Жұмағали Саин (Құлыншақ)

 Жұмағали Саин (Құлыншақ)

Кішкентай ғана құлыншақ
Уыз еміп қырда өскен.
Жылқы ішінде ойын сап,
Жұлдыздармен тілдескен.
Еріккеннен тістейсің
Анаңның қыл құйрығын.
Оқтын-оқтын кісінейсің
Көк дауыл тентек жүйрігім.
Айға қарап есінеп,
Таңдығыңды кересің.
Күнге қарап кісінеп,
Көңілге жел бересің.
Кейде желмен жарысып,
Атылып ойнақ саласың.
Тай, құнанмен қағысып,
Жерден топырақ қабасың.
Жеті айшылық жерді алар,
Тұяғы болат болар ма?
Аспандап ұшқан құсты алар
Ерге қанат болар ма?
Бота тірсек, бұйра жал,
Болдырмайтын кеңбісің?
Сымбатты сұлу кер марал
Ер мінер ат сенбісің?
Мен мінген ат белдеуде
Жорыққа дайын жарап тұр.
Қапыда жауға бермеуге
Шекесінен қарап тұр.
Менде де дайын оқтаулы
Тұр кабурда пистолет.
Шинель мен шлем сақтаулы
Қараймын кейде күлімдеп.
Ал, сен болсаң құлыным,
Ат боларсың арқырап.
Мінер совет ұлының
Маңдайы күнге жарқырап.
Лилия гүлдей ашылған
Құлыншағым таң асар.
Ер қаруы асынған
Тал бойында жарасар.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?