Қадыр Мырза Али (Көк дауылмен жағаласып кемеміз)

 Қадыр Мырза Али (Көк дауылмен жағаласып кемеміз)

Көк дауылмен жағаласып кемеміз,
Көк мұхитта қақпақыл боп келеміз.
О жасаған!
Өстіп жүріп бір күні
Өлеміз-ау,
Өлеміз-ау,
Өлеміз!
Кейбірулер соны неге ұқпайды!
Қадалады жүрегіме мық-қайғы.
Мен де өлемін,
Менің бірақ есімім
Жазушылар тізімінен шықпайды!
Пендемін ғой,
Тау болсам да шөгер ем,
Гүлдей солам,
Бірақ қайта көгерем:
Тірілердің көзіне оттай басылар
Талай-талай немерем мен шөберем.
Өліп-өшкен ғашық жігіт
Күніне
Мендік көзбен қарар сүйген гүліне.
Мен болмаспын,
Бірақ сөзім оралар
Сайрап тұрған шешендердің тіліне.
Жүрек неге,
Өкпе неге алқынды?!
Қимайды ма өте шыққан бал күнді?
Әдемі әзіл бір кездері мен айтқан
Әлі талай ду күлдірер халқымды.
Амал қанша!
Татар дәмің таусылды.
Қабірстан құшағымен қаусырды...
Жоқ! Өлмеймін!
Елім әлі естиді
Лентаға жазып алған даусымды!
Кейбір жырым дән ұшырып қырманда,
Кейбір жырым бақташы боп жүр маңда.
Жоқ! Өлмеймін!
Правом жоқ өлуге
Сөз сыйлайтын халқым аман тұрғанда!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады