Ертегі: Достық

Ертегі: Достық казакша Ертегі: Достық на казахском языке

Бұрынғы өткен заманда бір жігіт аңға шығып, құс салып жүреді екен. Бір күні биік бір тасқа келіп отырған көк құсты көреді. Құстың қасына жақындап барады. Бірақ, құс ұшпайды.

«Бұл не қылған құс?» деген оймен ұстап алып қараса, оның қанат, құйрығы жұлынған екен.

Көк құсқа рақымы түсіп, жігіт оны үйдегі атасына апарып көрсетеді.

Атасы құсқа қарап отырады да:

— Балам, бұл құсты он бес күн бақ. Сонан соң қалаған жағына ұшырып жібер, – дейді.

Жігіт атасының айтқанын істеп, құсты он бес күн бағады. Осы күндердің ішінде құсқа жаңадан құйрық, қанат шығады. Он бесінші күні жігіт:

— Қалаған жағыңа ұшып кете бер, – деп, құсты қоя береді.

— Маған жасаған жақсылығың үшін рақмет. Егер басыңа бір қиыншылық түссе, мені тауып ал, мен пәлен жерде тұрамын, – деп, көк құс мекен-жайын айтып, алғысын білдіріп ұшып кетеді.

— Жақсы, керек уақытта тауып алармын, – деп, жігіт қала береді.

— Қош, жігіт! – дейді де көк құс көкке көтеріліп, көзден ғайып болады.

Біраз уақыт өткенде, жігіттің атасы да, анасы да қайтыс болады. Өзі малдан, бақтан айырылады. Киюге көйлек, ішуте тамақ таппай қалады. Енді ол баяғы көк құсты іздеуге мәжбүр болады. Бірнеше күн жол жүргеннен кейін, оның алдынан бір адам шығады. Жігітке жолаушы:

— Қайда бара жатырсың? – дейді.

— Көк құс деген досым бар еді. Соны іздеп бара жатырмын. Оның ауылы қай жерде екенін білмейсің бе? – деп жігіт сұрайды.

— Білемін, ауылы ұзақ емес. Оны не қыласың?

— Малдан, бақыттан айырылдым. Ол досым еді. Көмек сұрайын деп бара жатырмын.

— Олай болса, көк құстың үйіне барғанда, үлкен бір сандыққа салынған кішкене көк қобдишасы бар, соны сұра. Соны алсаң – бақытты да, бай да боласың.

— Жақсы, – деп, жігіт жолаушыға алғысын айтып, жолын жалғастырады.

Ертеңіне жігіт досының аулына жетеді. Көк құс іздеп келген досын әбден сыйлап күтеді. Киіндіріп, тойындырды. Жігіт досының үйінде біраз уақыт болады. Қайтатын мезгіл жеткенде:

— Алыс жерден арып-талып келген екенсің. Не бұйымтайың бар, достым? – дейді көк құс.

— Мен сенен мал да, жан да сұрамаймын. Тек қана үлкен сандығыңның ішіндегі кішкене көк қобдишаңды берсең болды, – дейді.

— Менің көк қобдишамның барын қайдан білдің, біреу айтты ма?

— Жоқ, ешкім айтқан жоқ. Өзім білдім, – деп, жол-жөнекей кездескен жолаушы туралы айтпайды.

— Қимас досым едің, берейін. Бірақ, қобдишаны үйіңе жеткенше ашпа.

— Жақсы, – деп, көк қобдишаны қолтығына қысып, жігіт еліне қайтады.

Бірнеше күн жол жүргеннен кейін шыдамы таусылған ол:

— Бұл қобдишаның ішінде не бар екен? – деп ашып көреді. Сол кезде ішінен пыр етіп екі кептер ұшып кетеді. Жігіт ізінен қуып жүріп, біреуін ұстап алады. Енді екіншісін ұстай бергенде, алдынан көкжал арлан бөрі шыға келіп, жігітті басып озады да шап беріп кептерді ұстап алады. Сонда жігіт бөріге жалынып:

— Досымнан сұрап алып келе жатыр едім. Кептерімді өзіме қайтарып бер, – дейді.

— Кептеріңді өзіңе қайтарып берер болсам, бір жылдан кейін өзіңді жеймін, – дейді бөрі айбаттанып.

