Естеу Нүсіпбеков (Кешіккен сый)

 Естеу Нүсіпбеков (Кешіккен сый)

Кең жүрекке мені де сыйдырыңдар,
Жұртым, саған арнаған сыйлығым бар.
Сезіміңнің жіптерін еспес бұрын,
Ұршығыңды иіріп ширығып ал.

Кештім бастан сан қыспақ, сан зобалаң,
Орға-аранға құлатты аңдамаған.
Бас сауға да іздедім, жан сауға да,
Келдім ауып жат жұрттан қан бораған.

Қанды кегін әкемнің, досымның да,
Қуалауға заманнан шошындым да.
Батыл жетпей қоюға, қозғауға да,
Іштей тынып күйзелдім тосын мұңға.

Мазаң таңды ұйқысыз атқыза алмай,
Жеке іске, не жалпы іске жатқыза алмай,
Жан булыққан күй кештім туған елде,
Саптаяқтан қарауыл баққызғандай.

Бой үйренді, көндікті шеттегенге,
Риза болды басқа ұрып теппегенге.
Дәметпеді марапат, сый, сыбаға,
Созылмады қол, мойын жетпегенге.
Бастығымның бағып сақ қас-қабағын,
Толы тартып үйрендім ас табағын.
Пірім болып бастық пен бас есепші,
Ұмыттырды үй қамы, басқа жағын.

Қарбаласып кей ойды жаза алмадым,
Арзан сөзбен кей ойды азандадым.
Кенішіне кей ойдың тісім батпай,
Асыл тасын тереңдеп қаза алмадым.

Шала қалды кей ойым аяқталмай,
Оқшауландым ортадан саяқтардай.
Ақыл қосар, ой қосар, ортақтасар,
Шалғай кеттім сыншыдан «таяқтардай».

Кіналама мін тағып жәй қалғанға,
Жапасымен жан бағыс айналғанға.
Жарыстарға ат қоспай қырда болдым,
Жұлқынтпады кер мінез бәйге алғанға.

Кіналама төпеп жыр төкпеді деп,
Қырға, ойға көп көшет екпеді деп.
Өктеп соққан өкпек жел өшірді өкпе,
Жастай семді көп өркен күйінде көк.

Кінәлама өмірге өкпелі деп,
Костюмі ескі, көнетоз шекпені деп.
Дәрмен жияр нәрінен ғұмырымның
Ес тандырған ауыр жүк жеккені көп.

Кешіккенге кешірім өтінемін,
Оң қабақтар жебесе жетілемін.
Өзің үшін өзекті өрт шалса да,
Арқауымнан дей алман сетінедім.

Ұны мапа ақ бидай астығымның,
Әулетімін ауғын жұрт шашқыныңның.
Ілтипатпен байыптап бағаласаң,
Табыла алам астынан жастығыңның.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!