Жұбан Молдағалиев ()

 Жұбан Молдағалиев ()

Жеткізген бұл бір аңызды
Көктемнің жүйрік желі ме?
Тасқын ой қайдан ағызды,
Таратты кімдер еліме?
Сәбидей оны сүйдім мен,
Көтерген алып бесіктен.
Авторы ел деп түйдім мен,
Ел кезіп жүріп есіткем.
Білмеймін,бірақ, қай жерде,
Қай жердің құба жонында:
Бәлки тау, бәлки сай жерде,
Айта алман атын оның да.
Аударып әлем назарын,
Тартыпты желі жаңа жол,
Жаңғыртып жердің ажарын,
Жасыл от жаққан далада ол.
Шетелдік мырза тілші бір.
Алыстан арнап келіпті,
Көлгірси жүріп бұл шебер,
Жолшыға сұрақ беріпті.
Қай жылдан бері жолшысыз,
Қалтаңыз қашан толады?
Боласыз қашан жолды сіз?
Қай жерде мұның торабы?
Жолшы бір алып ересен
(Тауды артсаң да көтерер):
Мен, депті, шешен емес ем,
Кем соқса ғафу ете гөр.
Сондада сөзден қаша алман,
Айта бер біздің жол шынын.
Дедің бе, қалай қашаннан?
Туғаннан бері жолшымын.
Жол салу тыңнан орасан -
Октябрь берген мамандық.
Қалтамның жайын сұрасаң,
Қазынам да мәңгі замандық.
Бүгінге түгіл, жетеді
Бейтаныс ұрпақ ұл-қызға,
Адамзат азық етеді,
Алады шапақ жұлдыз да.
«Боласың қашан» деп пе едің.
Қайсы еді өзге сұрағың?
Байқап көр халық екпінін,
Содан біл, мырза шырағым!
Соны айтып жолшы желпініп,
Қарапты, дейді айнала.
Күн күліп көкте, жел тынып,
Тұр екен тыңдап сай-сала.
Әлгі орын, әлгі жер ісі
Әудемде артта қалыпты.
Жалғасып жолдың желісі
Асуын таудың алыпты.
Тұрыпты мырза күйініп,
Қаламын отқа жаққандай.
Тұрыпты жолшы сүйініп,
Тағы бір бақыт тапқандай.
Қиялын бейпіл тасытқан,
Кесіліп күңгірт үміті,
Кетуге мырза асыққан,
Сол кезде жолдың жігіті:
Асықпа, - депті, - тоқтай тұр.
Қорқытты сені әлде не?
Сұрағың тағы жоқ па бір?
Біткен жоқ әлі әңгіме.
Деп пе едің қайда торабы?
Станциясы - Коммуна!
Барлық жол соған барады,
Қарқыннан біздің көр мына!
Соны айтып жолшы, желпініп,
Қарапты дейді, айнала.
Күн күліп көкте, жел тынып,
Тұр екен тыңдап сай-сала.
Әлгі орын, әлгі жер ісі
Одан да артта қалыпты.
Жосылып жолдың желісі,
Тағы бір тауға барыпты.
Тұрыпты үнсіз түйіліп,
Еңсесі түсіп өр мырза,
Адамзат, жер-көк сүйініп,
Жолшыға бопты риза.
Тыңдапты мырза жол шынын,
Секілді соттың кесімі,
Айтады аңыз жолшының
Халық деп нағыз есімі.

1949

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?