— Өзімді жесең де досымнан алған кептерімді жеме, қайырып бер, – дейді жігіт.

— Жақсы, уәдеңде тұр! Бір жылдан кейін ораламын, – дейді де бөрі кептерді қайтарып беріп, жөніне кетеді.

Жігіт кептерді қобдишаға салып, бірнеше күн жол жүреді. Үйіне келіп, сандықты ашады. Екі кептер екі жаққа ұшып барып, үйдің екі есігіне қонады. Сәлден соң үйдің іші құлпырып, өзінен-өзі неше түрлі тағамдар пайда болады. Осы күннен бастап жігіт байи бастайды.

Күн артынан күн, ай артынан ай өтеді. Баяғы бөрінің келетін уақыты жетеді.

— Бүгін келіп жейді ғой, – деп, жігіт қорқып жатқан кезінде, біреу келіп, екі иығынан көтере аспанға алып ұшады.

Біраздан соң тарс етіп атылған мылтықтың дауысы естіледі. Қатты қорқып қалған жігіт сөйлей алмай, тілі күрмеліп қалады. Бір уақытта есін жиып, өз-өзіне келген ол көзін ашып қараса, қарсы алдында баяғы көк құс отыр екен.

— Досым бола тұрып, мені неге мұнша қорқыттың? – дейді жігіт көк құсқа.

Сонда құс:

— Достым, мені дұрыс түсінбедің. Мен сені қорқытқан жоқпын, достық жасадым, – деп әңгімесін бастайды. — Өткенде кездескен көкжал бөрі сиқыршы ағам еді. Баяғыда менің қанат, құйрығымды жұлып, елсіз жерге тастап кеткен де сол болатын. Сол кезде сен мені тауып алдың. Он бес күн бағып, күшіме келтірдің. Қанат, құйрығымды жетілдірдің. Достық көмек көрсеттің. Мен де саған достығымды білдіріп, ешкімге бермей жүрген қобдишамды бердім. Бірақ, әзәзіл ағам арамызға қыстырылды. Ол өмір бойы мені күндеп келеді. Жолын тауып маған жаманшылық жасайды да жүреді. Менің саған сол қобдишамды бергенімді біліп қойып, кептердің ең болмаса біреуін алып қалмақ болған. Ал, ол ғажайып кептерлер бір-бірінсіз күшінен айырылар еді.

Сонан соң ол екеуіміздің жақын достығымызды сезіп, сені өлтірмек болды. Осы ойын біліп, мен сені құтқарып қалуға асықтым. Орманда аң аулап жүрген аңшыларды іздеп тауып, ағамның ізіне салдым. Бірақ, олардың дер кезінде үлгермейтінін сезіп, енді жалмайын деп тұрған жерінен ұшып келіп, сені аспанға ала ұшқаным - сол. Егер осы кезде қатты шошытып алсам, кешіре гөр, – дейді сөзін аяқтап.

— Жоқ, о не дегенің? Қайта, мен саған үлкен алғысымды айтпақпын. Сен болмағанда, менің өмірім әлдеқалай болар еді. Осындай жақын дос тапқаныма өте қуаныштымын, – деп алғысын білдіреді. — Достым, енді ағаңмен не болғанын айта қойшы? – деп сұрайды.

— Мен сені аспанға көтеріп кеткен кезде, аңшылар да келіп жетіп, оны ұстап алып кетті. Енді маған ешқашан да жаманшылық жасай қоймас, — деп көк құс жауап береді.

Осы күннен бастап екі дос бақытты ғұмыр кешіпті. Көмек керек күн туа қалса, бір-бірінің қасынан табылады екен.

Олардың достығын жұрт балаларына өнеге етіп айтып отыратын болыпты.



Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Ертегілер жинағы, ертегі Достық туралы ертеги казакша сказка на казахском, сказки Достық для детей на казахском языке, балаларга Достық арналган кызыкты ертегилер, 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер, ертегилер Достық казакша оку, Достық, ертегі Достық туралы ертеги казакша сказка на казахском сказки Достық для детей на казахском языке балаларга Достық арналган кызыкты ертегилер 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер ертегилер Достық казакша оку Достық, Ертегі: Достық ертегі оқу Қазақша Ертегілер жинағы Қазақша Ертегі казакша ертегилер казакша ертеги сказки на казахском языке сказки на казахском языке онлайн