатта екі нәрсеге айрықша көңіл бөлінді: 1.қазақтардың бәрін бірыңғай билеп төстеудің жаңа ережесі, яғни 1867-1868 ж. әкімшілік реформаны дайындап жүзеге асыру. 2. Орыстандыру және біртіндеп православие дініне енгізу шараларын жүргізу.
Империя көп тілді бұратана халықтарды түгелдей шоқындырып, орыстармен кіріктіріп (слияния) жіберу мәселесіне шешуші мән беріп, яғни оларды тілі мен дінінен ажырату арқылы орыстандыру саясатын ұстанды. Осы мақсат тұрғысынан келіп 1869 жылы Мәскеуде арнайы түрде миссионерлік қоғам ұйымдастырылып, оған осы саяси идеологиялық мәселені жүзеге асыру міндеті жүктелді. Әрине, патша үкіметі көп тілді халықтарды орыс халқымен кіріктіріп жіберу үрдісін күшпен ассимиляциялау арқылы жүргізуге бағдар алғанда, бұл істегі ең шешуші әрі ең әсері мол күш деп отарлаудың ең сыннан өткен сенімді тәсілі- қоныс аударушы переселендерге көп үміт артылды. Осы мақсатта 1868 жылы "Переселенческий комитет" құрылып, қызу іске кірісуі миссионерлік әрекетті қатты жандандырды. Мұндай әкімшілік АҚШ-та 1824 жылы " Бюро Дело Инородцев" деп аталған еді.
Орыстандыру саясатын аталмыш комитетпен бірлесе жүргізу қажеттігі анықталып, бұл іспен тікелей айналысатын арнайы құрылған "Обрусительная палатаға " тапсырылды.
Ресей империясының бұратана халықтарды отарлаудағы ең сенімді әрі нәтижелі әдісі — водворения, яғни, орыс мұжықтарын бұратана халықпен араластыра қоныстандыру тәсілі еді.Қоныстанушылардың санын жыл өткен сайын көбейтіп отырудың саяси астарын жақсы ұғынғандықтан бұл мәселеге шешуші мән берілді. Шоқындыру, орыстандыру мәселесі де осы әдіс арқылы жүргізіліп келді. Бұл саяси әрекетті қазақ жеріндегі генерал—губернаторлардың бәрі де жергілікті жердің тарихи ерекшелігіне сүйене отырып аспай-саспай әрі өте сақтықпен біртіндеп сыналап ендіру арқылы жүргізуді көздеді.
Бір ескерер жәйт "слияние нации и народности" деген терминдік мәні бар ұғымның о баста миссионерлердің еңбектерінде қолданыс табуы ойға қалдырады. Жеке басқа табыну, тоқырау жылдарында осы термин сөздер кеңестік баспасөз бен ақпарат құралдарында да тілден түспейтін. Бірақ бұл сөздің мағынасы мен мақсаты терең талданып ғылыми тұрғыдан зерттелмей келді.
Жоғарыда айтылып өткен мәселені жүзеге асырудың бір саласы ретінде Ресей империясының Ағарту министрлігі тарапынан шет аймақтардағы бұратана халықтар арасында ашылған негізінен миссионерлік мүддені көздейтін аралас мектептерге де ерекше мән берілді. Мұны тіпті революцияға дейінгі отарланған өлкелерде ашылған аралас мектептер тарихына көз жүгіртсек те анық байқауға болады .
Үстем билік отарланған халықтарды орыстандырудың шешуші кілті, нәтижелі құралы – аралас мектептер мен әртүрлі саяси--әлеуметтік жағдайларға орай ашылған кейбір кәсіптік оқу орындары болуы керек деп түйді. Осы себепті патша үкіметі орыс емес халықтар үшін мектептер ашқанда, оларды сауаттандырып, ғылым—білімге тарту үшін емес, керісінше өздерінің күнделікті саяси ---әлеуметтік мұқтажына қызмет ететін төменгі дәрежелі қызметкерлер даярлау мақсатын көздеген. Бірақ осы іспеттес шет аймақтарда ашылған мектеп атаулының бәрі де миссионерлік мақсатты мықтап ұстағанын өте құпия деген белгі соғылған Ағарту министрлігінің арнаулы инструкциясында да аталып өткен. Онда: "…народное образование на окраинах русской державы есть своего рода духовная война, воющие стороны никогда не разглашают своих планов",- деп жазылып, өздері ерте бастан - ақ алдын ала ойластырылған әрі өте сақтықпен жүргізіп келген ағарту жұмысындағы миссионерлік саясатын шама келгенше бұратана халықтардың алдыңғы қатарлы зиялы өкілдеріне сездірмеуге тырысқан. Мектеп арқылы жіңішкелеп өткізілетін миссионерлік әрекеттеріне алдамшы жамылғы бүркемелеп, елеусіз түрде біртіндеп сіңіруге ұмтылған мақсатының мән—мағынасын осы құпия нұсқау әйгілеп тұр . ....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!